Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Сенат отырысында депутаттар бірқатар заңды қарап, сауалдарын жолдады.
55 жастан бастап әлеуметтік төлем алады
Отырыс барысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бірлестіктер және еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарап, мақұлдады. Құжат осы саладағы заңнаманы жетілдіруге және еңбек жағдайлары зиянды орындарда жұмыс істейтін қызметкерлерді әлеуметтік қорғауды күшейтуге арналған. Атап айтқанда, мұндай кәсіпорындардың қызметкерлеріне 55 жасқа толған кезде арнайы әлеуметтік төлем тағайындалады. Ол үшін жиынтығында кемінде 84 ай зейнетақы жарналарының болуы және еңбек қызметін тоқтату маңызды шарттар екенін айта кеткен жөн. Сондай-ақ қалаған жағдайда азаматтар зейнетақы жинақтарын 55 жаста немесе 63 жаста өз беттерінше ала алады.
Сонымен қатар аталған заңның нормаларына сәйкес, енді қоғамдық бірлестік құру үшін үш адамнан тұратын топ жеткілікті болады. Одан бөлек, республикалық маңызы бар қалалардағы қоғамдық бірлестіктердің мәртебесін айқындау, қоғамдық бірлестіктер құру мәселелерін құқықтық регламенттеу және басқа да өзгерістер бойынша қолданыстағы заңнама нормаларын сәйкестендіру көзделіп отыр.
«Заңда ұзақ уақыт зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеп жүрген азаматтарды әлеуметтік қолдау мақсатында қосымша кепілдіктер қарастырылған. Осылайша, Президентіміздің бастамасымен көптен бері елдің көкейінде жүрген мәселелердің бірі өз шешімін тауып отыр. Бұдан бөлек, жазатайым оқиғалардан сақтандыру жағдайларын реттейтін нормалар да жетілдірілді. Мақұлданған заң зиянды өндірістерде жұмыс істейтін азаматтарымыздың мүдделерін тиісті деңгейде қорғауға өз септігін тигізеді деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарындағы қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қараған сенаторлар оны концептуалды тұрғыдан қолдап, бірқатар түзетулер енгізді. Осыған байланысты заңды жаңа редакциясымен және жекелеген баптармен Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылданды. Аталған түзетулер мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді беру тәртібін айқындау жөніндегі құзыретті белгілейтін қайталама норманы алып тастауды көздейді. Сондай-ақ заңда ел азаматтарына ерікті дактилоскопиялық тіркеуді енгізу туралы және басқа да бірқатар жаңашылдыққа қатысты нормалар бар.
20 мың адам қызылша жұқтырған
Отырыс барысында сенаторлар депутаттық сауалдарын да жолдады. Бибігүл Жексенбай Премьер-министр атына жолдаған сауалында елімізде балалар арасында қызылша ауруының көбеюіне алаңдаушылық білдіріп, вакцинация деңгейі туралы ұсынылған есептердің дұрыстығына күмән келтірді. Оның айтуынша, қазір елімізде 20 мыңнан астам адам қызылшамен ауырып жатыр. Біздің еліміз осы жұқпалы дертпен сырқаттану деңгейі бойынша Эфиопиядан, Пәкістаннан, Конгодан асып түскен.
Депутат елде вакцинация проблемасы бір сәтте пайда болмағанын атап өтті. Сарапшылардың пікірінше, жұқпалы дерттің басты себебінің бірі – екпе бағытындағы жұмыстың әлі жүйелі, жоспарлы, нәтижесі сараланып жасалмай келе жатқандығы. «Шалғайдағы және ауылдық елді мекендерде медициналық персонал мен құрал-жабдықтар жетіспеуі де балаларды уақтылы вакцинациялауды қиындатып отыр. Сонымен қатар бірқатар өңірде вакциналардың қолжетімділігі мен егу қызметінің сапасына қатысты мәселелер бар. Оған қоса діни нанымдарға байланысты екпеден бас тартушылармен жұмыс пәрменді жүргізілмейді. Екпе жасалуы туралы мәлімет-көрсеткіштер бойынша есептердің дұрыстығына күмән көп. Қазақстан цифрландыру бойынша алға шықты деп мақтанғанымызбен, вакцинация туралы мәліметтер әлі қағаз-дәптерде болуы түсініксіз», деп атап өтті сенатор.
Ол сондай-ақ кейбір әлеуметтік-экономикалық топтарда вакцинациямен қамтудың төмендігін атап өтті және екпе жасалуы туралы мәлімет-көрсеткіштер бойынша есептердің дұрыстығына күмән келтірді. Сенатор Үкіметтің бұл мәселені шешуге жылдар бойы немқұрайды қарағанына наразылығын жеткізді және жағдайды шешуге бағытталған бірқатар ұсыныс айтты. «Ең алдымен, жағдайды жақсарту үшін қоғамда вакцинацияның маңыздылығы мен қауіпсіздігі туралы ақпараттық жұмысты күшейту қажет. Екіншіден, еліміздің барлық аймағында жоғары сапалы вакциналар мен денсаулық сақтау қызметтеріне кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз етіп, арнайы мобильді медициналық топтарды ұйымдастыру керек. Үшіншіден, вакцина сапасы мен оның мерзімі өткендерін жоюды қадағалауды барынша күшейту керек», деп қорытындылады сенатор.
Апаттың алдын алған абзал
Сенатор Бекбол Орынбасаров газ баллондарының жарылуы мен лифттердің құлауы туралы мәселе көтерді. Газ саласындағы мәселеге Үкімет назар аударуы үшін қанша газ баллоны жарылуы керек және қанша адам өлуі керек? Сенатордың пікірінше, газды тасымалдау мен пайдаланудың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін газды міндетті түрде иістендіру шарасын қолға алу қажет. Өйткені табиғатта ол газ иіссіз болғандықтан оған ерекше иіс беру керек. Газ шығып кеткен жағдайда адам газдың исін сезінуі үшін ол аса маңызды. Депутаттар тарапынан бұл мәселе бұрын да көтерілген болатын, алайда Үкімет әзірге шығарып салма жауап хаттармен шектеліп келе жатыр. Сондықтан да қазіргі уақытта саладағы жұмыстар мемлекеттік органдар тарапынан бақылаусыз және қараусыз қалып келеді.
«Жергілікті атқарушы органдардың бұл шараны іске асыруға штаттық бірлігі де, қаражаты да және біліктілігі де жетпейді. Олар тек тұрғын үйлер мен әлеуметтік инфрақұрылым ішінде орналасқан тұрмыстық баллондар мен газ тұтынатын жүйелерге ғана бақылау жүргізеді. Табиғи иіссіз келетін газдың ағып жатқандығын анықтайтын «құрал» қарапайым халықта мүлдем жоқ. Сондықтан одоризациялау шарасы жүрмеген табиғи газдың сыртқа кетіп жатқандығын анықтау мүмкін емес. Салдары неге әкеліп соғатынын өздеріңіз көріп отырсыздар. Қостанай облысында газ жарылып, нәтижесінде адамдар опат болды. Көктемде Жаңаөзен қаласындағы газдың жарылуынан қайғылы оқиға орын алды. Ол жерде де көптеген адам шығынына әкеліп соқтырды. Мұндай жағдайлар 2007 жылдан бері жыл сайын қайталанып келеді», деді сенатор.
Депутат атап өткендей, жергілікті атқарушы органдар бұл мәселелерді жіктеп тізіп, орталық мемлекеттік органдар алдында ресми хатпен де бірнеше рет көтерген. Олардың ұсыныстарына да тиісті «реакция» жоқ. «Газ және лифт шаруашылығы саласында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мемлекеттік қадағалау және бақылау өкілеттіктеріне мониторинг жүргізіп, аражігін ажырата отырып, Төтенше жағдайлар министрлігінің жауапкершілігін күшейтуді ұсынамыз. Әлеуметтік және тұрмыстық нысандарға газ беру кезінде одоризациялық қондырғылардың режімдік жағдайда жұмыс істеуін есепке алу мен бақылауға баса мән беру керек. Лифтінің жұмысын қауіпті жүк көтергіш механизм ретінде тану және тұрғын үйлер лифтілерінің кепілдік мерзімінің өткендерін ауыстыру бойынша жаңа бағдарлама әзірлеу керек», деп атап өтті сенатор.
Таксист табысынан қағылмай ма?
Автокөлікті лизинг арқылы сатып алуға қолдауды алып тастау такси жүргізушілері мен такси парктеріне проблема туғызуы мүмкін. Жанна Асанова Премьер-министр атына жолдаған депутаттық сауалында осы мәселе туралы айтты.
Оның пікірінше, таксопарктер 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасына қатысып жатыр. Автопарктер отандық автокөліктерді субсидиялық пайыздық мөлшерлеме бойынша лизингке сатып алады, содан кейін оларды автокөлікті сатып алу мүмкіндігімен такси жүргізушілеріне жалға береді. Бұл шара такси нарығын өркениетті деңгейге көтеруге, сондай-ақ несие тарихы нашар немесе материалдық жағдайы ауыр жүргізушілерді жұмысқа орналастыруға мүмкіндік берді.
«Қазіргі кезде такси саласында автопарк қызметкерлерін есептемегенде 213 мыңнан аса адам жұмыс істейді. Такси жүргізушісінің табысы елдегі орташа жалақыға сәйкес келеді, ол 2022 жылы 204 мың теңгені құрады. Жүргізушінің күнделікті табысының үлесі сапар құнының 30-50%-ын құрайды. Бір машинаның 20 сағаттық жұмыс кестесінде шамамен 30 000 теңге түсім түседі, жалға алу, амортизация және отын үшін барлық шығыстан кейін 7 000 теңге таза табыс қалады», деді Ж. Асанова.
Алайда сенатор қазір салалық мемлекеттік орган субсидияларды алып тастауды жоспарлап отырғанын, бұл автокөлікті жалға алу құнының ұлғаюына әкелуі мүмкін екенін атап өтті. Бұл өз кезегінде жүргізушілер табысының, тиісінше олардың өмір сүру деңгейінің төмендеуіне әкеп соқтырады.
«Такси жүргізушілер жағдайының нашарлауы жалпы халықтың такси қызметіне қол жеткізуіне теріс әсер етуі мүмкін. Осыған байланысты сізден тиісті министрліктерге мынандай шараларды қарастыруды тапсыруыңызды сұраймын. Атап айтқанда, таксомотор саласына қолдау жасауды сақтау, ал мүмкін болмаған жағдайда – барлық тараптың мүддесін ескере отырып, субсидиялау шарттарын қайта қарау арқылы балама шешімдер қабылдау; жаңа үлгі енгізілген жағдайда бағдарламаға қатысушыларға жоспарлау, балама шешімдерді іздеу және жаңа жағдайларға бейімделу үшін белгілі бір өтпелі кезең құқығын беру, бұл осы жүргізушілер санатына теріс ықпалын барынша азайтуға мүмкіндік береді», деді сенатор.
Отырыс барысында сонымен қатар сенатор Закиржан Кузиев «ҚТЖ Жүк тасымалы» АҚ жұмысындағы бұзушылықтарға назар аударды. Сенатор компанияның жұмысы Қазақстан арқылы өтетін транзит көлемінің төмендеуіне әкелетінін және көрші елдерді баламалы бағыттар іздеуге мәжбүр етуі мүмкін екенін айтты. Ал Ақмарал Әлназарова медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегі жөніндегі проблемаға назар аударды. Мұндай мәселеге стратегиялық жоспарлау мен медициналық қызметтер номенклатурасының болмауы себеп болып отыр. Сенатор Арман Өтеғұлов елдегі эпизоотиялық жағдайдың нашарлауына және ветеринария саласында кадрлардың жетіспеушілігіне байланысты мәселе бойынша сауал жолдады.