Біз не деген жаны сір халықпыз! Отаршылдық қамытын киген басқа кезеңді айтпағанда, кешегі XX ғасырдың өзінде қазақтың басынан не өтпеді: 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, 1917 жылы кеңес өкіметінің орнауы, 1927-1928 жылдардағы зорлап жүргізген ұжымдастыру, 1930-1933 жылдардағы талай жанды жалмаған алапат аштық, 1937-1938 жылдардағы ұлтымыздың сүт бетіне шыққан қаймақтарын сыпырып әкеткен репрессия, 1941-1945 жылдардағы Екінші дүниежүзілік соғыс, 1954 жылғы тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны – осының бәрі халқымызға оңай тиген жоқ. Талай мәрте жіліншігіміз үзіле жаздап барып, аңыздағы феникс құс секілді өз күлімізден жаралып, дүр сілкіндік. Осындай тар құрсаулы кеңестік қоғамның 80-жылдардың соңына қарай жетпіс жылға жуық тоң болып қатқан көбесі сөгілді. Жариялылықтың желі оңынан соқты. Ұлт рухы оянды. Алдымыздан самаладай жарқырап ақ күн туып келе жатты. Тәуелсіздіктің жылы лебі сезілді. Әсіресе отызыншы жылдары жазықсыз жаланың құрбаны болған ел ардақтыларын ақтау қолға алынды. Комиссия құрылды. Енді сол ұлт қайраткерлерінің өмірі мен қызметі туралы мерзімді баспасөзде мақалалар, естеліктер жариялана бастады. Тарихымыздағы ақтаңдақ болып қалған осы тақырыпқа алғаш қалам тербеген журналистің бірі – Армиял Тасымбеков.
Жалпы, отызыншы жылдардағы қазақ зиялылары көрген азап олардың отбасын да айналып өтпеді. Алаш арыстары мен қоғам қайраткерлерінің жарлары да, балалары да қуғын-сүргінді бастан кешті. Армиял Тасымбековтің «Жазығы не еді апалардың?» атты сериялық мақалалары сол жылдары мерзімді баспасөзде дүркін-дүркін жарияланып, осы қатал уақыт бейнесін ашып берді. Өйткені онда апаларымыздың күйеулерін қалай ұстап әкеткені, өздерін қалай қамауға алып, балаларының содан кейінгі тағдыры туралы естеліктері көркемдікпен шыншыл жазылған. Мұнда олардың басынан өткен түрлі жағдайларды оқып, жаныңыз түршігеді. Осы мақалалар жарық көргеннен кейін авторға отызыншы жылдары азап лагерінде болған апалардың өздері, туған-туыстары, балалары білетін деректерін айтып, хабарласа бастайды. Қаламгер кейін сол дүниелердің бәрін топтастырып, «Жан дауысы» атты кітап шығарды.
Журналистің аталған жинағына жазған сәт сапар сөзінде атақты партизан-жазушы, Халық қаһарманы Қасым Қайсенов: «Қазіргі кезеңде біз ақтаңдақтар деп жүрген тақырыпқа қалам тартып жүрген журналист Армиял Тасымбековтің мақалаларын күнделікті баспасөзден қалдырмай оқимын. Оның «Өркен» газетінде шыққан «Жазығы не еді апалардың?» деген сериялық мақаласы мені көп ойға қалдырды. Үлкен басымды кішірейтіп барып оған батамды бердім. Ол әрбір мақаласын шындыққа құра білген. Сол зобалаңды басынан өткізген кейіпкерлерді де көз алдыңда әңгімелеп отырғандай сезінесің. Қасіретті әңгімелерін оқи отырып, жағаңды ұстайсың. Мен өзім сол журналиске рақметін жаудырып жатқан аналардың көз жасын көрдім», депті.
Кітаптың алғашқы бетінен тағдырдың ауыр тезіне түскен қайраткерлер әйелдерінің тартқан азабы, өмір тарихы шынайы баяндалған. Олардың бәрі де күйеулерімен бірге қылмыстық іске қатысты делініп түрмеге қамалған. Тағдыр тауқыметін тартқан сол аналар кім деді десеңіз, олар: Рәзия Меңдешова, Әзиза Рысқұлова, Күләндам Қожанова, Күнжамал Майлина, Сағадат Таштитова, Шәкітай Тәтімова, Гүлбахрам Сейфуллина, Рабиғаханым Асфандиярова, Мәриям Тоғжанова, Мағрипа Қазыбекова, Дәмеш Жүргенова, Айша Қабылова, Лиза Садуақасова... Бұл тізім осылай жалғаса береді. Осы кісілердің бәрі елорда іргесіндегі «АЛЖИР» деп аталатын лагерьде отырды. Кейін Армиял ағамыз «АЛЖИР» атты деректі фильмінің сценарийін жазып, сол азапты көзімен көрген тірі куәгерлерді сөйлетті. Режиссер Болат Атабаев екеуі бірігіп жазған «Кебенек киген арулар» атты драмасы қойылды.
Ұлт мәдениет пен өнер саласы мамандарын даярлауға көп көңіл бөліп, қазақ жастарын үлкен қалаларда білім алуға мүмкіндік жасаған 1933-1937 жылдары Қазақстан үкіметінің халық ағарту комиссары Темірбек Жүргеновтің зайыбы Дәмеш Жүргенованың естелігіне тоқталайық. «Ертеңгісін Темірбек жолшыбай мені жұмысқа апарып тастамақ болып кеңсесіне кіріп кеткені сол еді, іле-шала бір бөгде адам келіп: «Сіз өзіңіз жүре беріңіз», деді маған. НКВД-нің адамдары Темірбекті жұмыс орнынан күтіп отыр екен ғой, қайдан білейін. Біз машинада күтіп отырғанбыз. Бір кезде бейтаныс жігіт мені шақырды. Бардым. Ол Халық ағарту комиссариатының акт залына ертіп барды да: «Осында отыра тұрыңыз», деп шығып кетті. Темірбектің айтқаны шығар деп отыра беріппін. Біраз уақыт өтті. Кенет... есіктен оның көмекшісін көріп қалдым.
– Темірбек қайда?
– Білмеймін, әлгінде шығып кеткен...
Жүрегім су ете қалды. Жүгіріп сыртқа шықтым. Машина ішінде шешем жылап отыр.
– Әлгінде, – дейді ол, – екі жігіт Темірбекті екі жағынан ұстап басқа көлікпен алып кетті. Сірә, сені іздеп, бір нәрсе айтқысы келді-ау деймін, қайта-қайта осы жаққа мойнын бұрып қараумен болды». Осы үзіндіні оқығанда сондағы жан ауыртар көріністер көз алдыңызға келеді. Сол жылдардың бар қайғысын үнсіз ғана көтеріп, күйеулері үшін отқа да түсуге барған апаларымыздың төзімділігіне, қайғыға иілмеген беріктігіне бас иесіз. Шын мәніндегі ерлік деуге болады.
Қайсар қаламгер қуғын-сүргінге ұшыраған мыңдаған қоғам қайраткері мен зиялы қауым отбасыларының, балаларының аты-жөнін анықтауға да зор үлесін қосты. Журналистің жерлесі Молот Солтанаев «Алаштың Армиялы» атты мақаласында оның сол жылдары Мәскеуде өткен Бүкілодақтық ерікті тарихи-ағарту «Мемориал» қоғамының конференциясына қатысып, көптеген жаңа мәлімет жинап алып келгенін жазыпты. «Конференция кезінде лагерь тұтқыны болған, жастық шағының жарқын болар кезін азапта өткізген мәскеулік Ксения Евдокимованың егіле айтқан естелігін жазып алып, ол кісімен абақтыда бірге отырған 29 әйелдің аты-жөнін тізіп көрсетеді. Ленинград филармониясының 70 әйел әртісінің де «АЛЖИРДЕ» отырғанынан хабар жазған Армиял. Мәскеу сапарында осы аталған әйелдердің біразымен жолығып, олардың «Келешек ұрпақ бұл зобалаңды енді көрмей-ақ қойсын, балам», деген батасын алып қайтады», дейді ол.
Белгілі ғалым Серік Негимов Армиялдың алашшыл азамат болғанын айтады. Оның Алаш қайраткерлеріне деген ықыласы ерекше болған. «Ол талантты деректанушы журналист еді. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін Алматыда жастарға арналған «Өркен» атты газет жарық көрді. Бұл басылымда ұлтымыздың тарихына, тағдырына қатысты материалдар жиі басылатын. Сол кезде мен еш жерде жариялата алмай жүрген академик, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің «Мен – халық жауы емеспін» атты көлемі 60 бетті қамтыған мақаласын сол басылымға алып бардым. Алдымнан жүгіріп Армиял Тасымбеков шықты. Қайратты, қағілез жігіт. «Өркен» газетінің бас редакторы Алтынбек Сәрсенбаев еді. Екеуі Мәлік ағамыздың мақаласының бір сөзін өзгертпей, қысқартпай төрт нөмірге бөліп шығарды. Сол кезде осы материалдың шығуына Армиял ерекше өжеттік танытты. Одан кейін «Р.Тагор: ұлттық тілдің тағдыры» деген мақаламды басты. Осыдан бастап, Армиялмен жақын араласа бастадым. Оның 1937-1938 жылдары жазықсыз құрбан болған Алаш ардагерлері мен қоғам қайраткерлерінің артында қалған жарларымен кездесіп, өз ауыздарынан жазып алған естеліктері – өте құнды», дейді профессор.
А.Тасымбеков өмірінің соңғы кезеңінде, яғни 1997 жылы елордаға келіп, қазіргі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика факультетінде қызмет істеді. С.Негимов ағамыздың айтуынша, студенттер ол кісінің алғырлығын, білімдарлығын, зеректігін, журналистік шеберлігін жоғары бағалап, өте жақсы көрген. Шындығында, Армиял ағамыз – кеңес одағы құламай-ақ ұлтымыздың ардақты перзенттері туралы, олардың отбасылары тартқан тауқыметті ешкімнен қаймықпай жазды. Бүгінде оның өмірден озғанына ширек ғасыр уақыт өтсе де, ұлт үшін жасаған қызметі ел жадынан өшпейді деп сенеміз.