Түркияның Анкара қаласында тарихи Анадолы өркениеттер музейінде «Ұлы Дала Алтыны» атты көрме ашылды. Көрме авторы – белгілі археолог, профессор, тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашев. Көрмеге әйгілі Берел, Елеке сазы, Қарақаба археологиялық орындардан табылған жәдігерлер топтамасы қойылды, деп хабарлайды Egemen.kz Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Берел қорымынан табылған әйелдер киімдерінің және ат әбзелдерінің ғылыми реконструкциялары көрмедегі ең көз тартатын жәдігерлердің бірі болды. Сонымен қатар VIII ғасырда өмір сүрген жауынгер-музыканттың реконструкциясы, Қатонқарағай ауданы Қарақаба қорымынан табылған музыкалық аспаптар, дулыға маскасы, әшекейленген жауынгерлік белбеу, қынап, қылыш, садақ, жебелер, Қимақ қағанаты жауынгерінің қару-жарақтары, киімдері таныстырылды.
Тоқыма бұйымдарының реконструкциялары Венгрия шеберханасында арнайы табиғи жібек матадан жасалған.
Көрменің маңызды элементі - №11 Берел қорғанынан (б.з.д. IV-III ғғ.) табылған ат әбзелдері болып табылады. Ат әбзелдерінің салтанатты әшекейлері оның дәрежесіне қарай ерекше керек-жарақтары болуымен, атап айтқанда, алтын өрнектермен безендірілген ағаш мүйіз маскасымен және былғарымен ерекшеленеді. Ершік полиморфты жануарлардың бейнелерімен безендірілген.
Көшпелілер дәуіріндегі зергерлік бұйымдар өркениет дамуының ең биік деңгейін, сондай-ақ, өткен ғасырлардағы зергерлердің тамаша шеберлігін көрсетіп, қазақ халқының тарихына жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ сол күні музейде Зейнолла Самашевтың «Көне түрік бейнелеу өнері» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.