Телевизияда өзекті әлеуметтік мәселелерді көтеріп, елдің жүрегінде қалған журналист Бейсен Құранбектің еңбегі ұмытылмайды. Жыл сайын Жетісу жері аяулы перзентін еске алып, түрлі іс-шара ұйымдастырып келеді. Соның бірі – шағын футболдан БАҚ өкілдері арасындағы республикалық турнир. Биыл үшінші рет өткен доп додасы жылдағыдай тартысты болды.
Еліміздің түкпір-түкпірінен келген журналистика саласының жас толқыны мен аға буыны Талдықорған төрінде бас қосты. Облыс әкімдігінің қолдауымен өткен аладоп сайысына Бейсен Құранбектің отбасы, ағайын-туысы, дос-жараны тегіс жиналды. Дәстүрлі түрде 9 желтоқсан туған күні қарсаңында өтетін шағын футбол бәсекесіне әр облыстан келген 8 команда қатысты.
«Бейсен аға тірі болғанда 52 жасқа толатын еді. Ол кісі дүние салғаннан кейін еске алу мақсатында осындай іс-шараны бастадық. Жыл сайын турнирдің деңгейі өсіп келеді. Ойыншылардың да деңгейі жақсарып жатыр. Футзалға қазақ журналистері төселіп қалды деп айтсақ болады», дейді турнирді ұйымдастырушы Есболат Айдабосын.
Осы жарысқа әкімдіктен бөлек, «Жетісу» телеарнасы, «Жетісу» газеті, Respublica партиясы, Janr әдеби клубы қолдау көрсеткен. Екі күн бойы Талдықорғандағы Сүйінбай атындағы жастар спорт сарайында жүлделі орындарды сарапқа салған командалар арасынан «Qaz365.kz» командасы суырылып алға шығып, бірінші орынды иеленді.
Екінші орын талдықорғандық «Қарекет» командасына бұйырса, үшінші орынды «Алматы-Сәнік» командасы қанжығаға байлады. Ал төртінші орын «J-19» командасына бұйырды.
Турнирде үздік өнер көрсеткен жекелеген ойыншылар да марапатталды. Атап айтсақ, журналист Нұртілеу Иманғалиұлы атындағы арнайы жүлде Арай Есенбекке, ал Сайын Тұрсынов атындағы арнайы жүлде Жандос Айтбайұлына табысталды.
Жетісу облысы