Астанадағы Beeline Arena кешенінде кәсіпқой бокстан «IBA-ның чемпиондар түні» деп аталатын халықаралық турнир ұйымдастырылды. Аталған жарыста қазақтың жуан жұдырықты жігіттерімен қатар, алыс-жақын шет мемлекеттерден келген бірқатар танымал былғары қолғап шебері күш сынасты. Бұл бәсекелерде Санжар Тәшкенбай (51 кг) өзбекстандық Нодиржон Мырзаахмедовтен, Данияр Елеусінов (71 кг) Оңтүстік Африка Республикасының өкілі Джабулани Макхенседен, Бекзад Нұрдәулетов (80 кг) ресейлік Никита Зоньнан басым түссе, Серік Теміржанов (63,5 кг) сербиялық Павел Федоровқа, Дулат Бекбауов (67 кг) Ресейдің тағы бір боксшысы Харитон Аграбаға, Асланбек Шымбергенов (71 кг) мексикалық Хосе Мигель Боррегоға және Ерасыл Жақпеков (80 кг) нидерландтық Градус Краусқа есе жіберді.
Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен RCC 17 турнирінде ауыр салмақта айқасатын қазақтың аралас жекпе-жек шебері Асылжан Бақытжанұлы кезінде UFC-де бақ сынаған ресейлік Максим Гришинмен шеберлік байқасты. Бұл бәсеке қандасымыздың басымдығымен өтті. Қарсыласына қарағанда «Сақ» өте сауатты қимылдап, соққысын да көбірек дарытты. Бірақ әділдікті белден басқан төрешілер жергілікті спортшының қолын көтерді.
Шорт-тректен Оңтүстік Кореяның астанасы Сеулде шымылдығы түрілген әлем кубогі кезеңдік сайысында Денис Никиша 500 метрлік қашықтықты 41.196 секундта жүгіріп өтіп, қола медаль иеленді. Ол тек қытайлық Шаоан Лю (41.196) мен оңтүстіккореялық И-Ра Сёгеден (41.205) қалып қойды.
Шайбалы хоккейден Қазақстанның жастар құрамасы 2025 жылы өтетін әлем біріншілігінің іріктеу турниріндегі соңғы кездесуде Аустриядан буллит соғу барысында ұтылды. Бірақ бұл жағдай жарыс кестесіне айтарлықтай әсер ете қоймады. Себебі осыған дейін жерлестеріміз төрт кездесудің барлығында жеңіске жетіп, негізгі жарыстың жолдамасына күні бұрын иелік еткен еді. Тағы бір айта кетерлік жайт, осы турнирдің қорытындысы бойынша Владимир Никитин ең үздік қақпашы болып танылды. Ол өз қақпасына бағытталған соққылардың 64,44 пайызын кері қайтарып, 119 рет сейв жасады.
Аралас жекпе-жектен АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында ұйымдастырылған UFC 296 турнирінде әлі де жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген жартылай орта салмақтағы Шавқат Рахмонов 40 жастағы сақа спортшы Стивен Томпсонмен төбелесті. Жергілікті файтер біздің жігітке жарытып қарсылық көрсете алмады. Бәсекенің басынан тізгінді қолына алған Шавқат екінші кезең аяқталуына санаулы секундтар қалғанда Стивенді қылқындырып тастады. Бұл – 29 жастағы қазақтың қайсар ұлының октагондағы 18-жеңісі!
Бокстан әлем чемпионатының қола жүлдегері Тұрсынбай Құлахмет кәсіпқой рингтегі өзінің кезекті жекпе-жегін Ұлыбританияның Сандерленд қаласында өткізді. Бұл бәсекеде орта салмақтағы Сыр бойының саңлағы франциялық Фуад Эль Массудиді ұпай санымен ұтты.
Санкт-Петербургте шайбалы хоккейден «Бірінша арна кубогі» жолындағы жарыс өз мәресіне жетті. Тұсаукесер кездесуде Беларусьтен (2:6) ұтылған отандастарымыз келесі матчта ЖХЛ-дың жұлдыздарынан (3:1) басым түсті. Бірақ соңғы ойында Ресей-25 командасына (2:5) есе жіберді. Нәтижесінде, Қазақстанның хоккейшілері үшінші орынды еншіледі.