Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты биылғы Жолдауында орта кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне айрықша тоқталып өтті. Соңғы жылдары қабылданған шаралардың арқасында шағын және ірі бизнес тұрақты дами бастаған. Десе де орта кәсіпкерліктің даму қарқыны әлі де болса бәсеңдеу.
Президент: «Ең алдымен, орта бизнестің дамуын тежеп тұрған кедергілерді жою қажет. Орта кәсіпкерліктің басым бөлігі әбден дамыған кезде бөлшектеніп кетеді. Өйткені оларға шағын бизнес деңгейінде қалған әлдеқайда «қолайлы». Үкімет шағын бизнесті өзара бірігіп, ірі кәсіп иелері болуға ынталандыру үшін заңға өзгерістер енгізуі керек. Еліміздің нарығында белсенді жұмыс істеп жатқан табысты орта кәсіпорындар көп емес. Оларға қолдау көрсету қажет. Мұндай кәсіпорындардың әрқайсысына қатысты нақты жоспар әзірлеу керек. Сол арқылы олардың өндіріс қабілетін арттырып, өнім көлемін екі-үш есе көбейту шарт», деген еді.
Бәсекелестік дамымаса, бизнес те өркендемейтіндігін ескерсек, бүгінгі күні негізгі салалар бойынша бірнеше ірі кәсіпорын басымдыққа ие болып отырғанымен нарықтағы шынайы ахуалды көрсете алмай келеді.
Сондықтан сауда-саттыққа қатысты озық тәсілдер еліміздің өнім өндірушілеріне толық қолжетімділікті қамтамасыз етуі қажет және сол маңызды болып тұр.
Ал осы орайдан келгенде, еліміздегі шағын және орта кәсіпкерліктің жедел әрі тұрақты дамуына ықпал етілсе, экономикалық өсім ұлғайып, халықтың өмір сүру сапасы артып, ұлттық экономикамыз нығаяр еді.
Таяуда ұсынылған Ұлттық статистика бюросының мәліметіне қарағанда, елімізде 2,2 миллион шағын және орта бизнес субъектісі (ШОБ) бар екен. Оның ішінде ең көп үлес көтерме және бөлшек саудаға, автокөліктер мен мотоциклдерді жөндеуге (35,9%), қызметтердің басқа түрлерін көрсетуге (15,4%), сонымен қатар ауыл, орман және балық шаруашылығына (14,4%) тиесілі. Бұл ретте жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны бір жылда 20,2%-ға өсіп, 2 миллионнан астам бірлікті құраған.
Осылайша, еліміздегі кәсіпкерліктің белсенділік деңгейі – 91%. Кейінгі жылдары шағын және орта бизнесті дамытудың негізгі драйверінің бірі – цифрландыру ісінің артуына мамандар ШОБ субъектілерінің интернет желісін жиі қолданатын ұйымдармен тікелей әріптес болуымен де байланыстырады. Бір жыл ішіндегі 16,3% өсім цифрландырудың маңыздылығын көрсетіп отыр. Бұған елдегі банктер кәсіпкерлерге электрондық қызметтер арқылы біраз мүмкіндік бергенін де қосуға болады. Соның арқасында шаруалардың жұмысын айтарлықтай жеңілдетті. Екінші деңгейлі банктердің цифрлық қызметтері танымалдық танытқаны сонша, ірі банктер де жеке қызметтер мен мобильді қосымшаларды жүктеп жүзеге асыруда.
Ұлттық экономика министрлігінің деректеріне қарағанда, өткен жылы ел экономикасындағы ШОБ үлесі – 33 пайыз, жұмыспен қамту 44 пайызды құраған.
«Әрине, көрсеткіштер өте перспективалы, дегенмен 2050 жылға қарай ШОБ үлесі еліміздегі ІЖӨ-нің 50%-ына дейін артуын көздейді. Қазір бұл көрсеткіш басқа дамушы елдермен салыстырғанда әлі де жеткіліксіз. Экономикадағы оның үлесі 45%-дан 70%-ға дейінгі аралықта ауытқып тұр. Мұндағы басты мәселенің бірі инфляция, валюта бағамының әлсіреуі мен несие мөлшерлемесінің көтерілуі аталған бизнес түріне қаржылай жетіспеушілік туғызып, оның үстіне мемлекеттің араласуы да ықпал етіп отырғаны бар», дейді Қазақстандағы «KPMG Caucasus and Central Asia» халықаралық фирмалар желісінің басқарушы серіктесі Сәкен Жұмашев.
Соңғы бес жылда шағын және орта бизнесті несиелендірудегі өсімнің ұлғайғаны, бұл негізінен мемлекеттік бағдарламалар мен бюджеттік субсидиялардың есебінен болып тұр. Қалай айтсақ та бизнес үшін капиталға қолжетімділіктің шектелуі, біздегі экономиканың жоғары деңгейдегі құбылмалдығы, инфляцияның өсуі, импорттың артуы мен жоғары базалық мөлшерлемеге қатысты. Мұның бәрі қаржыға қолбайлау екендігі рас. ШОБ жоғары пайызбен несие алғысы келмейді. Өйткені оларға «қымбат және қысқа мерзімді» ақша емес, «арзан және ұзақ мерзімдегі» ақша керек. Нарықтағы қаржылық деректердің көпшілігін ірі және орта бизнес ұсынса, ал шағын және микрокәсіпорындар өз есептерін жариялауға құлқысыз.Қазақстандағы KPMG – аудиторлық, салықтық және кеңес беру қызметін ұсынатын халықаралық фирмалар желісінің жүргізген сауалнамасында, кәсіпкерлер көбінесе бизнестің өз санын жария етуді қаламайтындығын білдірген.
Шағын және орта бизнесті дамыту үшін оларға қолайлы жағдай жасау, инфляциямен күресу, бизнестегі қатысуын азайту – мемлекеттің жұмысы болғанымен, кәсіпкерлерге бизнесті басқару, деректерді талдау, үдерістерді автоматтандырудың цифрлық технологияларын енгізу, интернет-дүкендер мен әлеуметтік желілер арқылы онлайн қатысу кеңістігін кеңейту, сату көлемін арттыруда электрондық-коммерциялық платформаны пайдаланып, тауарлар мен қызметтерді экспорттау мүмкіндіктерін белсенді түрде жүргізуі керек.
«Қазақстан 2050» стратегиясында көрсетілгендей шағын және орта бизнесті дамытуға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін кәсіпкерлікті қолдаудың көптеген мемлекеттік бағдарламалары бар. Олардың ішінде кейбіреулері іс жүзінде бизнесті дамыту жолында белгілі бір табысқа жетуіне септігін тигізсе, ал басқалары тиімсіздеу болып тұр.
Дегенмен ШОБ-ты дамыту жөніндегі мемлекеттік экономикалық саясатта орын алып отырған кемшіліктерді де назардан тыс қалдыруға болмайтындығын ескерген жөн.
«Мемлекет тарапынан көбіне ШОБ-ты қолдаудың дайын шешімдерін қамтамасыз еткенімен, «қармақ бергеннің орнына балық бергендей» олардың даму жоспарын кейінге қалдырып жатады. Сол үшін біріншіден, инфляция деңгейі мен базалық мөлшерлеме төмендеуге тиіс. Сонда қаржыландыру жағы қолжетімді болар еді. Бұдан өзге, қаржыландырудың баламалы құралдарына жататын қор нарығы мен осы бизнес үшін жеке капитал нарығын әзірлеуді қажет етеді. Бұл ретте мемлекет бизнесті қорғауды, тиімді сот тәжірибесі мен салық салу, әкімшілік-құқықтық реттеуге қатысты дәйекті саясатпен қамтамасыз ету бағытында жұмыс істеуі шарт. Қалай дегенмен де 2050 жылға қарай ел экономикасындағы үлесті 50%-ға жеткізуіміз керекпіз. Оған қолбайлау болмай, ең алдымен іргелі проблемалардың ішінде экономиканың шикізатқа деген жоғары тәуелділігімен, инфляция мен базалық мөлшерлеменің өсуімен күресуіміз керек. Аталған мәселелерді шешпейінше, ШОБ дамытудың оптимистік сценарийі туралы айту қиын. Мемлекет ШОБ-ты дамытуға белсенді түрде күш салып отырғандығы, шағын және орта бизнестің жыл сайынғы өсуінен байқалады.
Қазір ШОБ үшін бетбұрыс кезеңі келді. Бұл сала шын мәнінде дамудың жаңа векторына енуге мүмкіндігі бар. Алайда оған жету жолында ең маңызды ерекшелігінің бірі қаржыландыру мөлшерлемесінің аздығы. Аталған саланы одан әрі дамытып, табысты өркендеуіне кедергі болуы ағымдағы қаржыландырудың жеткіліксіздігінен тұрған жайт. Жеке инвестицияларды тартудың перспективалы мүмкіндіктері бар екеніне назар аударып, ШОБ өкілдері өз қызметінде ашықтық қағидаттарына белсендірек танытуға тиіс. Ал Үкімет шағын және орта бизнесті қаржыландыру үшін банк секторын ынталандыру қажет», дейді С.Жұмашев.