Ақтөбе облысында аутизм дертіне шалдыққан 600 бала бар. Олардың жас айырмашылықтары да әртүрлі. Осы балалардың ата-анасы біраз жылдан бері арнайы балабақша ашу қажеттігін күн тәртібіне көтеріп келеді. Өйткені сәбидің аутистік спектрі бұзылғаны неғұрлым ертерек анықталса, соғұрлым мамандар көмегімен қалыпты ортаға бейімдеу мүмкіндігі жоғарылайды. Бала қатарынан қалып қоймасын деп шырылдап жүрген ананың да тілегі осы.
Әзірше дамуында ақау байқалған, әлеуметке бейімделуі қиын сәбилер Ақтөбедегі «Асыл Мирас» орталығында үш ай түзетілім сабақтарынан өтіп жүр. Бірақ бұл жерде дәрігердің жолдамасы болса да, кезек күтуге тура келеді. Жалпы, елімізде «Асыл Мирас» орталығы 2018 жылы Болат Өтемұратов қорының қолдауымен ашылып, оның өңірлердегі бөлімшелері 2021 жылдан бастап облыстық білім басқармаларына өткізілді. Ақтөбе облыстық білім басқармасы жанында коммуналдық мекеме ретінде жұмыс істеп жатқан «Асыл Мирас» орталығында екі жыл ішінде 1-18 жас аралығындағы 308 бала оңалту дәрістерінен өтті. Орталық мамандары ресейлік нейрофизиолог А.Сорокин, Дэвид Геффен медицина мектебі психиатрларының әдістемелерін, баланың сөйлеу тілін қалыптастыруда Джеймс Партингтон бағдарламасын, ерте қолдау бойынша С.Роджерс, Дж. Доусон, Дж. Висмардың тәжірибелерін басшылыққа алады.
«Дәрігерлердің жолдамасымен келген балаға үш ай бойы үзіліссіз педагогикалық түзетілім жұмыстары жүргізіледі. Яғни бала аптасына үш рет бір сағаттан дәріс алады. Былтыр дамуында тежеуі бар 293 баламен, биыл жартыжылдықта 176 баламен жұмыс істедік. Мамандарымыздың тиянақты жұмысының арқасында 12 баладан аутизм диагнозы алынып тасталды. Дамуында тежеуі бар балалар үшін «Денвердің ерте топтық араласу үлгісі» нұсқаулығы тиімді. Былайша айтқанда, сәби дамуындағы өзгерісті ата-аналары ерте байқап коррекциялық көмекке жүгінсе, жақсы нәтижеге тез қол жеткізеді. Біздегі «Ерте қолдау» бағдарламасынан өткен 3-7 жастағы балалар кәдімгі балабақшалар мен мектептерге қабылданды. Бірақ біраз уақыт коррекциялық түзетілімге келіп жүреді. Аутистік спектрі бұзылған, дамуында тежелуі байқалған әр баланың, әр ананың өзіндік себебі бар. Дегенмен ата-ана мен мамандар бірлесе әрекет еткенде баланы қалыпты ортаға қайтарамыз. Арнайы дәрістер осы балалардың ата-аналарына да жүргізіледі. Олар орталықта үйренгендерін үйде қайталайды», дейді «Асыл Мирас» орталығының директоры Айгүл Испанова.
Орталықта төрт жастағы сәбиін он бесінші дәріске әкелген анамен сөйлестік. Адамға назары түспейтін, есімін атап шақырса жылап қашатын бала бірнеше дәрістен соң қатты өзгерген. Енді ол есімін атап шақырса, бұрылып қарайды, қойылған сұрақтарға «бар» не «жоқ» деп жауап береді. Үш жастан асқан Алексей де анасымен бірге орталыққа келіп жүр. Анасы екі жасқа келген баласының бірден тұйықталып, сөздік қорын жоғалтқанын айтады. Есімін атап шақырса, назар аудармайтын болған.
«Сегіз айлығында еңбектеп, бір жасында аяғын басып, сөздерді айта бастаған ұлымды жоғалтып алғандай бойымды қорқыныш билеп, кімнен ақыл сұрарымды білмедім. Дәрігерлердің жолдамасымен «Асыл Мирас» орталығына келіп, үш ай оңалту курстарынан өткен соң баламды қайта тапқандай болдым. Қазір Лешка есімін атап шақырса, жауап қатады, тиянақты және сабырлы бола түсті. Оған дейін бір орында отырмайтын еді. Баламды қалыпты өмірге қайтарған орталықтың мұғалімдері Назгүл мен Гауһарға алғысым шексіз», дейді Алексейдің анасы.
Дені сау болып дүниеге келіп, жасына сай дамып келе жатқан тағы бір бүлдіршін екі жасқа келгенде тамақтан бас тартып, сәбилерге арналған қоспаны қайта сұрай бастайды. Анасы алғашқыда онысын еркелік ретінде қарап, аса мән бермейді. Кезекті дәрігерлік тексерістен өтуге келгенде балаға аутизм диагнозы қойылады. Оңалту сабақтарынан өтуге «Асыл Мирас» орталығына келгенде бірінші күні сәби көзін қолымен жауып, сұраққа жауап қатпайды. Осы жердегі балалардың бірі айқайласа, жылап қалатын. Үш айдан соң баланың бойында ерекше өзгерістер пайда болған. Ол жылауды доғарды, қажет нәрсені сұқ саусағымен көрсетіп сұрап алды, балалармен ойнап, сөзді толық айтпаса да, жаңа дыбыстар шығарған. Сабақ кезінде балалармен қосылып ән айтқан.
«Үйде Мирон белсенді бола түсті. Ұйықтауға жатамыз десем, терезе пердесін өзі жауып, жарықты сөндіріп, төсегіне барып жатады. Мультфильм көргісі келсе, пультті маған алып келеді. Кішкентай ойыншықтарды өзі құрастырады. Әрине, алдымызда көп жұмыс тұр. Соған қарамастан үш айда көп жетістіктерге жеткенімізді түсіндім. Төрт жастағы баламды әлеуметке бейімдеуде осы орталық мамандарының еңбегі күшті», дейді Миронның анасы.
Үш жастағы Ерсұлтанның анасы да түзетілім сабақтарының пайдасы зор болғанын айтады. Бір жасында жүріп, жеке сөздерді айта бастаған бүлдіршіннің екі жасында тежелуі байқалған. Дауысқа назар аудармай, өзінен-өзі мазасызданып жылай берген. Қонаққа барғанда бір орында отырмай, далаға шығарып ойнатқанда балалардан қашқан. Анасының қасында бар-жоғы бәрібір екен. Екі жастан асқанда психологиялық тежелуі анықталып, оған қоса бойында ашу-ызасы бар деген дәрігерлік қорытындымен «Асыл Мирас» орталығына жіберілген. Орындыққа отыра алмайтын, «кел, жүр, тұр» деген сөздерге мән бермейтін, есімін атап шақырса, үнсіз қалатын бала қазір қатты өзгерген. Ұшқалақтығы басылып, сабырлы бола түскен, ойыншықтармен ұзақ ойнайды.
«Алыстан келе жатсам танитын болды. Үйде үш жас ересек ағасымен ойнайды. Қасынан кетіп бара жатсам, жылайды. Қысқасы, үш жастағы балам қалыпты өмірге қайтып оралды», дейді Ерсұлтанның анасы.
Аутизм диагнозымен әлеуметке ерте бейімделу курсынан өткен бірнеше сәби осылайша өз қатарластарын қуып жетті. Олар қазір мемлекеттік балабақшаларға барып жүр.
Жыл сайын өңірде психологиялық дамуында кемістігі бар балалар көбейіп келе жатқанын назарға алсақ, 900 мыңға жуық тұрғыны бар облыста аутизм дертіне шалдыққан сәбилерге арналған жалғыз түзетілім орталығы аздық ететіні анық. Сәби өз әлеміне тығылып қалса, оның әлеуметтен өгейленуі ерте басталады. Осы кезде дамуында тежелуі бар деген үкім кесіледі. Сол үшін де ерекше балалармен жұмыс істейтін орталықтар мен балабақшалардың жұмысын жақсы жолға қою керек. Өйткені инклюзивті ортадағы баланың қажеттіліктерін түсінетін кәсіби мамандар ғана сәбиді тұйықтан алып шыға алады.
Ақтөбе облысы