2023 жылдың 17 желтоқсанында Алматы іргесіндегі Гүлдала ауылында жеке үйлерде газ жарылып, төрт адам зардап шекті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Әкімдіктің мәліметінше, оқиға 17 желтоқсан күні сағат 06:15-те Байтұрсынов көшесі, 67-үйде және 08:20-да Сүйінбай көшесі, 34-те болған. Жарылыс газ-ауа қоспасының жанасуынан туған.
Оқиға салдарынан төрт адам зардап шекті, олардың барлығы жедел түрде ауруханаға жатқызылды.
«Алдын ала себеп - табиғи газ құбырындағы қысымның көтерілуі. Оның себебін анықтау үшін оқиға орнына мамандар жіберілді», - делінген әкімдік хабарламасында.
Оқиға орнына аудан әкімі Таңат Айдарбеков барып, зардап шеккен отбасылардың жағдайымен танысты.
Гүлдалы ауылдық округі әкімінің аппараты мен аудандық төтенше жағдайлар бөліміне профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру, аралау және тұрғын үйлерді тексеру тапсырылды.