• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 19 Желтоқсан, 2023

Гимнасттар Париж Олимпиадасына дайындықты бастады

129 рет
көрсетілді

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев гимнастика федерациясының басшылығымен және жаттықтырушылар штабымен кездесті. Жиын барысында көркем және спорттық гимнастика өкілдері жылды қорытындылап, Париж Олимпиадасына дайындық жоспарларын таныстырды, деп хабарлайды Egemen.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Азия ойындарында көркем гимнастикадан ел құрамасы үздік нәтиже көрсетіп, аталған дода алдындағы міндеттемелерін толық орындаған, яғни 2 күміс пен 1 қола медаль жеңіп алған. Оларға Азиадада жақсы нәтиже көрсеткені үшін алғыс білдірген Ермек Маржықпаевтың айтуынша, федерация басшылығы Қытайдағы жарыс алдында бір күміс жүлде алуды жоспарлағанымен, күткеннен де жоғары нәтижеге қол жеткізіп, Азия аламанында ел қоржынына 3 медаль салды.

«Әрине, гимнастикада төрешілердің субъективті бағалауы жиі кездесетіні бәріне мәлім. Біздің спортшылардың бұдан да жақсы нәтиже көрсетуіне мүмкіндігі болған еді. Алайда бәрі біз ойлағандай бола бермейді. Сондықтан халықаралық жарыстарда жұмыс істейтін отандас төрешілердің санын арттыру бойынша жұмысты күшейту қажет», деді министр.

Ал спорттық гимнастикадан еліміздің ерлер құрамасы Қытайда 1 күміс пен 1 қола жоспарлағанымен, бір қоланы ұтты. Әйтсе де, ұлттық құрама өкілдері жекелей көпсайыста Олимпиада жолдамасын жеңіп алғанын айта кеткен жөн. Қыздар құрамасы Ханчжоуда жеңіс тұғырларынан көріне алмады.

Кездесу соңында ведомство басшысы спорттық гимнастика бойынша ерлер мен қыздар құрамасының дайындық жұмыстарын қайта қарауды тапсырды. Спорттың аталған түрінен ұлттық құрама өкілдерінің соңғы жылдардағы нәтижелері спортшыларды жаңа жүйе бойынша жаттықтыруды қажет етеді.