• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 14 Желтоқсан, 2023

Сот жариялылығы – қоғам сұранысы

157 рет
көрсетілді

Сот әкімшілігі Фридрих Эберт атындағы қормен бірлесіп, еліміздің заң, құқық, әділсот тақырыбында қалам тербеп жүрген журналистер қауымы үшін «Сот талқылауын жариялау: процестік мәселелер» атты семинар өткізді.

Семинарға қатысушылар алдында ал­ғаш болып сөз алған Фридрих Эберт атын­дағы қордың Астанадағы өкілдігінің бас­шысы Зәуреш Шутова қор қызметі, жария­лылық нормалары және әлем елдері судья­ла­ры­ның БАҚ өкілдерімен қарым-қатынас қағи­дат­та­ры­ туралы жан-жақты әңгімеледі.

Жоғарғы Соттың судьялары Елена Мак­сю­та мен Назгүл Рахметуллина, Құқықтық ме­диа орталығының өкіл­­дері Гүлмира Бір­жа­нова мен Диана Мед­вед­никова журна­листерді құқық қол­да­нудың, үдерістік заңнама мен сот үдерісінің қыр-сырымен барынша­ толық таныстырды. Тақырыпқа қа­тысты отандық сот тәжірибесінен нақ­­­ты­лы дерек-дәйектерді алға тартты. Мәселен, спикерлер жиналғандарға сот талқылауын, оның ішінде жабық түрде өтетін сот үдерістерін жариялау кезінде журналис­ке нені білу керектігі, сотта өз бейнесін көрсету құқығы, кінәсіздік презумпциясы, құпия және дербес деректер, соттағы журналист мінез-құлқының этикалық нормалары, сот шешімдерінен алынған ақпаратты дұрыс пайдалану, соттар мен БАҚ өкілдерінің өзара іс-қимылының өзекті мәселелері туралы толыққанды құқықтық кеңестер берді.

Семинардың интерактивті бөлігі жур­налистердің практикалық кейстерін бөлу және рөлдерді ауыстыру арқылы сот үдерісін бейнелі сахналаумен ерек­шеленді. Атап айтқанда, ЖС судьялары БАҚ өкілдері, ал журналистер – судья,­ прокурор, адвокат, куә, айыпталушы және пристав рөлінде болып көрді. Семинар барысында спикерлер іс-шараға қатысушылардың түрлі сұрағына жан-жақты жауап берді.

Жалпы, Жоғарғы Соттың, облыстарда, астанада және республикалық маңызы бар қалаларда аумақтық бөлімшелері бар жергілікті және басқа да соттардың қызметін ұйымдастырушылық-құқық­тық, ақпараттық-талдамалық және мате­риалдық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын сот әкімшілігі мұндай мазмұндағы семинар-кеңестер өткізіп тұруды дәстүрге айналдырған. Бұрынырақта осындай семинарлар Әділ сөз, ОБСЕ, АВА ROLI, Интерньюс сынды беделді қоғамдық ұйым, қорлармен бірлесіп өткізілді. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде уәкілетті мемлекеттік орган цифрландыруды дамыту, жасанды интеллект пен роботтандыру элементтерін енгізу мәселелері бойынша әлемдік рейтингте 47 елдің арасынан 4-орынға көтерілді. Қазан айында Аргентинада өткен Сот әкімшілігі жөніндегі халықаралық қауымдастықтың отырысында Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакиров осы ұйымның вице-президенті болып сайланды.

Айта кеткен жөн, Германияның демо­кра­­тиялық жолмен сайланған тұңғыш президенті Фридрих Эберт атындағы қор (FES) – бай дәстүрі бар, ең тұрақты саяси қорлардың бірі. Қор жұмысы әлеуметтік демократияның негізгі идея­лары мен құндылықтарына – еркіндік, әділдік және ынтымақтастыққа бағыт­талған. 100-ден астам елде орна­лас­қан халықаралық кеңселер желісі арқылы бейбіт ынтымақтастық пен адам құқықтары жөніндегі саясатты қолдайды, демократиялық, әлеуметтік және конституциялық құрылымдарды құруға және нығайтуға жәрдемдеседі.