Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданына қарасты Байқоныс ауылдық округінің шағын ғана Жайық ауылында 108 орындық жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілді.
Бұл – Бәйтерек ауданында биылдыққа жаңадан салынған екінші мектеп. Тағы төрт ауылда мектеп құрылысы жүріп жатыр. Мұның бәрі Ел Президентінің Жолдауындағы апатты жағдайдағы мектептерді жою және үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу тапсырмасына сәйкес атқарылып жатыр.
Жайық ауылының оқушылары бұған дейін көрші ауылға барып оқитын. Енді олар биылғы Тәуелсіздік мерекесін өмір бойы ұмытпайды. Су жаңа ғимаратта 14 оқу кабинеті бар, оның ішінде біріктірілген химия-биология, физика-математика, қазақ тілі-орыс тілі, шетел тілі, мультимедия, информатика кабинеттері шәкірттердің заманға сай білім алуына сеп болмақ. Сонымен қатар мектеп 2 шеберханамен, спортзалмен, кітапханамен, 70 орындық акт залымен, 40 орындық асханамен жабдықталған. Аулада 2 ойын, футбол, баскетбол, жүгіру және спорт алаңдары бар.
Жақында осындай жаңа мектеп Макаров ауылдық округіндегі Садовый, Көшім ауылдық округіндегі Өркен ауылдарында да ашылады.
Бәйтерек ауданында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында да білім нысандары салынып жатыр. Мысалы, Достық ауылында 1 200 орындық, Байқоныс ауылында 600 орындық мектеп құрылысы жүріп жатыр. Ал 2024 жылы Байқоныс ауылдық округінің Володар ауылында 300 орындық, Дариян ауылдық округінің Озерное ауылында 108 орындық мектеп салу жоспарланған.
Батыс Қазақстан облысы