Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында қазақ күресінен «Дала қырандары» республикалық турнирі өтті.
Жыл бойы ұйымдастырылған түрлі жарыстың қорытындысы бойынша іріктелініп алынған еліміздің ең үздік 64 апайтөсі елорда төрінде өнер көрсетті. Олар 8 салмақ дәрежесінің жүлделерін сарапқа салды. Бозкілемде белдескен балуандар арасында солтүстікқазақстандық Еркебұлан Қалымбеков (55 кг) пен Қайырбек Батырхан (74 кг), астаналық Ержан Еренқайыпов (60 кг), жетісулық Әкежан Біләлов (66 кг), қарағандылық Заңғар Марат (82 кг), қызылордалық Еңбек Сақтағанов (90 кг), шымкенттік Нұрсұлтан Мұзаппаров (100 кг) және маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғаповтың (+100 кг) шоқтығы биік болды.
Жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілген саңлақтардың барлығы да «Дала қырандары» атағына ие болды. Келесі жылы бұл балуандар халықаралық додаларда ел намысын қорғайды.