• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Әдебиет 20 Желтоқсан, 2023

«Сары тентек» атанған ақынның кітабы оқырманға жол тартты

1364 рет
көрсетілді

Ақын,  халықаралық, республикалық ақындар айтысының жеңімпазы, республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты «қазақтың сары тентегі» атанған Қуаныш Мақсұтовтың  жуырда жарық көрген «Құт» кітабының тұсаукесері өтті.

Астанадағы Ұлттық  академиялық кітапханада өткен рухани іс-шараға  ақын-жазушылар, зиялы қауым, БАҚ өкілдері, жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.

Ақынның өлеңдері, бардтық, шансондық бағытта  жазған әндері, ой-толғамдары, көсемсөз жазбалары топтастырылған кітаптың тұсаукесер рәсімінен кейін  Мемлекеттік сыйлықтың  лауреаттары жазушы Әлібек Асқаров, ақын  Ғалым Жайлыбай, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіп Жүнісбайұлы, филология ғылымдарының докторы Айгүл Ісмақова бастаған зиялы қауым өкілдері сөз алып, ақынға тілеулестік білдірді.  

«Биыл 60 жасқа толдым. Осы мерейтойымда халқыма перзенттік парызым ретінде есеп бергім келді.  Жазба поэзиямдағы өлеңдерімді сұрыптап, бардтық, шансондық бағытта  жазған әндерімді жинақтап, мемлекеттік, ұлттық құндылық, елдік мұрат-мүдде турасындағы пайым-пікір, ой-толғам, көсемсөздерімді тиянақтап кітапқа топтастырдым.  Екіншіден еліміздің кітап индустриясына жаңаша леп әкелгім келді.  Биыл ізімізді басып келе жатқан  талантты жастар АҚШ-тың, Еуропаның ауқымды музыкалық платформаларына менің бардтық, шансондық  бағыттағы туындыларымды енгізді. Біз сол шығарманың  QR-кодын осы кітапқа да   жарияладық. Кез келген адам қолындағы смартфонына осы кодты белгілеу арқылы менің YouTube арнама өтіп,  ұлттық адамзаттық құндылықтармен таныса алады. Кітаптың сапалық сынына да баса назар аударып, мұқабасы қапталған былғарыны шетелден алдырдық.  Түрлі-түсті етіп, әрбір  туындыға сурет қабыстыра отырып  қымбат қағазбен басудағы мұратымыз – кітаптың мазмұндық салмағын ғана емес эстетикалық, көркемдік құндылығын да арттыру.  Топтастырылған туындылардың негізгі бөлігі поэзия болғандықтан да эстетикалық талғамына ерекше байыппен қарадық. Кітаптың жарыққа шығуына қолдау көрсеткен Мәдениет және ақпарат министрлігіне, Қарағанды облысының әкімдігіне, «Amanat», «Ақ жол» партияларына алғысымды айтамын.  Бұл кітап – менің 10 жылдық еңбегімнің өтеуі.  Ертеректе Мәскеуге арнайы барып  қазақтың бардтық, шансондық жанрындағы  туындыларын таспаға басып  әкелгеннен бергі уақытта табанымды тас тіле жүріп атқарған жұмысым осы «Құт» кітабындағы  шығармаларым.

Кітапты «Құт» деп атауымның себебі қазақ руханиятына жаңа леп боп еніп, құт боп  дарыса деген ұстаным.  Елдің құты қашпауы үшін бізге ең бірінші ұлтты ұйыта, ұйыстыра білу керек.  Ал ұлтты ұйыту жолында қазақтың қаламгерлері аманатты  арқалауы тиіс.  Бұл – міндет, ал  қазақтың зиялы қоғамы әлі күнге бұл аманатты  парыз деңгейінде ғана түсініп жүр. Қазір біз мемлекетті нығайтатын дүниеге басым көзқараспен  қарауымыз керек», деді Қуаныш Мақсұтов.

Ақынның бұған дейін 2013 жылы   «Мәңгілік мұңның әуені» атты бардтық әндер жинағы мен «Тәкаппар мұңның кербез тамшылары» атты жыр кітабы  жарық көрді.