Қазақ елінің шежірелі тарихында Желтоқсан көтерілісінің алар орны ерекше. Алаңға шыққан асқақ рухты жастар озбырлық саясатқа қарсылығын бейбіт шеру арқылы білдірмек еді. Алайда бәрі басқаша өрбіді. Тіпті қазақ жастарының шеруі әлем назарын аударды. Бірақ әлі күнге дейін айтылмаған дерек аз емес.
Әр адамның өмірінде ұмытылмайтын балалық, жастық шақ секілді кезеңдер бар. Ал 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі Алматыдағы жоғары оқу орнында оқыған, жұмыс істеген жастардың жадында өшпестей із қалдырды. Мұны әлі күнге ұмытпайтын жанның бірі – Нұрым Ерғалиев. Алатау етегінде шаһар жастарымен бірге Брежнев алаңында болған ол қазір «Сарайшық» журналының әдеби редакторы. Баспасөздегі еңбегі еленіп, былтыр «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
«Сол жылы ҚазМУ-дағы журналистика факультетінің 5-курсында оқитын едік. Біздің курстағы студенттердің дені пәтер жалдап тұратын. Мен жалдаған үй «Қазақфильм» студиясы жақта орналасқан. Сабаққа түс қайта барамыз. Әдеттегідей 17 желтоқсан күні де сабаққа келдім. Бірақ факультеттен курстасым Үрлай Рысбаевадан өзге ешкімді көрмедім», дейді Нұрым Ерғалиев.
Екеуі бір-бірінен жөн сұрасқанда, Үрлай курстасы «Студенттердің бәрі алаңға кетіпті. Сен бұл туралы естіген жоқсың ба?» депті. Сол күні алаңға тек 5-курстың емес, факультеттің біраз суденті барған. Бірақ Нұрым Ерғалиев алаңда не болып жатқанынан хабарсыз болған. Сөйтіп, екеуі сұрастыра жүріп, 16 желтоқсандағы қысқа пленумда Дінмұхамед Қонаевтың қызметінен босатылғанын естіген. Республика басшылығына жергілікті халықтың тарихынан, мәдениетінен мүлдем бейхабар адам тағайындалған еді.
Бұл, әсіресе, қазақ жастары тарапынан наразылық туғызды. Алматыдағы бірнеше жоғары оқу орнының, оның ішінде ҚазМУ-дың бірнеше факультетінің студенттері қарсылық акциясына белсенділік танытты.
«Біз курстастарымызды іздеп, орталық алаңға жеткенде адамның өте көп жиналғанын көрдік. Дені – жастар. Олардың қолында «Лениндік ұлт саясаты жасасын!», «Әр ұлтты өз көсемі басқарсын!» деген плакаттар бар. Жастар Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнін шырқап тұрды. Алаңға әр тұстан келіп қосылған жастардың легі тоқтаған жоқ. Олар да «Менің Қазақстаным» әнін шырқап келді. Әлі есімде кешке таман Жансая Сәбитова деген келіншек сөйледі. «Мен алаңға қызыммен келіп едім. Қазір қызымның қайда екенін білмеймін. Адасып қалдым. Бірақ айтайын дегенім, қазақ халқы бұған дейін талай зобалаңды, аштықты да, қуғын-сүргінді де көрді. Мұның бәрі – қазақтың рухын сындырып, бас көтертпеу үшін орталықтан жасалған империалистік пиғылдың көрінісі. Неге десеңіз, 50 жыл бұрын Алаштың үркердей тобын, Тұрар Рысқұлов, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай секілді ұлтжанды зиялы қауым өкілдерін қасақана халық жауына айналдырды. Ұлт зиялыларын соттады, атып жіберді. Енді, міне, сондай жымысқы әрекетпен ел басқаратын адамды басқа жақтан әкеліп отыр. Сонда қазақтың арасынан ел басқаратын саяси сауатты, білімді адам жоқ па?» дегенін ұмытқан жоқпын», деп еске алды Н.Ерғалиев.
Оның айтуынша, қараңғы түскен мезгілде алаңда өзгеше дүрбелең басталған. Бұл кезде Алматыда жұмыс істейтін қазақ жастары да алаңға жиналған. Бұл, әрине, алаңдағы адам санын еселеп арттырған.
«Жұмысшы жастар топ-тобымен келіп, студенттерге рух бергендей әсер етті. Жоғары оқу орнына түсе алмағандықтан, құрылыс мекемелерінде ауыр жұмысты атқарып жүрген жұмысшы жастардың бәрінің пәтері жоқ. Отбасымен жатақханада тұрады. Кейбірі өзге ұлттың қуықтай бөлмесін, тіпті тауық қора секілді үйшігін жалдайды. Оның шет жағасын өзіміз де көрдік. Бұл, әрине, қазақ жастарының намысына тиетін жайт қой. Бірақ алаңға жиналған жастар жеке бастың проблемасын қозғаған жоқ. Бірінші хатшылыққа жергілікті адамның тағайындалуын талап еткен жастарды қалқанмен, резеңке сойылмен қаруланған арнайы мақсаттағы отряд тобы қоршады. Олар жастарды тарату үшін кері ығыстырады. Жастар қайтадан лек-легімен алға ұмтылады. Сол кезде қаруланған отряд жастарды ұрып-соғуды бастады. Өрт сөндіруші машиналар колоннасы келіп, суық су шашты. Мұның бәрі жастарды ашу-ызаға әбден булықтырды. Бұл – жастарды арандату үшін әдейі жасалған әрекет», дейді алаңдағы оқиғаны көзімен көрген Н.Ерғалиев.
Қазір оның қолында Қазақ КСР мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне өз қолымен жазған түсініктемесінің түпнұсқасы сақталған. Бұл – 1987 жылы 11 наурызда жазылған түсініктеме. Бірақ неге екені белгісіз комитет басшыларының, не өзге жауапты адамдардың аты-жөні көрсетілмеген. Мұны кейін жауапты болмау үшін, тергеуді кім жүргізгенін жасыру үшін әдейі солай жаздырған болуы мүмкін.
«Біз алаңға 17 желтоқсанда бардық. Сол күнгі ауа райы өте ызғарлы еді. Өңменіңнен өтер ызғырық жел соғып тұрды. Кешкісін жалдап тұратын үйге жету мүмкін болмады. Түн ортасында ҚазГУ қалашығындағы №5 жатақханаға жаяулатып әрең жеттік. Ал келесі күні – 18 желтоқсанда бізді жатақханадан шығармай тастады. Факультеттің оқытушылары кезекшілік атқарып, студенттердің жатақханадан шығуына жол бермеді. Бірнеше күннен кейін тергеу басталды», дейді Н.Ерғалиев.
Оны мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің екі қызметкері жатақхананың жертөлесінде тергеген. Бірақ тергеудің неге жертөледе жүргізілгенін әлі күнге түсіне алар емес. Жауап алу кезінде тергеушілер оның көзіне жарық шағылыстыратын шамның сәулесін түсіріп қойған.
«Тергеушілер «Алаңнан кімді көрдің? Сен ән айтады екенсің? Алаңға неге бардың?» дегенді сұрақтарды орысша қойды. Мен орысша түсінбейтінімді, қазақша жауап беретінімді айттым. Бірақ тергеушілер қағазға жазып берген жауабыма қанағаттанбай, қайта-қайта жыртып тастап отырды. Кейін мені ректоратқа шақырып, тағы да бірнеше рет жауап алды. Тергеуге одан кейін де қайта-қайта шақырды. Сөйтіп, 1987 жылдың жазына дейін, диплом алғанша тергеуге барып жүрдік. Сол кезде факультеттің оқытушылары «Бастапқыда берген жауаптарыңнан таймаңдар», деп жанашырлық танытты. Ұстаздарымыздың сол жанашырлығы болар, әйтеуір, құдай сақтап, біздің 5-курстың студенттері қатаң жазадан аман қалдық», дейді Нұрым Ерғалиев.
ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітірген кейін Алматыда көп аялдаған жоқ. Кіндік қаны тамған мұнайлы өңірге оралып, тілшілік жұмысын Балықшы аудандық «Каспий таңы» газетінен бастады. Кейін Құрманғазы аудандық газетінде, одан соң облыстық басылымда жұмыс істеді. Екі аудандық газеттің бас редакторы болды.
Нұрым қазақ жастарының бейбіт шеруін тәуелсіздікке ұмтылыстың ұшқыны деп есептейді. Шындығында бұл бодандықтың бұғауын бырт-бырт үзуге бағытталған нақты қадам екені даусыз. Бұл одақтың құрамындағы Орта Азия және Балтық жағалауындағы елдердің тұрғындарына үміт отын жағардай әсерін тигізді.
«Желтоқсан көтерілісіне қатысты әлі де айтылмай жүрген дерек көп. Мәселен, сол кезде алаңға қанша адам жиналды? Алаңда қазақ жастарына, әсіресе, қыздарға қарсы зұлымдық әрекет жасауға кім бұйрық берді? Бұл әрекет үшін кім жазаланды? Қанша адам құрбан болды? Міне, осы деректерді ашып айтатын мезгіл жеткен секілді. Тегінде Желтоқсан көтерілісі толық зерттелмей келеді. Бұл – тарихи зерттеуге сұранып тұрған тақырып. Оған қатысушылардың мәртебесі нақтыланбаған. Мемлекет тарапынан Желтоқсан көтерілісіне қатысушыларға әлеуметтік жеңілдік қарастыру, қолдау көрсетудің тиімді тетігі ойластырылуы қажет. Алматыда желтоқсаншыларға арналып қойылған ескерткіш елеусіз жерде тұр. Ескерткіш көрген адамды ауыр мұңға батырады. Өйткені ескерткіште қарулы топтың аяғының астында қоғадай жапырылып, жығылып жатқан жастар бейнеленген. Неге бұлай? Бұл ескерткіш бас көтерген адамдардың осылай тапталатыны туралы емеурінді білдіріп тұрғандай әсер береді. Жалпы, Желтоқсан көтерілісіне арналған ескерткіш шарқайрақтай ширыққан қазақ жастарының мұқалмас рухын әйгілеп тұруға тиіс деп ойлаймын», деген пікірін білдірді ол.
Атырау облысы