Шайбалы хоккейден Будапешттегі әлем біріншілігінің алғашқы екі матчында Мажарстан мен Данияны жеңген Қазақстанның жастар құрамасы бұл жолы да өз жанкүйерлерін қуантты.
Екі турдың қорытындысы бойынша Франция мен Қазақстан ұпайдан шашау шығармай, жарыс кестесінің алдыңғы легінде қатар келе жатты. Сәрсенбіде бәрі де өзгерді. Басынан аяғына дейін алма-кезек шабуылымен өткен бәсекеде француздарға қарағанда біздің жігіттер алымды әрі қарымды көрінді. 10-минутта Дәулет Нүркенов есеп ашса, ойын бел ортадан ауғанда Егор Смолянинов екінші шайбаны қақпаға тоғытты. Үшінші кезеңде Нұркенов дубль авторы атанса, Александр Ким матчтың соңғы нүктесін қойды. Есеп – 4:0.
Осы жеңістен кейін ұпай санын тоғызға жеткізген хоккейшілеріміз жарыс кестесінде жеке-дара көш бастады. Кеше түнде жерлестеріміз Жапониямен күш сынасса, 17 желтоқсанда Аустриямен шеберлік байқасады.