Менің ұғымымда тәуелсіздік – тарихы тереңнен тамыр тартатын қазақ халқының ғасырлар бойғы бодандықтың бұғауынан босап, жаңа заманда егемен ел болған күні. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, оның азаттығының тұғыры нығая түскенін айқындайтын маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз екі жыл – көзді ашып-жұмғандай қас-қағым сәт. Ал адамзат үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір.
Тәуелсіздік – тұтас бір елдің баға жетпес байлығы, шексіз бақыты. Тәуелсіздік – кез келген адамның, ұлттың, халықтың, елдің еркіндігі. Өз алдында дербестігі. Әлемдегі мыңдаған ұлт пен ұлыс ішінде тек екі жүзге тарта тәуелсіз мемлекеттің болуы бұл сөздің салмағын аңғартса керек. Тәуелсіздік еркіндіктен туындайды.
Менің ата-бабам – патшалық Ресейге сонау Екатерина патшайым заманында Германиядан қоныс аударған немістердің ұрпағы. Кеңес кезеңінде Еділдің бойын ен жайламаса да автономия деген еншісі бар ел болып өмір сүрді. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғаннан кейін Еділ бойындағы Неміс автономиясы таратылып, Саратов және Сталинград облысынан 1941-1942 жылдары барлығы 1 209 мың неміс Қазақстан мен Сібір жеріне жер аударылды. Оның 420 мыңдайы қазақ даласына қоныстандырылды. Олар 1955 жылдың желтоқсанына дейін арнайы комендатураның қатаң бақылауында болды. Өйткені оларда ерік білдіру құқы болған жоқ.
«Отансыз адам – ормансыз бұлбұл» деген нақыл бар. Орманы жоқ құстың ұясы да, қонар бұтағы да жоқ. Дәл сол секілді бір күнде тірлік кешу ортасынан айырылып, Еділ бойынан еріксіз көшірілген аталарымды Ертіс бойының мейірбан қазақтары бөтенсімей бауырына басты. Қақаған қыста еркінен тыс иен далаға қоныс аударылғандардың жергілікті халықтың көмегінсіз бүгінгі күнге жетуі мүмкін емес еді. Бұл – тәуелділік пен тәуелсіздіктің бір өлшемі.
Елдің еркіндігін аңсау бар, оған жету бар және оны сақтап қалу деген жауапкершілік бар. Үш түрлі кезеңнің тарихы үш түрлі. Біздің ұрпаққа осы үшінші кезеңде ғұмыр кешуді нәсіп етті. Яғни біз келешекке бастаушы, келешекті жасаушы ұрпақпыз. Қолда бар алтынның қадірін білу, оны келесі бір дәуірге аманаттау және жеткізу –бізге парыз.
Тәуелсіздікке қолы жеткен елдер алдында сол қол жеткен азаттықты баянды ету, тәуелсіздікті нығайту, еліміздің еркіндігін еңбекпен еселеу деген биік мақсат тұрады. Біз осыны ұмытпауымыз керек. Дамыған елдер бұл сөзді қайталай бермейді. Елді нығайтудың, күшейтудің жолын іздейді. Бұл дұрыс үлгі. Біз соны қаперге алуымыз қажет. Мемлекет басшысы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орайластыра жазған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында бұл жөнінде: «Біз әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құруды көздеп отырмыз. Кез келген істе әділдік қағидатын басшылыққа алсақ, бұған анық қол жеткіземіз. Мысалы, тұрғындардың тұрмысын жақсарта түспесек, еліміздің жетістіктері мен халықаралық табыстарын мақтан ету артық. Азаматтарымыз экономикалық өсімнің игілігін сезіне алмаса, одан еш қайыр жоқ», деді.
Тәуелсіздіктің төртінші онжылдығының бізге жүктейтін міндеті – елдің қуатын еселеу мен халықты кемелдікке жетелеу. Бұл жолда бүгінде соны саяси серпіліс бар. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған саяси-экономикалық реформалар мен сананы жаңғырту, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру жөніндегі үдеріс бүгінде қоғам өмірінің қағидасына айналды.
Мен жоғарыда жер аударылып келген өз аталарымның мысалында бүгінгі тәуелсіз елдің ұйытқысы болып отырған қазақ халқының даладай дарқан пейілі туралы айттым. Айдалып, арып-ашып жеткен аталарымды бөтенсімей бауырына басқан қазақ халқының кең пейілі бізге жер мен елді жатсынбай, «Отаным» деп тануға, бірлесе болашаққа қадам басуға, ел бірлігін нығайтуға жол ашты. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы аталған мақаласында: «Бізді қай заманда да қиындықтардан аман алып келе жатқан басты құдірет – ел бірлігі. Ынтымағы жарасқан жұрттың қашанда ұпайы түгел. Түрлі жағдайға байланысты қазақ жеріне әр кезеңде әртүрлі ұлт өкілі көптеп қоныстанды. Қазақ халқы ешкімді жат көрмей, бауырына басты. Бүгінде олардың туған жері де, Отаны да – Қазақстан. Ешкімді ұлтына қарап, бөле-жарған жоқпыз. Бәрінің өсіп-өнуіне толық жағдай жасадық, бірдей мүмкіндік бердік. Біз көпэтностық сипатымызды артықшылығымызға айналдыра алғанымыз анық. Көптеген шетелдік сарапшының елімізге қатысты «Еуразиядағы шырпы тисе лап еткелі тұрған қурай», «failed state» сияқты болжамдарын жоққа шығардық», деп атап өтті.
Қазақта «Ырыс алды – ынтымақ» деген дана сөз бар. Ал ынтымақ бар жерде тәуелсіздік құндылықтарын сақтау бар. Бүгінгі Мәжіліс депутаттары да елдік мүддеге келгенде өз партиялық белгісіне қарамастан, ынтымақтаса жұмыс істеуге мүдделі. Тәуелсіздіктің баянды болуына осылай қызмет етеді. Ол жөнінде Мемлекет басшысы: «Қазақстанның саяси жүйесі заман талабына сай дамып келеді. Мәжіліс депутаттарының биылғы сайлауы – көппартиялы Парламентті орнықтыру жолындағы маңызды қадам. Бізде саяси көзқарасы әртүрлі партиялар бар. Олардың ұстанымдары консервативті, либералды, ұлтшыл, социалист және тағы басқа болуы мүмкін. Бұл – табиғи үдеріс. Саяси плюрализм мемлекетті эволюциялық жолмен дамытуға және нығайтуға мүмкіндік береді. Саяси күштер осындай әр алуан болса да, баршасын біріктіретін және бәріне ортақ құндылық бар. Ол – қастерлі Тәуелсіздік», деп дөп басып айтты.
Бұқараның бүгінде ел өміріне белсенді араласуға, шешім қабылдау үдерісіне қатысуға деген ынтасы артып келеді. Елімізді демократияландыруға, саяси жүйені жаңғыртуға бағытталған саясаттан туындаған бұл бастамалар азаматтық қоғамды дамытуға негіз болуда. Тәуелсіздік алумен бірге келген, кейіннен түрлі себеппен біршама тежелген саяси реформалардың жемісін көру бір күннің, тіпті бір жылдың шаруасы емес. Ол ел іргесін шайқалтпай, береке-бірлікті бұзбай, байыппен, біртіндеп іске асырылатын жұмыс. Іске асырылып та жатыр. Ауыл мен ішінара аудан әкімдерін сайлаудың, сол арқылы ең төменгі деңгейден бастап жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайтудың қолға алынуы соның айқын айғағы. Ойымды Қасым-Жомарт Кемелұлының «Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген бірауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс» деген сөзімен түйіндемекпін. Қазақстанның қуаты арта берсін, отандастар!
Николай АРСЮТИН,
Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» фракциясының мүшесі