Алаш аялаған Сұлтанмахмұт Торайғырұлы екі мүшелден енді аса бергенде, яғни 27 жасында дүние салды. Бейнелеп айтқанда, қамшының сабындай қысқа ғұмыр. Бірақ ол осы жасына дейін талмай еңбек етіп, мол мұра қалдырды. Оның қайратты қаламынан 100-ден аса өлең, 5-6 сүйекті поэма, екі роман, 7-8 мақала, очерк, әңгіме туды. Бұл шығармаларды ақын жетімдік пен жоқшылықтың азабын тартып, дерті меңдесе де қу жанын сүйретіп жүріп жазғаны белгілі.
Әдебиеттанушылар кейінгі жазба әдебиетті ұлы Абайдан бастайды. Сұлтанмахмұт осы Абай дәстүрін одан әрі жалғап, қазақ өлеңін түрлентіп, жаңа өрнек қосқан ақын. Оның өлеңдерінде саяси лирика да, махаббат лирикасы да, табиғат лирикасы да, көңіл күй лирикасы да бар. Бір сөзбен айтқанда, кеңес кезеңінде Алаш рухы Сұлтанмахмұт мұрасы арқылы там-тұмдап жетті.
Ақын өмірі мен шығармашылығын зерттеген көрнекті ғалым Бейсенбай Кенжебаев оның өлеңдерінде саяси лирика мен көңіл күй лирикасы басым екенін айтады. «Ақын өлеңдерінде көбінше саяси-әлеуметтік мәселелерді, халықтың көкейін тескен мұң-тілегіне айналған мәселелерді сыр етіп, өз халі, өз арманы, өз мұңы, өз қуанышы етіп айтады. Ол арнаулы саяси лирикасында ғана емес, табиғат, махаббат, көңіл күйі жөніндегі лирикалық өлеңдерінде де сөзді әлеумет өміріне, саяси мәселеге қарай бұра береді», депті ғалым.
Бір жағынан, ақын шығармаларының бір-бірімен өзектесіп, тұтасып жатқан екі ерекшелігі бар: біріншісі – шыншылдығы, екіншісі – халықшылдығы. Мұны талантты суреткердің 1913 жылы 20 жасында жазған «Шәкірт ойы» деп аталған өлеңінен анық аңғарамыз.
«Қараңғы қазақ көгіне,
Өрмелеп шығып, күн болам!
Қараңғылықтың кегіне,
Күн болмағанда кім болам?
Мұздаған елдің жүрегін
Жылытуға мен кіремін.
Еңбек, бейнет тарауы
Рахатқа сарқылар.
Қыздырып күннің қарауы
Надандық теңізі тартылар.
Орны отайып, көгерер,
Қызығын жайлап ел көрер.
Тұрмыс, тағдыр бірі де
Бұл мақсұттан бұра алмас
Қаһарман Рүстем, Әли де
Бұрам деп жолда тұра алмас.
Сыланған жардың күлісі
Алдандырмас бірісі».
Ақиқатын айтқанда, Сұлтанмахмұттың іздеген мұраты: «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып, күн болу», «Халықтың мұздаған жүрегін жібіту» еді. Ол бұл мақсатына көзі тірісінде жетпесе де, соны армандап өтті. Ақынның кез келген шығармасында өзі өмір сүрген дәуірдің суреті сол қалпында шынайы бейнеленген. Сол қоғамдағы әділетсіздік, теңсіздік, халқымыздың аянышты жағдайы, озбыр байлардың елге жасаған қиянаты барынша шыншыл жазылған. Өз замандастарының бойында кездескен надандық, жалқаулық, зұлымдық, кесірлік секілді жағымсыз қылықтарды да көркем тілімен аяусыз шенейді.
Ақынның 1918 жылы жазған «Таныстыру» атты поэмасының құрылымы да, көркемдігі де, мазмұны да бөлек. Бұл поэманың мақсаты – елге қызмет етіп жүрген Алаш ардақтыларын таныстыру. Шығарма оқыған адам мен қара қазақтың диалогіне құрылған. Қара қазақ «аумалы-төкпелі кезеңде кімге сүйеніп, кімге сенеміз?» деп сұрақ қояды, оған оқыған азамат жауап береді. Оны мына жолдардан байқайсыз:
«Басында ол қарағым тұр ғой дайын,
Тез ұзақ өмір берсін бір құдайым.
Дулатов, Байтұрсынов, Бөкейханов,
Білемін бұл үш ердің айтпай жайын.
Кешегі қара күнде болмап па еді,
Бірі – күн, бірі – шолпан, бірі – айым.
Солардан басқа кеше кім бар еді,
Қазақ үшін шам қылған жүрек майын», деп тебіренеді.
Мұнда Алаш арыстарының бекзат болмысымен, жеке басынан гөрі, ел мүддесін биік қойған мақсаткерлігімен, осы жолда қандай қиындық кездессе де, содан таймаған жанқиярлығымен жақын танысып, оларға деген құрметіңіз артады. Поэманың тілі де көркем, бірден елітіп әкетеді. Туынды өткен ғасырдың басында емес, кешегі күні жазылғандай әсер қалдырады.
Бір ғажабы, Сұлтанмахмұт аз ғана ғұмыр кешсе де, сол кездегі қоғамда болған өзгерістердің белортасында жүрді. Ол 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін Семейде жаңа құрылған Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің жұмысына белсене араласып, «Алаш» ұранын жазды.
«Алаш туы астында,
Күн сөнгенше сөнбейміз.
Енді ешкімнің алашты,
Қорлығына бермейміз!», деген ұран жолдары бүгінгі уақытпен де үндесіп тұр. Ақындық құдірет, нәтінде осы болар!