• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Құқық 14 Желтоқсан, 2023

Қитұрқы қаржы пирамидалары

145 рет
көрсетілді

Оңай табыс тауып, олжаға кенелгісі келетіндер неше түрлі алаяқтардың құрбаны болып, маңдай тер, табан ақымен тапқан пұлдарынан айырылып қалып жүр. Ең сорақысы, алаяқтардың әшкереленіп жатқанына қарамастан қылмыстың бұл түрі азаюдың орнына көбейіп келеді.

Алаяқтар кейбір белгілі адамдардың бейнесін монитордан көрсетіп, ауыздарын жыбырлатып қояды да өздері немесе жасанды интеллект солар болып сөйлеп, кейде тіпті дауыстарын да келтіріп, «қаржылық керемет жо­баға қатыссаңдар, ақшаға қарық бола­сыңдар» дегенді жарнамалап жатады. Қазір халық даналығына құлақ аспайтын ұрпақ өсіп келеді. Егер халық да­на­лығына құлақ асқандар болса, «бұл не деген батпан құйрық, тектен тегін жатқан құйрық» дегенді еске алып, оңай олжаның тегін болмасын түсінер еді.

Президент мемлекеттің экономи­калық қауіпсіздігіне қауіп төндіретін, халықтың әл-ауқатына нұқсан келті­ретін қаржы пирамидаларын жою мін­детін қойды. Қаржы мониторингі агенттігі алаяқтарды анықтау, жолын кесу және алдын алу бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізіп келеді. Агенттік таратқан ресми дерекке сүйенсек, 2022 жылы пирамидалардың саны 7-ден 29-ға дейін өскен, ал адамдар керемет табыс ұсынатын және өз жинақтарын жаңа схемаларға салатын алаяқтарға сенуді әлі де жалғастырып келеді. Қазір еліміздегі қаржы пирамидаларының құрбандары негізінен 31-ден 60 жасқа дейінгі халық болып отыр. Бұлардың 74 пайызының жұмысы бар, ал 62 пайызы жоғары білімді.

Қаржы пирамидаларының белгі­ле­рі бар 6,5 мың сайт пен шот анықта­лып, биыл олардың 4 мыңнан аста­мы бұғатталған. Салыстыру үшін айтар бол­сақ, 2020 жылы тек 600-ге жуық сайт пен есептік жазба бұғатталған еді.

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті Тергеу басқармасы­ның басшысы Ержан Өмірбековтің айтуынша, қазіргі таңда өңірде қолға алынған «Тоқта, пирамида!» шарасы аясында халықтың қаржылық сауатын арттыру үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстары мен сабақтар белсенді жүр­гізіліп келеді. Алайда өкінішке қарай күмәнді операцияларға ақша сала­тын азаматтардың саны жылдан-жылға артып келеді. «Мысалы, биыл департамент «Hermes Ltd» пирамидасының құрылымдық бөлімшесіне қатысты қылмыстық істі аяқтап, сот үкім шы­ғарды. Бұл пирамидаға 15 салымшы тар­тылып, олар 15 млн 600 мың тең­ге қаражатын салған. Сондай-ақ «Chia Tai-Tianqing Pharmaceutical» қар­жы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. 2023 жылғы қаңтар мен сәуір аралығында облыс аумағында «Сhia Tai-Tianqing» инвестициялық компаниясының ұйымдастырушыла­ры әлеуметтік желілер арқылы аза­мат­тардың қаражатын заңсыз тарт­­қан. Тергеп-тексеру барысында облыс аумағында пирамида 27 қатысушыны алдап-сулап, олардың 22 млн 700 мың теңгеден астам ақшасын қолдарына түсірген.

Сондай-ақ «Qnet» қаржы пирами­да­сының өңірлік бөлімшесі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Қыл­мыстық істің қатысушылары Малай­зияда тіркелген «Qnet» халықаралық компаниясы өнімдерінің интернет-сау­дасы аясында әрекет еткен. Өздеріне тіркелу үшін олар азаматтардан 600-ден 800 мыңға дейін ақша тартып отыр­ған. Сосын оларды «Компанияның тәуел­сіз тіркелушісі» деп тіркеп, Малайзия­­ға сая­хат жасайтын карта беріп жарыл­қаған. Онымен қоймай кеңсені жал­дау­ға 40 мың теңгеден төлеуді талап еткен. Қазір осы алаяқтарға алданған 73 адам белгілі болып отыр. Олар өздерінің 82 млн теңгесінен айырылған.

Алаяқтар көбіне өз қызметін инвес­тициялық кәсіпорын ретінде көрсетеді. Соның ішінде «ІТ компания», «интернет-компания», «инновациялық жоба» деген сияқты тартымды атаулар­ды қолданады. Алдаудың тағы бір құйтұрқы әдісі – салымшыларға «кіріс компаниялардың» акциялары мен облигацияларын сатып алуды ұсыну. Тіпті құрылысқа, криптовалютаға ақша салынатынын жеткізеді. Іс жүзінде алаяқ­тар ешқандай экономикалық қызмет жүр­гізбейді, ал төлемдер негізінен жаңадан тартылған қатысушылардың қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Ал түпкі қорытындысында пайданы тек қаржы пирамидаларындағы қылмыстық схемаларды ұйымдастырушылардан басқа ешкім көрмейді.

Шараларды қабылдау уақтылы ­мақ­са­тында Қаржы мониторингі ­агент­тігі Telegram мессенджерінде «@baiq­apiramidabot» ботын әзірледі. Бұл ақ­парат көзі отандастарымыз­ға қар­­­жы пирамидаларына тарта­тын алаяқ­­тардың әрекеттерінен өздерін қор­ғау­ға көмектеседі. Енді азаматтар сайт­тар мен әлеуметтік желілерде жы­мыс­қы компаниялардың дерегін өз бе­тін­ше ­тексере алады. Ол үшін «қыз­мет көрсетпек болған» компания сай­ты­ның сілтемесін Инстаграмның бе­тіне, ­«ВКон­такте» тобы­на немесе Телеграм-ка­налға салса жет­кілікті. Олар бұл ком­па­нияның қар­жылық пирамида екенін көрсетіп, дереу хабарлама береді.

Сонымен қатар Қазақстан заңна­масында қаржы пирамидаларын жарнамалау және олардың қызметін жүзе­ге асыруға қылмыстық жауаптылық көз­делгенін айта кету керек. Құқықтық сауатты арттыруға бағытталған осындай бастамаларды әрбір азамат білуі керек. Әйтпесе аз ақша аз уақытта мол ақшаға айналады дегенге елеңдеушілер көбейіп барады.

 

Солтүстік Қазақстан облысы