• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Құқық 13 Желтоқсан, 2023

Ұлттық міндеттеме бестігі

135 рет
көрсетілді

Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова бастаған Қазақстан делегациясы Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 75 жылдығына арналған Жоғары деңгейдегі іс-шараға қатысты. 10-13 желтоқсан аралығында Женевада өткен жиын – БҰҰ-ның осы жылғы айтулы оқиғасы.

Бағдарлама бойынша Қазақстан тарапы БҰҰ-ның екі күндік отырысына қатысып, форум аясында жекелеген шаралар мен екіжақты кездесулер ұйымдастырды. Іс-шараның алғашқы күні Э.Әзімова БҰҰ-да Мемлекет басшысының 2022 жылғы адам құқықтары саласындағы реформаларына негізделген Қазақстанның ұлттық міндеттемелерін ұсынды. Осы орайда еліміз бес міндеттемеге баса назар аударып отыр. Олар – Бала құқықтары туралы конвенция­ға Факультативтік хаттаманы ратификациялау арқылы балалар­дың құқықтарын қорғау тетіктерін кеңейту мәселелері; әйелдердің, балалардың және басқа да осал топтағы адамдар­дың құқықтарына баса назар аудара отырып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдама­сын жүзе­ге асыруды жалғастыру; цифр­ландыруды ілгерілетуге және қазіргі заманғы технологияларға қол жеткізу үшін қолайсыз жағдайларды азайту және азаматтық қоғамның рөлі мен қаты­суын арттыру.

Сондай-ақ ұлттық міндеттеме­лер­дің алдыңғы қатарында БҰҰ-ның Жо­ғарғы комиссары басқармасы бекіт­­кен адам құқықтарын қорғау көр­сет­­­кіш­терінің Тұрақты даму мақ­сат­­­­тары­­мен қоса ұлттық іс-қи­мыл жос­­­пар­­ларға интеграцияла­нуын қам­­та­ма­­сыз ету мәселесі тұр. Өз сөзін­де Э.Әзімова Қазақстан әрбір азамат­тың тең мүм­кін­діктері, құқық­тары және қорғалу мүм­кіндігі болатын инк­люзивті, қауіпсіз, әділ жаһан­дық қоғам құру шараларын жалғастыратынын атап өтті.

Сонымен қатар қазақстандық делегация басшысы форум аясында өткен «Қазақстанның адам құқық­тарының жалпыға бірдей декларациясы бойынша міндеттемелері: имплементация және шындық» атты еліміздің құқық қор­ғаушы үкімет­тік емес ұйым­дар­дың арнайы іс-шара­сын­да сөз сөй­леді. Жиында Э.Әзімова адам құқық­тарын қорғау саласын­дағы халық­ара­лық міндеттемелерді имплемен­та­ция­лау бойынша мемлекет атқар­ған жұмысты, оның өзегі болып әрқа­шан Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы қала беретінін атап өтті. Конституциялық сот төраға­сы халықаралық са­рапшыларды Мем­лекет басшысы ұсынған шара­лар­дың үш пакетінің іске асырылу барысы, сондай-ақ Халықаралық адам құқықтары күні қарсаңында Президент Жарлығымен қабылданған Адам құқықтары саласындағы іс-қимыл жоспары туралы хабардар етті.

Сондай-ақ форум аясында Э.Әзі­мова Еуропалық Одақ делега­циясы­ның басшысы – Адам құқықтары жөнін­дегі арнайы өкіл И.Гилмор және Адам құ­қықтары жөніндегі Жоғарғы комиссар басқармасы келісімшарт органдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы К.Фокспен кездесті.