• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Алматы 15 Желтоқсан, 2023

9 миллионыншы жолаушы Бодрумға барады

115 рет
көрсетілді

Әуе кемесіне мініп, Астана – Алматы бағыты бойынша KC 854 рейсімен ұшып келген Марат Нұралинді ойға кіріп-шықпаған тосын сәттілік күтіп алды. Ол еліміздің әуе қақпасы саналатын Алматы халықаралық әуежайының биылғы жылғы 9 миллионыншы жолаушысы атанды.

Биыл Ха­лықаралық Ал­маты әуежайы үшін жолау­шылар ағынының рекордтық көрсеткіші тіркеліп отыр. Бү­гінгі есеп бойынша биыл­дық­қа 9 миллион азамат әуе­жай қызметін пайдаланған. Мараттың еншісіне дәп сол 9 миллионыншы сәтті билет бұйырыпты. Мүлде ойламаған жерден олжаға кенелген жолаушыны әуежай басшылығы қуанышпен қарсы алып, екі кісіге арналған демалыс сертификатын табыстады. Осы­лайша, сәтті билет иесі жақын жандарының бірімен Бодрумға саяхатқа аттанбақ.

«Бұл – әуежай үшін де, Алматы қаласы үшін де тарихи оқиға. Неге десеңіз, Алматы әуежайының бүкіл тарихында алғаш рет жолаушылар ағыны 9 млн адамға жетіп отыр. Сәтті билет иесіне сыйлаған жолдамада барлығы қамтылған. Осы ретте бізбен жұмыс іс­тейтін барлық әуе компания­сына алғыс білдіремін. Біз ол кісілер болмаса, осындай нә­тижеге қол жеткізбес едік. Бо­лашақта жаңа жолаушылар терминалы ашылса, 10 миллионыншы жолаушыны қабылдарымыз сөзсіз. Осы орайда Көлік және коммуникация министрлігіне алғыс білдіремін», дейді Халық­аралық Алматы әуежайының президенті Алып Ер Тунга Ерсой.

Күтпеген қуанышқа кенелген Марат Нұралин әуежайда өзіне мұндай сый-құрмет көр­сетілгеніне дән риза. Қуа­нышын жасыра алмаған жолаушы өз әсерімен бөлісті.

«Мен өзім Астана қала­сының тұрғынымын, Алматыға құдамыздың мерейтойына келдік. Бізге ұшақта кішкене күте тұрыңыздар дегенде уайым­дап қалдық. Кіреберісте құттықтап жатқанда не болды екен деген қорқыныш болды. Осындай сыйға ие болғаныма қуаныштымын. Өзім ұшақпен жиі ұшамын. Алдыңғы аптада ғана Алматыға келген едім. Түрік еліне мүлде жолымыз түспеген екен, тосын жолдама соның сәтін тудырар. Әсіресе зайыбымның қуанышында шек жоқ», дейді М. Нұралин.

Айтпақшы, еліміздің әуе қақпасы саналатын Алматы айлағының өткізу қабілетін арттыру мақсатында жаңа Халықаралық жолаушылар терминалының құрылысы жүріп жатыр. Кешен келер жылдың жаз айында аяқталмақ. Су жаңа ғимарат борт көлеміне байланысты бір уақытта жеті ұшаққа дейін қабылдауға қау­қарлы. Ал әуежайдың жалпы өткізу қабілеті жылына 14 млн жолаушыға дейін артпақ. Жобаға сәйкес құры­лым қолданыстағы терминал ғи­маратына жерүсті өткелі арқылы қосылады. Жаңа үлгі жолаушыларға ғима­рат­тың сыртына шықпай-ақ ішкі және халықаралық рейс­терден ауысуға оңай қол жет­кізуді қамтамасыз етпек. Осылайша, жаңа терминал тек халықаралық рейстерге, ал қолданыстағы терминал ішкі рейстерге қызмет көрсетеді.

 

АЛМАТЫ