Өңірлерде шығарылған отандық өнімдерді пайдалана отырып, мектептегі тамақтануға ұлттық тағамдарды енгізу – балалар денсаулығын сақтаудағы маңызды қадамның бірі. Осы мақсатта Оқу-ағарту министрлігі Ұлттық салауатты тамақтану орталығымен бірлесіп, Астананың алты мектебінде «Ұлттық мектеп асханасы» қанатқақты жобасын жүзеге асырып келеді.
– Әрбір білім ошағы «саламатты өмір салтын ұстанатын мектепке» айналуға тиіс. Мектептің кез келген қызметі сауықтыру-педагогикалық бағытта болады. «Ұлттық мектеп асханасы» жобасы ұлттық тағам мәдениетін қалыптастыруға және мектептің ас мәзіріне 50 ұлттық тағамды енгізуге мүмкіндік береді. Бұл көпғасырлық дәстүр бойынша жасалған мәзір, ежелден келе жатқан тәжірибенің нәтижесі, – деді Бішкекте «Мектептегі тамақтану – жалпы дамудың бағыты» тақырыбында өткен бірінші халықаралық форумға қатысқан Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева.
Биыл қыркүйек айынан бері 1,6 миллионнан астам бала тегін ыстық тамақпен қамтылған еді. Оның ішінде 1,4 миллион бала – 1-4-сынып оқушылары және 200 мыңнан астамы – әлеуметтік осал топ санатындағы 5-11-сынып оқушылары. Тағамның сапалы болуын қадағалаған министрлік білім беру ұйымдарындағы балалардың тамақтану нормаларын қайта қарады. Дәлірек айтсақ, ас мәзіріне өңірлерде өндірілген отандық өнімдерді енгізу нормасы қосылды. Бракеражды комиссиялардың және ведомствоаралық сарапшылық топтардың мүшелеріне арналған мониторингтік топтар қызметінің тәртібі туралы заңнамалық нормалар бекітілді.
Тек тағамның сапасы емес, тамақтану мәдениетін қалыптастыруға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Мысалы, санитарлық тазалық пен гигиенаны сақтау, дұрыс тамақтануды насихаттауға көңіл бөлініп жүр. Білім беру ұйымына жеткен барлық өнімнің санитарлық дәрігерлерден қорытындысы болуы шарт. Ал тамақты бракеражды комиссиялар бақылайды. Олардың қатарында ата-аналар, қамқоршылық кеңес мүшелері, сонымен қатар мектеп әкімшілігі мен медицина қызметкерлері бар.