2019 жылы ақпанда Павлодарда бір ғылыми-практикалық конференция өтті. Ол 1969 жылы сол қаладағы жалғыз қазақ мектебінде жасырын құрылған «Жас ұлан» ұйымының 50 жылдығына арналған басқосу еді. Онда баяндама жасаған ақын Арман Қани сол тоталитарлық кезеңде билікке деген қарсылық белгілерінің жекелеген адамдар тарапынан да бой көрсеткенін сөз етті. Сөйтті де, оларды іздеп тауып жазып, жинақ шығарудың қажет екенін конференцияға қатысушылар алдына мәселе етіп қойды. Осы идея бойынша болашақ кітапқа кіретін бір тақырыппен айналысуға тиіс болдым. Ол диссидент Махмет Құлмағамбетов еді. Астанаға келген соң Қостанайға, ондағы «Егемен Қазақстанда» көп жыл меншікті тілші болып істеген Нәзира Жәрімбетоваға телефон соқтым. Әріптесім мен іздеген адамның өз өңірлеріндегі Меңдіқара ауданының тумасы екенін растады. Сөйтті де: «Оны облыс орталығында тұратын ҰҚК подполковнигі, зейнеткер Ғалихан Мәулетов ағай жақсы біледі. Қажет деп тапсаңыз, телефонын тауып берейін», деді. Бұл хабарды естіген соң, бірден іске кірісіп, ақсақалға қоңырау шалып, хабарластық та. Мәселенің мән-жайын ұққан соң қария аталған тақырыпта сөйлесуге ықыласты екенін білдіріп, біраз дерек айтты. Содан кейінгі әңгіме ол кісінің елордаға келіп, ҰҚК-нің орталық госпиталіндегі медициналық байқаудан өту кезіндегі бос уақыты аралығында одан әрі жалғасты. Сонымен…
– Аға, айып етпеңіз. Алдымен өзіңізді оқырмандарға қысқаша таныстырып өтсек дейміз. Бұл «Кім боласыз? Қайда жұмыс істеп, нендей қызмет атқардыңыз?» деген сауалдарға жауап қой. Міне, сонда әңгімеміз дұрыс арнаға түседі деп ойлаймын.
– Жөн екен, қарағым. Мен осы Қостанай өңірінің перзентімін. Мына Әулиекөл ауданындағы Қазанбасы орман шаруашылығында туып-өстім. Мектепті облыс орталығында бітірдім де, Алматыға аттандым. Бұл 1957 жыл. Содан КазГУ-да, оның заң факультетінде оқып, 1962 жылы елге оралдым. Жолдамам бойынша белгіленген қалалық прокуратурадағы жұмысыма енді кірісе бергенімде, мемлекеттік қауіпсіздік комитеті қызметке шақырмасы бар ма?.. Қысқа әңгімеден соң олар мені МҚК-нің Минскідегі арнаулы мектебіне жіберді. Оны бітіріп келгеннен кейін сол органның Қостанай облыстық басқармасында 27 жыл үзіліссіз қызмет атқардым. Қазір құрметті еңбек демалысындамын.
– Дұрыс екен. Ал «диссидент Құлмағамбетов» ісіне қалай тап болып, оған не себепті араласып жүрсіз?
– 1964 жылы жоғарыдағы арнаулы мектепті бітіріп келдім деп айттым ғой. Содан мен МҚК-нің өзіміздің облыстағы басқармасында тергеуші болып жұмыс істей бастадым. Бастығым көп сөйлемейтін, түсі суық П.Дадыкин деген адам еді. 1941-1945 жылдардағы соғысқа қатысып, сондағы «Смерш» қарсы барлау құрылымында қызмет атқарған бұл кісінің кеудемсоқтығы сондай, ешкіммен амандаспайтын. Мұны айтпағанда, бір бөлмеде отыратын екеуміздің арамыздағы бұйрық райындағы сөздер болмаса, жай тіл қатысудың өзі жоқтың қасы еді. Таңның атуы мен күннің батуына дейін қауырт бір жұмыс істеп жатқандай түрткіленеді де отырады. Мені де жұмыссыз қаратып отырғызбайды.
Бір күні ол: «Минск мектебінен алған теориялық білімің – басқа нәрсе. Оны өмірдегі практикалық жағдайлармен ұштастырып отырмасаң болмайды», деді. Сөйтті де: «Басқарманың оперативтік құрамында өтетін саяси сабақты жүргізуге әзірлен. Онда «Үкіметке қарсы үгіт және насихат» тақырыбында баяндама жасайсың», деп сөзін аяқтады.
– Жақсы, жолдас аға тергеуші, – дедім мен сәл ойланып. – Бірақ оған қажет өмірлік мысалдарды қайдан аламын. Одақ бойынша мұндай, яғни Заңның 56-бабымен жауапқа тартылғандар өте аз, ілуде біреу ғана ғой.
– Төменгі қабаттағы мұражайға бар, – деп қысқа қайырды сөзін бастығым. – Онда Құлмағамбетов Махмет атты адамның қылмыстық ісі бар. – Оны 1962 жылы мен өзім тергеп, қоғамға қарсы пікірі, ұлтшылдығы және біз өмір сүріп отырған жүйені қаралауға тырысқан әрекеттері үшін Қылмыстық кодекстің жоғарыдағы өзің айтқан бабы бойынша жауапқа тартқанмын. Бұған қоса МҚК-нің сол жылғы «Сборник» журналы тігіндісін де қара. Оның нөмірлерінің бірінде мен осы істі талдап, мақала жазғанмын. Соны пайдалан.
Міне, Махмет Құлмағамбетовтің аты-жөнін мен алғаш рет осылай естіп, білген едім, шырағым. Есіл азаматтың жауапқа тартылғандығы ісімен де жоғарыдағы тапсырманы орындау барысындағы ізденіс үстінде танысқан болатынмын.
– Сонымен ол қандасымыз кім екен? Туған жері, өскен ортасы? Алған білімі мен мамандығы және жұмыс істеген жері?..
– Болашақ кейіпкеріміз 1930 жылы Қостанай облысының Меңдіқара ауданындағы Еңбек ұжымшарында дүниеге келіпті. Сол ауылдағы орта мектепті бітірген соң, КазГУ-дің философия және экономика факультетіне оқуға түсіп, оны өте жақсы бағалармен аяқтайды. Сөйтіп, жас маман алғашқы еңбек жолын Түрікменстанның Чарджоу қаласындағы педагогикалық институтта оқытушы болып бастайды. Уақыт өте келе ол күні кеше өзі оқыған том-том кітаптардағы философия мен саяси экономияның кейбір теориялық мәселелері кеңестік шындықпен сәйкес келмейтіндігін көреді. Бұл ойын жанындағы оқытушылармен бөлісуге тырысады. Кейбір пікірлерін лекция үстінде студенттерге ашық айтады да. Иә, тоталитарлық жүйе – казармалық социализмде ондай кереғар өмір шындығының бары рас еді. Бірақ мұны өкіметтің құлақтарына құйып тұрып берген ұғымынан басқаша пайымдау кафедрадағы әріптестеріне мүлдем түсініксіз жайт-тын. Оларға бұл ұнамайды. Осылайша, Махмет Кұлмағамбетовтің жоғарыдағыдай еркін ойлылығы көп ұзамай институт партия ұйымына жетеді. Арнайы органға хабарланып, жас маманды қудалау басталады. Мұндай қысымға шыдай алмаған ол аталған жоғары оқу орнынан «өз еркімен» кетуге мәжбүр болады.
Содан кейін біз сөз етіп отырған жан Қырғызстан астанасы Фрунзедегі медицина институтына келіп, философия пәнінің оқытушысы қызметін атқарады. Көп ұзамай бұл жерде де ол соңына ерген қоңыраудың салдарынан көзге түрткі бола бастайды. Оқытушылар мен партия ұйымының хатшысы Махметті жиі-жиі сынға алып, отырса опақ, тұрса сопақ етеді. Қайда барарын білмеген кейіпкеріміз енді Қазақ КСР Ғылым академиясының Философия және құқық институтына келіп, зерттеу жұмысымен айналысуға шешім қабылдайды. Бірақ мұнда да сәтсіздік... Мұнан соң тағдыр енді оны Мәскеуге қарай жетелейді. Сөйтіп, ол одақ астанасы іргесіндегі Мантурово қаласынан бір-ақ шығады. Осы жерде қара жұмыс істеп жүріп, күдікті адам ретінде көзге түседі. Үйіне тінту жүргізіліп, жауапқа алынады. Қазақстанға қайтуға «кеңес» беріледі. Рудныйға келіп, электрмонтер болып жүргенде тұтқындалады.
– Қалай? Неге?
– Оған себеп, оның артынан ерген бұрынғы қоңырауынан басқа, тұрақты жұмысының жоқтығы еді. Иә, отбасылық өмірде жолы болмаған, шамшыл мінез-құлқына байланысты жұмысқа орналаса алмаған кейбір адамдарды ол кезде жергілікті билік қоғамдағы «масыл», «арамтамақ», өзгенің еңбегінен күн көруші «жатып ішер жалқау» деп күстәналайтын. Сондай топпен вагоннан жүк түсіріп, қазандықта от жағып, монтер болып уақытша нәпақа тауып жүрген Махметтің күдікке ілігуінің тағы бір себебі, оның сонау бала кезден бергі фотоаппаратқа деген әуестігі еді. Сол әдетпен әр жылдары түсірілген суреттерде кеңестік қоғамның күнгейі ғана емес, көлеңкелі тұстары да көрініс тапқан-тын. Міне, солар: «Бұл фотолар Батыс баспасөзіне жіберу үшін әдейі түсірілген», делініп, өзіне сор болып жабысады. Махмет Құлмағамбетовті Мәскеу облысындағы «әңгімелесуден» кейін МҚК-нің Қостанай облыстық басқармасындағы П.Дадыкин жүргізген тергеудегі төмендегі жауап айғақтайды.
«…Мантурово қаласында тұрып жатқанымда үй-күйі жоқ қайыршыларды, үсті-басы кір маскүнемдерді, қоқыс таситын ассенизатор көлігін суретке түсіргенім рас, – депті ол 1962 жылдың желтоқсан айындағы түсініктеме сөзінде. – Тінту кезінде тергеуші 100-ге тарта фотоның 30 шақтысын таңдап алды. Кезінде оның әрқайсысына мазмұнына сәйкес ат қойып едім. Мысалы, «Миниатюрный узкоколейный паровоз» дегенім, қалалық парктегі балалар теміржолында тұрған өте ескі, бірақ сирек кездесетін кішкентай пойыздың көрінісі болатын. Ал «Мужики Хмелевки» суретінің тарихы былай. Бір күні қала іргесіндегі кеңшардың 2-3 жұмысшысы біздің шатыр жанынан өтіп бара жатып, аппарат ұстап отырған менен өздерін фотоға түсіруді сұрады. Шығарған суретім оларға ұнаған болуы керек, ертесінде рақметін айтып, біреуі кетерінде қолындағы ыдыстан маған сүт құйып бергені есімде. Бұл пленка кадрында саяси мағына бар деп күмәндансаңыздар, оның мән-жайын осы фотоға түскен кісілерден сұрауларыңызға болады ғой. Одан кейінгі сурет аттары мынадай еді. «При лампе в клубе», «Старуха», «Девушка – сучкоруб», «Фото нищего», «Ассенизатор»... Әсіресе соңғы фотоны көргенде кім-кімнің де болсын бетіне күлкі үйірілетін. Себебі дәретханалардағы нәжіс тасушы осы бір салдыр-гүлдір етіп, сасып-мүңкіген қос бөшкелі ат арба келе жатқанда біз жиіркеніп, мұрнымызды баса, жан-жаққа тұра қашатын едік. Көріп отырсыз, бұлардың бәрі – өмірдегі жиі кездесетін көріністер. Сондықтан ол туралы суреттерді қараған кісіде үкіметке қарсы ешқандай ой болуы мүмкін емес. Дегенмен күнделікті тіршіліктің көріксіз жағын ылғи көрсете беру қоғамға ұнамауы да мүмкін. Бірақ мен заңға қарсы ешқандай іс-әрекет жасамағаныма сенемін. Қоқыс қопарған қайыршылар, үй-күйсіз маскүнемдер кез келген мемлекетте бар ғой. Иә, бұл Кеңес өкіметіне ғана тән нәрсе емес. Ендеше, неге осы суреттердегі көріністер соншама бізді үркітуге тиіс?..».
– Тергеу кезінде Махмет Құлмағамбетовке тағы қандай айыптар тағылды екен? Бұл жөнінде мұрағаттағы сіз көрген істе нақты фактілер бар ма?
– «Ұлтшылдық». «Үкіметке қарсы үгіт-насихат». «Мемлекеттік құрылымдарға байланысты қауіпті ойлар»... Алдыңғы мәселеге келер болсақ, кейіпкеріміз жауап алу кезінде: «Ұлт мәселесі мені көп ойлантып, толғандырады, – деп бастайды сөзін. – Бірақ өз басым ұлтшыл емеспін. Өзіңді басқадан жоғары ұстау, басқаны жек көру деген менде жоқ қасиет. Десем де орыс халқының кейбір өкілдерінің аз ұлттарға менсінбеушілікпен қарайтынына төзе алмаймын. Ондайлар бізді екінші сортты адамдарға, ақыл-есі жетімсіз жандарға балайды. Сауатсыз, қабілетсіз кейбір орыстардың білімді, парасатты қазақтарды кекетіп, мұқатып қалатынын кім көрмей жүр?.. Аға халықтың сондай мәдениетсіз, ұрда-жық өкілдерінің ұлтымды қаралап, менің ар-ожданымды аяққа басуларына бола ма?!». Ал айыпталушының «мемлекеттік құрылымдарға қатысты қауіпті ойларына» келсек, «Демократия туралы сөз болса, – дейді МҚК өкіліне, – ол қағаз жүзінде ғана бар. Оның өмірдегі нағыз істерге ешқандай қатысы жоқ. Мысалы, сайлауды алайық. Біз өз қалаулыларымызды таңдап, оған дауыс бермейміз. Тізімдегі алдын ала дайындалған фамилияларды бюллетеньге саламыз да қоямыз. Бұл – сайлау емес, жұртты алдау.
Ал жергілікті кеңестерге келсек, оның да рөлі тек қағаз бетінде. Олай дейтінім, елге ең жақын бұл жүйе де партия аппаратының қолында. Сондықтан бізге коммунистерге қарсы сөз айтуға, ол есепте тұратын партия ұйымын сынап-мінеуге болмайды. Рас, мені Кеңес өкіметі оқытып, жеткізді. Адам етті. Бірақ мен оның ақ дегенін алғыс, қара дегенін қарғыс деп айтқанының бәрімен келісе беруге тиіс емеспін. Өйткені әр адамның өз пікірі болуы керек».
Енді Махмет Құлмағамбетовке тағылған келесі айыпты баяндайық. «Сіз өкіметке қарсы үгіт-насихат жұмысын жүргізіп келдіңіз. Осы туралы жауап беруіңізді сұраймын» деген тергеушіге ол: «Мен, – дейді, – ешқашанда олай істеген емеспін. Коммунистік партияның, өз ойымша, жүргізіп отырған кейбір саясаты туралы жеке пікір айтқаным рас. Мысалы, бригададағы жұмыс істейтін кісілермен түскі үзіліс кезінде саяси тақырыпта әңгіме бола қалған кезде өз ойымды жасырмай ашық айтатынмын. Бірақ та ол еш уақытта билікке қарсы бағытталған сипатта болған емес. Мысалы, үкіметтің мемлекеттік несиелерді «консервациялауы» маған түсініксіз жағдай болды. Соғыстың аяқталғанынан бері қанша жыл өтсе де, атқарушы орган өз қарызын халыққа қайтармай отыр. Мен саяси экономия мен философияның маманы болғандықтан, бұл жағдайдың бәрін құптап басымды изей алмаймын. Үкіметке қарсы насихат деген – өзіндік мазмұны бар кітап, парақшаларды дайындап, тарату. Мен өйтіп көрген емеспін. Партияның жүргізіп отырған кейбір саясатын толық түсіну үшін ой-пікірлерімді дәптерге күнделік ретінде жазып отырғаным бар. Оны мен көптеген мәселеге, мысалы, халықтың тұрмыс жағдайы, мемлекет құрылысы туралы ой-пікірлеріме арнадым. Оларды үкіметке бір нұқсан келтірейін, не шетелдердегі КСРО-ға қарсы орталықтарға жіберейін деген жоспар болған емес. Менің мақсатым КОКП-ның жүргізіп отырған саясаты ғылыми теорияға қайшы келетінін дәлелдеп, оның кейбір жағдайларына ревизия жасау еді».
Махмет Құлмағамбетовке тағылған кінәлар мен айыптардың, оған байланысты тергеушіге қайтарған жауаптарының бір парасы, қысқаша айтқанда, міне, осындай. Бұдан ол кісінің ойы жүйрік, сөздері дәлелді, ақылды да алғыр жан екені байқалады. Алдында отырған адамның темірдей берік логикасына таңданып, не істерін білмеген МҚК өкілі енді оған қысым көрсетіп, бопсалауға көшеді. Мұнымен қатар жауап алу парақшасының кейбір беттеріне ол айтпағанды «айтты», мойындамағанды «мойындады» деген өзімбілермендікке де барады.
– Оны неден көруге болады? Сіз оқып, танысқан істе оған нақты айғақ, мысалдар бар ма?
– Бар. Ол Махмет Құлмағамбетовтің 1963 жылдың 1 мамырында сот тергеуіне наразылығын білдіріп, Қазақ КСР Жоғарғы сотына жолдаған кассациялық шағымы. Көлемі 26 беттен тұратын онда ол бәрін айтып, соның ішінде тергеу мен сот тарапынан болған заң бұзушылықтарды дәлелді түрде көрсетеді. Атап айтқанда: «Бұл орган менің ең нашар деген ойымнан шықты, – деп бастайды мұң-зарын ағамыз. – Өйткені: 1) Жауап алу кезінде тергеуші мені «әккі қылмыскерсің» деп қорлады. Кінәм белгілі болмай тұрып, оның бұлай қорқытып-үркітуге қандай құқы бар? 2) Ол менен таңның атысынан күннің батуына дейін үздіксіз жауап алуды әдетке айналдырды. Содан барып ес-түсімді білмейтін халге жеттім. 3) Тергеуші менің айтқандарымды хаттамаға өз қолыммен жазуыма рұқсат етпеді. Мұның бәрін оқытпай, өзіне «ыңғайлап» толтырғандықтан, айғақ біржақты, тек мені қаралау сипатында болып шықты. 4) Ол егер айтқанына көнбесем, тергеуді көп уақытқа соза беретінін, бұл аз болса қолында басқа да әшкерелеуші материалдар бар екенін ескертіп, осындай психологиялық бопса арқылы жүйкемді тоздырды. Мұндай арандату тәсілін тергеушіден күтпеген едім».
Ал енді сотқа келейік. Бұл жөнінде біздің кейіпкеріміз: «Оның төрағасы Бугаев көзімен атып, айтайын дегеніме ерік бермеді, – дейді. – Айыптау қорытындысымен де таныса алмадым. Олар құжаттың құпиялылығына сүйеніп, онымен түрменің арнайы бөлімінде көз жүгіртіп оқуыма ғана мүмкіндік берді. Керекті жерлерінен үзінділер жазып алып, сот отырысына дайындалуыма осылай кедергі жасады. Тіпті арыз жазатын қағазды алудың өзі маған қиынға соқты. Болған жағдайды айта бастасам, сот төрағасы Бугаевтан: «Тоқтат!» «Қысқарт!» деген сөздерден басқа ештеңе ести алмадым».
Амал не, есіл азаматтың жоғарыдағы жанайқайына ешкім құлақ аспайды. Оған дәлел, өзіне 56-баптың 1-тармағын күштеп таңған Қостанай облыстық сотының 1963 жылғы 17 сәуірдегі үкіміне наразылық танытқан Махмет Құлмағамбетовтің 1 мамырдағы шағымын Жоғарғы соттың 29 мамырда қарап, еш өзгеріссіз қалдыруы. Рас, осы органның президиумы 16 тамызда сотталушының негізгі жазасын өтеу туралы режімге байланысты ұйғарымды бұзып, істі қайта қарауға жібереді. Бірақ ешқандай жақсылық болмайды. Қостанай облыстық соты 1963 жылдың 2 қыркүйегіндегі үкімінде «еңбекпен түзеу колониясындағы күшейтілген режім» сөз тіркесін «қатаң режім» деген ұйғарыммен алмастырып, Махмет Құлмағамбетовті 7 жыл бас бостандығынан айыруға және 3 жыл жер аударуға кеседі.
– Обал-ай... Қайран азамат жазасын қайда өтеді екен? Қапастан шыққаннан кейінгі өмірі ше? Одан хабарыңыз бар ма?
– Мордовияда. Сондағы Владимир қаласының іргесіндегі саяси тұтқындар лагерінде болады. Өзіне тиісті 7 жылы біткен соң, Коми АССР-ның Микунь, Ухта, Вуктул және Сібірдегі Сургут елді мекендеріне қоныс аударады. Өйткені 3 жылдық жер аудару жазасын өтеуі керек қой. Одан кейін Якутиядағы Чульман кентінде тұрып, инженер, ағаш шебері және кеңсе қызметкері сияқты жұмыстар атқарады. 1977 жылдың күзінде Украинаның Харьков қаласына келеді де, Галина Моисеевна Бер деген келіншекке үйленеді. Оның Израильде туыстары бар екен. Екеуі ақылдасып, шетелге кетуге бел байлайды. Сөйтіп, ізденіп жүріп тиісті орындардан рұқсат алады да, алдымен Венаға бет алады. Онда барған соң некелерін бұзып, ажырасады. Әйел Израиль астанасы Тель-Авивке бағыт алады. Махаң Германияға тартады. Сондағы Мюнхен қаласына жеткеннен кейін «Азат Еуропа», «Азаттық» радиостансаларына қызметке орналасады. АҚШ конгресі қаржыландырып, КСРО-ға қарсы хабар тарататын бұл мекеменің әлеуеті зор еді. Махаң, міне, сондағы қазақ бөлімінің тәулігіне 6 сағаттық хабарын эфирге шығаруға қатысып отырады. Ол бағдарламаны, әрине, сол кездері кеңестік Қазақстандағы екінің бірі тыңдайтын десек, шындыққа сәйкес келмес еді. Себебі Кеңес өкіметінің арнайы қызметі бұл радио толқынды қосымша дыбыстармен басып, елге жеткізбеуге тырысатын. Бірақ Алматыдағы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі кезінде бәріміздің сол эфирден Мюнхендегі Махмет аға хабарын тыңдауға әрекеттенгеніміз рас. Өйткені аязда бет-аузы домбығып, көк мұзда таяққа жығылып жатқан іні-қарындастарымызға Махаңның алыстан жеткен үні моральдық демеу болды. Сол күндері де, одан кейін де ол қазақ жастарының одақта алғаш рет осы бір алып империя режіміне қаймықпай қарсы шыққанын дүниежүзіне мақтаныш етіп айтудан танбады.
...Ғалихан аға осы сөздерді айтты да: «Егемендік лебі ескен 1990 жылы Қазақ КСР Бас прокуроры жоғарыда біз сөз еткен Махмет Құлмағамбетовтің ісіне байланысты наразылық білдірді, – деді. – Сөйтіп, бұл мәселе сол жылдың 24 желтоқсанында республика Жоғарғы сотының пленумында қаралды. Нәтижесінде, соған дейінгі оған қатысты барлық сот актісінің күші жойылып, өзіміз сөз еткен жанның іс-әрекетінде қылмыс құрамының жоқтығына байланысты ол толық ақталды. Бар білетінім осы, қарағым. Ал оның одан кейінгі өмірінен хабарым жоқ».
Қарияның сөзін тыңдап болып, әсерлі әңгімесі үшін рақмет айттым. Содан соң интернетке үңілдім. Ойым «Кейіпкеріміздің Батыстағы тағдырынан бір дерек табылып қалар ма екен?» деген үміт. Таптым! Бар екен. Іздеген мағлұматымды е-history.kz сайтына қойған оның балалық шақтағы танысы, кейін 50-жылдары КазГУ-де қатар оқыған замандасы, қазір есімі елімізге белгілі антрополог Оразақ Смағұлов болып шықты. Академик ағамыздың айтуынша, Германияға барған 70-жылдардың аяғында Махмет Құлмағамбетов үйленеді. Әйелі Наташа Қазан төңкерісі кезінде Ресейден кеткен ақ эмигранттың немере қызы екен. Зайыбы «Азат Еуропа», өзі «Азаттық» радиосында жұмыс істеген Махмет Құлмағамбетов 1995 жылы зейнетке шығады. Оразақ Смағұлов осы жайттарды сөз ете келіп, Қазақстан тәуелсіздік алған 90-жылдардың ортасында ескі танысымен Италияда кездескенін, 2000 жылы оның Германиядағы үйінде қонақта болғанын айтады. Ал 2008 жылғы 8 қарашада ұзаққа созылған ауыр науқастан кейін бақилыққа аттанып, денесі Мюнхен маңындағы елді мекендегі зиратқа жерленіпті.
Жанболат АУПБАЕВ,
журналист
АСТАНА