Сыбайлас жемқорлық тек құқық бұзушылық қана емес, ол – мемлекет беделіне деген халықтың сеніміне селкеу түсіретін және ұлттық қауіпсіздікке тікелей қауіп төндіретін жағымсыз әлеуметтік құбылыс. Жемқорлық жойылмай, ешбір ел табысты дами алмайды. Сол себепті әлемнің барлық мемлекеттері жұлынқұрт секілді бұл қоғамдық індетке қатты алаңдаушылық білдіріп отыр.
Тәуелсіз Қазақстан өзінің стратегиялық дамуының негізгі басымдықтарының бірі ретінде ынсапсыз алаяқтарды аластап, қоғамды жат тоғышар әдеттен тазарту міндетін қарастырып келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Сыбайлас жемқорлықтың себебі мен шарттарын жоймай онымен күресу, бұл – жел диірменмен алысу. Халық әлдебір шенеуніктің немесе басшының жай жауапкершілікке тартылғанын көріп қана қоймай, ол жұмыс істеген мемлекеттік мекемеде енді мұндай жағдайдың қайталанбайтынын дәлелдейтін түбегейлі өзгерістердің орын алғанына куә болуы керек», – деп атап көрсетті.
Сыбайлас жемқорлық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсер етіп, әлеуметтік-экономикалық даму үдерісін баяулатады, сайып келгенде, елдің даму болашағына үлкен қауіп төндіреді.
Көк байрағымыз күн сөнгенше желбіресін десек, ата-бабамыздың сан ғасырлар бойы арман еткен асыл мұратын мансұқтауға, қызыл қаны мен қара тері қатар сіңген аманатын аяқасты қылуға жол беруге болмайды. Адалдық дәстүрін ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыру қажет. Мұны киелі Атырау жұртшылығы жақсы түсінеді. Ең бірінші кезекте, мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының негізгі бағыттарын жүзеге асыру бағытында сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жою, оны туындататын себептер мен жағдайларды болдырмау және деңгейін төмендетуге көмектесетін іс-шаралар кешені жасақталды.
Облыс бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмыстары 2021 жылы Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы аясында жүзеге асырылып келген еді. Мемлекет басшысының 2022 жылғы 2 ақпандағы Жарлығымен Стратегияның күші жойылып, Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған Тұжырымдамасы бекітілді. Сөйтіп, 2022 жылдан бастап Жобалық басқарудың үлгілік базалық бағытының «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қарсы іс-қимыл» төртінші блогі бойынша жобалар картасы және әртүрлі нысаналы топтар деңгейінде декомпозицияланған ақпараттық жұмыс жүргізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бүгін таңда осы құжат негізінде жүзеге асырылуда.
Бұдан бөлек, өткен жылдың 23 қарашасында «Аmanat» партиясының облыстық филиалымен бірлесе отырып, өңір бойынша мемлекеттік басқарудағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын жетілдіру бағытындағы 2022-2023 жылдарға арналған жоспарды бекіттік.
Басты мақсат – қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және мейлінше алдын алу.
Мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі мемлекет беделіне нұқсан келтіретін зұлымдықпен ымырасыз күресу болып табылады. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, бұл дерттің одан әрі асқынбауы үшін оған бөгет болудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана тиімді түрде түбегейлі қарсы тұруға болады.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» демекші, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және онымен пәрменді күресу жолында, сөз жоқ, тұрғындар арасында ақпараттық-құқықтық түсіндіру, жалпы құқықтық сауаттылықты арттыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу маңызды рөл атқарады. Әрбір азамат өзінің құқықтарын меңгеріп қана қоймай, өзіне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда нақты не істеу керектігін толық білуі қажет. Бұл орайда белгілі бір нәтижеге қол жеткізуде ағартушылық, білім беру, тәрбие жұмыстарымен бірге, жаңа орта қалыптастыру да өз үлесін қоса алады.
Әсіресе жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыздық көзқарасты қалыптастыру бойынша кешенді іс-шаралар жоспары жүзеге асып жатыр.
Жағдайды мейлінше ашып көрсету үшін ара-арасында нақты деректерге де жүгіне кеткен дұрыс секілді. Мысалы, бір ғана 2021-2023 жылдары сыбайлас жемқорлық қылмыстарын алдын алу бойынша барлығы 3 552 іс-шара өтті.
Облыста жалпы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс сомасының кемінде бес пайызын сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелеріне бөлу мәселесі жыл сайын оң шешімін тауып отыр. 2021 жылы 3 жоба жүзеге асырылса, былтыр 2 жоба, биыл 9 жоба іске қосылды.
Облыстағы іс-шаралар Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті, Атырау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті, Әділет департаменті, «Аmanat» партиясы Атырау облыстық филиалы, «Атамекен», үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары, қоғам белсенділерімен бірлесіп атқарылуда.
Атырау облысы, қала және аудандар әкімдіктеріне бағынысты мемлекеттік органдарда және оларға қарасты ұйымдарда сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне 2021 жылы барлығы 169, 2022 жылы – 172, ағымдағы жылы – 118 ішкі талдау жүргізілді, көрсетілген мерзім ішінде 419 тәуекелдің 396-ы жойылды, 23 тәуекел жою бойынша шаралар қабылдануда.
Атырау облыстық, қалалық, аудандық әкімдіктері жанында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі өңірлік комиссиясы консультативтік-кеңесші органдары жұмыс жасайды. Тек биылдың өзінде 27 отырыста 62 мәселе қарап, 117 ұсыным берсе, оның 77-сі орындалып, 40-ы орындалу үстінде.
«АнтикорЛайф», «АдалКөмек», «Адалдық алаңы», «Халық заңгері», «Адалдық сағаты», «Адал ұрпақ», «Саналы ұрпақ», «Адалдық дүкені», «Парасат жолы» жобалары сәтті іске асырылып жатыр.
Жоғарыда айтқанымыздай, әлемді әбігерге салған бұл індетпен күресте құқықтық сауаттылықты арттыру мейлінше оң әсерін тигізеді. Өйткені жағдайдан хабардар, сауатты адам өз құқығын ешкімге таптатпайды. Әрі заң үстемдігін сыйлайтын, қолданыстағы заңнама баптарымен етене таныс тұрғындар өз мәселесін, әуелгі кезекте, құқықтық шеңберде шешуге мүдделі болады. Мұндайда азаматтар жең ұшынан жалғасудан саналы түрде бас тартып, аранын ашқан жемқорлықты айналып өтуге тырысады.
Сондықтан азаматтардың құқықтық сауатын көтеру үшін заң баптарын түсіндіру мақсатында жұмыс ретін көрсету бойынша үнемі жиын, басқосулар өткізіп, бұқаралық ақпарат құралдарында танымдық материалдарды үздіксіз жариялап тұру назардан тыс қалып көрген емес.
Соның ішінде, мемлекеттік қызметшілер арасында мемлекеттік қызмет саласындағы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Заңы мен Әдеп кодексі талаптарын бұзудың алдын алу бойынша құқықтық оқыту, түсіндірме жұмыстары үнемі өткізіліп тұрады.
Облыс көлемінде 148 мемлекеттік қызметкер сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптар бойынша біліктілік арттыру оқуларынан өтті.
Жемқорлық факторларды азайтып, сыбайластық қатерлерді болдырмауда жұмыстың ашықтығы ерекше маңызды. Жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын, заңды мүдделерін іске асыру және қорғау мақсатында лауазымды тұлғалар (әкім, оның орынбасары, басқармалар, бөлімдер басшылығының) азаматтарды жеке қабылдау жүргізеді. Қабылдау кестесі бұқаралық ақпарат құралдарында және облыс әкімдігінің ресми интернет-ресурсында алдын ала жарияланады.
Қоғамда жемқорлықты рухани этикалық деңгейде қабылдамау ахуалын қалыптастыруда үгіт-насихат жұмыстарымен бірге, жаңа технологиялар да қызмет жасайды.
Осы орайда облыс, қала және аудандарда, ауылдық округтерде сервистік әкімдіктер қызмет етуде. Сонымен қатар мемлекеттік органдар мен кәсіпорындар фронт-офис және «OpenSpace» форматында қызмет атқарады.
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында цифрлы форматқа көшіру және мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімдерін қысқарту мақсатында Электронды қызметтер мен сервистер порталы eatyrau.kz іске қосылды. Портал арқылы жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы саласындағы түрлі қызметтер көрсетіледі.
Жалпы жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік көрсетілетін қызметтерінің 91%-ы электронды нысанға көшіріліп, «электрондық үкімет» веб-порталы, Eаtyrau.kz порталы, «Е-лицензиялау», kezekte.kz, gosagro.kz, gosreestr.kz, otbasybank.kz, e-собез, enbek.kz, INDIGO, ЕАСУ, Damumed және тағы басқа ақпараттық жүйелер іске қосылды.
Кішкентай ғана бір мысал, сыбайлас жемқорлық тәуекелі жиі туындайтын мәселенің бірі – балабақшаларға жолдама беру толықтай бірыңғай автоматты электронды жүйеге ауыстырылды.
Сайып келгенде, бұл қадамдар адам факторын азайтуға жол ашады.
Тұрғындарға көрсетілетін қызмет жаңа сапалы деңгейге көтеріледі.
Бюджет қаражатының жұмсалуына қоғамдық бақылау мақсатында «Ашық бюджет» порталында облыстың жергілікті атқарушы органдарының бюджеті туралы ақпарат толық көлемде тұрақты түрде жарық көреді.
Барлық 308 квазимемлекеттік сектор субъектісі мен өңір мекемелерінде комплаенс-қызметі құрылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет бағытындағы шаралар бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде және мемлекеттік органдардың ресми интернет ресурстарында үнемі жарияланады.
Азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеті мен тұрақты иммунитетін қалыптастыру өте маңызды. Әлбетте, осы қабылданып жатқан шаралар мен атқарылып жатқан істер облыс тұрғындары үшін өмір сүруге қолайлы, адалдыққа негізделген сауатты да салауатты орта қалыптастыруға оң ықпалын тигізеді.
Жаңару мен жаңғыру жолындағы Жаңа Қазақстанның сыбайлас жемқорлықтан таза, болашағы жарқын ел болуы әрқайсысымыздың өз қолымызда екенін естен шығармауымыз керек. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күрес – баянды болашақтың жарқын кепілі. Осы бағыттағы жұмысты одан әрі пәрменді де қарқынды түрде жалғастыра беретін боламыз.
Серік Шәпкенов,
Атырау облысының әкімі