Түркияның Мерсин қаласында Ұлыбританияның New Nuclear Watch институтының мұрындық болуымен, Түркия атом өнеркәсібі ассоциациясы және Sustainable Enerji Projeler компаниясының ұйымдастыруымен журналистерге арналған семинар өтті.
Жаһандық жылыну халықаралық қоғамдастықтың күн тәртібіндегі мәселеге айналғалы біраз уақыт өтті. Ауаға бөлінетін зиянды газдар көлемін азайту да талайдан бері айтылып келеді. Климаттың өзгеруі шартарапқа қауіп төндіріп отырғанда қалай әрекет еткен жөн? Бұл сауал әлемнің мүйізі қарағайдай ғалымдары мен саясаткерлерін алаңдатып отыр. Мұның бір шешімі ретінде баламалы энергетика көздері аталады. Күн, жел, био энергияның тиімділігі қандай? Артықшылығы бар ма? Экологиялық таза энергетикаға атомды бейбіт мақсатта қолдануды жатқыза аламыз ба? Кең ауқымды семинар-кеңес барысында осындай қадау-қадау мәселелерге қатысты түрлі тиімді дәрістер көптеп оқылып, сала мамандары орнықты ой-пікірлерін ортаға салды.
Астананың аязынан Анадолыға дейін
Биылғы қыс елімізде жылы басталғаны белгілі. Әдетте қарашаның ортасынан ауа елордада қалың қар жататын. Бірақ желтоқсанның алғашқы онкүндігінде қара жер көрініп жатты. Бұл да табиғаттың өзгеше құбылысы, климаттың өзгеруінің бір белгісі секілді. Дегенмен Астанадан Анадолыға аттанар күні Сарыарқаның сақылдаған сары аязы қысып берді. Ауа температурасы – 40 градусқа дейін төмендеді...
Біз мінген ұшақ әуеге көтеріліп, жылы жаққа беттеген құс секілді Анадолыға бағыт алды. Осылайша, Қазақстаннан, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Әзербайжаннан, Мысырдан жолға шыққан журналистер Мерсин қаласында жиналдық. Әуежайға түскенде Жерорта теңізінің жылы лебі есіп, Астанадан шыққанда киген қалың күртелерімізді шешуге тура келді.
Қысы жанға жайлы, жазы ыстық Мерсин қаласын таңдау бекер емес. Біріншіден, Мерсин – Түркиядағы тұңғыш атом электр стансасы «Аккуюға» ең жақын орналасқан ірі шаһар. Екіншіден, өңірде Анадолыдағы ең ірі жел трубиналары мен күн панельдері орнатылған. Оның үстіне, қала тұрғындары баламалы энергетика көздерін барынша пайдалануға тырысатыны анық байқалады. Мәселен, шаһардағы көптеген жер үйде күн панельдері қойылған. Сондай-ақ биік ғимараттардың төбесіне арнайы цистерна орнатылған. Осылайша, күн сәулесі арқылы тұтынатын ыстық суды жылытады.
«Жасыл» энергияның мүмкіндігі мол
Семинардың ашылу салтанатында New Nuclear Watch институтының төрағасы Тим Йе сөз сөйлеп, іс-шараның маңызын түсіндірді. Оның айтуынша, жиын «жасыл» энергия түрлерінің техникалық және экономикалық аспектілеріне, сондай-ақ көмірқышқыл газдарын аз бөлетін энергетика түрлерінің өзара әрекеттесуіне мән береді. Тим Йе өз сөзінде Қазақстанда New Nuclear Watch институтының филиалы ашылғанын атап өтті. Осылайша, Орталық Азиядағы жұмысын өрістетуге мүмкіндік туып отыр.
«Орталық Азияның ядролық энергетикалық қуатын кеңейту, көмір мен басқа да қазба отындарына тәуелділігін азайтуға әлеуеті зор деп есептейміз. Бұл қазіргі уақытта өте маңызды», деді Тим Йе.
Бұдан кейін Халықаралық энергетика агенттігінің (IEA) сарапшысы Кит Эверхарт таза энергетика көздеріне көшу жөнінде семинар өткізді. Ұйым 1974 жылы мұнай дағдарысынан кейін энергетикамен қамтамасыз етуді әртараптандыру, оның тиімділігін арттыру және технологиялық зерттеулер мен инновацияларды жетілдіру мақсатында құрылған.
Баяндамашы келтірген мәліметтерге сүйенсек, ауаға парникті газдар негізінен электр тоғын өндіру, өнеркәсіп, көлік және ғимарат салу кезінде көптеп бөлінеді. Мәселен, 2022 жылы 37,15 миллиард тонна зиянды газ шығарылған. Соның ішінде электр тоғының үлесі 25 пайыздан асып кеткен.
Өздеріңізге мәлім, әлем елдері 2015 жылы Париж келісіміне қол қойған болатын. Соған сәйкес, әр мемлекет ауаға шығаратын зиянды газдар мөлшерін айтарлықтай азайтуға тиіс. Алда-жалда шартараптың түкпір-түкпірінде осы міндеттерді толығымен орындаса, 2030 жылға қарай парникті газдар шығарылымын шамамен 25 миллиард тоннаға дейін азайтуға мүмкіндік бар.
Мәселен, ауыр өндіріс саласына жаңа, инновациялық технологиялар жаппай енгізілуі керек. Көшелердегі электр қуатымен жүретін көліктер 60 пайызға дейін жетуі қажет. Жаңадан салынған ғимараттар қоршаған ортаны ластамайтын, көмірқышқыл газын бөлмейтіндей жобаланғаны жөн. Жел және күн энергиясының көлемі мың гигаваттан асуға тиіс. Сонымен қатар дамыған елдер көмір қолданудан түбегейлі бас тартқаны абзал. Спикердің сөзіне сүйенсек, сонда ғана әлем 2030 жылға қарай ауаға бөлінетін зиянды газдар көлемін 25 миллиард тоннаға дейін азайта алады.
«Жасыл энергетикаға өту қоршаған ортаға пайдалы болғанымен, экономикалық тұрғыда дамушы мемлекеттерге қиындық туғызады. Жаңармалы энергетика көздері мол қаражат қажет етеді. Сол себепті оған құйылатын инвестиция көлемі электр тоғының құнын анықтауда аса маңызға ие. Алда-жалда дамушы мемлекеттер энергетика саласында басқаларға қарағанда бірнеше есе артық қаржы төлесе, онда бұл жаһандық міндетке қол жеткізуді бәсеңдетеді», деді Халықаралық энергетика агенттігінің өкілі.
Сарапшы биыл жасыл энергетикаға құйылатын инвестиция көлемі 1,7 триллион долларға жеткізудің маңызына тоқталды. Салыстырмалы түрде қарасақ, 2017 жылы оның көлемі триллион долларға жуықтаған.
«Халықаралық энергетика агенттігінің даму бағдарына сүйенсек, 2030 жылға қарай инвестиция көлемін 2 триллион доллардан асуы қажет. Ал зиянды газдар шығарылымын нөлдік деңгейге түсіру үшін 4 триллион доллардан астам қаражат құю керек. Әлем елдері 2015 жылы COP21 саммиті кезінде қол қойған Париж келісіміне сәйкес, мемлекеттер парникті газ шығарылымын нөлдік деңгейге түсіруге мұрсат белгіледі. Энергетика саласында айтарлықтай өзгерістер жасай алсақ та, уәде еткен міндеттемені орындауға әлі ерте. Әсіресе 2030 жылға дейін оған қол жеткізу қиын», деді К.Эверхарт.
Баяндамашының болжамына сәйкес, 2050 жылға қарай электр тоғына қажеттілік үш есеге дейін өспек. Яғни бұл нөлдік бағдардан әлдеқайда жоғары. К.Эверхарт семинар барысында түрлі баламалы энергетика көздеріне шолу жасай келе, әлем елдері атом энергетикасын дамытуға ерекше басымдық беру қажет екеніне тоқталды. Өйткені мұның бірнеше себебі бар.
Біріншіден, күн, жел және био энергетика көздері тәулік бойы тоқпен қамтамасыз ете алмайды. Түсінікті тілмен айтсақ, жел тұрмаса трубиналар қозғалмайды, қараңғыда күн панельдері электр өндірмейді. Осындай сәтте баламалы энергетиканы алмастыратын өндіріс қажет. Спикер төмен көміртекті диспетчерлік технология ретінде ядролық энергияның қызмет ету мерзімін ұзарту басты назарда екенін атап өтті.
«Таза нөлдік шығарындыға қол жеткізу үшін 2030 жылға қарай таза энергияны бүгінгі деңгеймен салыстырғанда тоғыз есе арттыру қажет. Алайда көп шығын қажет ететіндіктен, дамушы елдерге қиын. Мәселен, жел, күннен тоқ өндіру барысында аса маңызға ие минералдарға бәрі тәуелді. Өйткені оларды өндіретін елдер санаулы ғана. Сондықтан оның құны қазба отындардан бірнеше есе артып кете ме деген қауіп бар», деді К.Эверхарт.
Семинар барысында баяндамашыдан «атом электр стансаларында пайдаланылатын суды кейіннен үйлерді жылытуға пайдалануға бола ма?» деп сұраған едік. К.Эверхарттың айтуынша, техникалық тұрғыда бұған мүмкіндік бар.
«Нөлдік бағдар аясында мұндай тәсілді пайдаланудың жолдарын қарастырып көрген едік. Біздің есептеуімізге сәйкес, ғимараттарға қажетті инфрақұрылымды тарту мол қаражатты талап етеді. Яғни оның болжамды құны пайдасынан бірнеше есе асып түседі екен. Сондықтан бұған қол жеткізу үшін атом электр стансаларын өте арзанға салуымыз қажет. Оның үстіне, ғимараттарды жылытудың басқа да тиімді, арзан, қоршаған ортаға залалсыз түрлері бар», деді К.Эверхарт.
Атом электр стансалары тиімді ме?
Семинардың кезекті бөлімі энергетика саласына бөлінетін инвестиция мен атом электр стансаларының тиімділігіне арналды. Журналистерге арнап Халықаралық ядролық инфрақұрылым банкін (IBNI) іске асыру ұйымының стратегиялық консультативтік тобының жетекшісі Дэниел Дин дәріс оқыды.
«Өткен аптада COP28 саммиті кезінде министрлік деңгейде декларацияға қол қойылды. Бұл құжат мемлекеттер арасында жаһандық атом энергетикасын үш есе арттыруға мүмкіндік береді. Дегенмен онда миллиондаған доллар қаражатты қалай бөлу мәселесі қарастырылмаған. Ендеше, осындай сәтте жаһандық қаржы нарығының атом энергетикасы саласына араласуына тура келеді. Мұны жедел түрде атқаруымыз қажет. Осыған байланысты Халықаралық ядролық инфрақұрылым банкі (IBNI) құрылып, мол көлемдегі қаражатты көміртегі газын азайту жолында тиімді жұмсауға назар аудармақ», деді Д.Дин.
Баяндамашының айтуынша, жаһандық жылынумен күрес жолындағы міндеттемені орындау үшін әр мемлекетке энергетика саласындағы инвестицияның жаңа парадигмасы қажет. Мәселен, қарапайым тұрғындар үшін қаншалықты қолжетімді екені маңызға ие.
«Инвестиция қаншалықты «жасыл»? Бұл мәселені көміртегі газдары шығарылымын азайту мақсатына қол жеткізуде ескеру қажет. Энергетика саласындағы инвестиция ұзақмерзімді саясатты керек етеді. Нарық қалай жұмыс істейді? Нақты ережелер бекітілген бе? Мұның бәрі баламалы, қоршаған ортаға зиянсыз кез келген энергетика көздерінің бәрінде өзара байланысты», деді Д.Дин.
Сонымен қатар спикер энергетика саласының қаншалықты қауіпсіз екеніне назар аударудың маңызына да тоқталды. Оның айтуынша, мемлекет геосаяси, экономикалық және басқа да себептерге байланысты энергетика саласында қиындық көрмеуі үшін қауіпсіздік мәселесіне ерекше мән беруі қажет. Сондай-ақ Халықаралық ядролық инфрақұрылым банкінің төрағасы атом энергиясының көміртегі шығарылымы ең төмен энергия көзі ретінде ерекшеленетінін атап өтті.
«Құрылыс пен өндіріс кезінде аздаған мөлшерде болса да зиянды газдар бөлінеді. АЭС энергия өндірудің ең сенімді түрі ретінде ерекшеленеді. Қуаты жоғары. Мәселен, оның тиімділігі 90 пайыздан жоғары. Көмірқышқыл газдары шығарылымын нөлге түсіру мақсатына қол жеткізу жолында энергетика саласын әртараптандыру қажет. Атом энергетикасы мұны қамтамасыз ете алатын әмбебап шешім», деді Д.Дин.
Баяндамашы атом электр стансаларының жаһандық жылынудың алдын алу мақсатын орындаудан өзге де пайдалы тұстары бар екенін атап өтті. Мәселен, елдегі ғылым мен білімді дамытуға да зор үлес қоса алады.
Сонымен қатар Д.Дин Халықаралық ядролық инфрақұрылым банкінің жұмысы жөнінде де әңгімелеп берді. Оның айтуынша, IBNI мүше елдердің үкіметіне тиесілі болады. Осылайша, Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі, Еуропалық қайта құру және даму банкі секілді халықаралық қаржы институттарының құрылымына ұқсамақ.
«Біз бастапқы капитал ретінде 50 миллиард долларды мақсат етіп отырмыз. Оның жартысы меншікті түрде төленеді, ал екіншісі қайтарылуға жатады. Осыған байланысты 25 миллиард доллар үлестіріледі. Жобаға 20 мемлекет қосылады деп үміттенеміз. АҚШ секілді экономикасы үлкен елдердің үлесі көп болады. Осылайша, акция елдің экономикалық көлеміне байланысты бөлінеді», деді Д.Дин.
Алмалыдағы «алтын бақ»
Семинардың екінші күні Мерсин өңіріндегі Elmali (қазақшасы Алмалы) жел және күн электр стансаларына жол тарттық. Шаһардан шыққан автобус Жерорта теңізін жағалай батысқа қарай беттеді. Жол көрсетуші гидтің айтуынша, аймақ құлпынай, мандарин секілді түрлі цитрус жемістер өсіруден танымал көрінеді. Сондай-ақ Мерсиннің тарихы да тереңде жатыр. Кезінде Рим империясы, Византия секілді империялардың негізгі портты қаласы саналған. Бірнеше рет қолдан-қолға өтіп, ақырында Осман империясының құрамына кірген. Мерсин провинциясының Тарсус қаласы апостол Павелдің туған жері саналады. Сондай-ақ Клеопатра да Мысыр сапарына осы жерден аттанған деседі. Осман империясы кезінде де Мерсин үлкен рөл ойнаған. Кипрды жаулап алар кезде түрік әскері осында күш жинап, теңіздегі аралға шабуыл жасаған екен...
Екі сағаттық жолдан кейін «Алмалы жел электр стансасына» келіп жеттік. Мұнда жиырмаға жуық жел трубиналары орнатылған екен. Әрқайсысы бөлек-бөлек компанияға тиесілі. Біз аралаған стансаны Sur Enerji компаниясы орнатыпты. Жоба 2016 жылы басталып, 2017 жылы аяқталған. Vestas маркалы қуаты 3 МВт трубиналары орнатылған.
Станса қызметкерлерінің айтуынша, трубиналар сағатына 35 метр жылдамдықпен жел соққанда бүкіл қуатына енеді де, шамамен 3,4 МВт электр тоғын өндіреді. Трубина қалақшаларының ұзындығы – 56 метр. Стансаның қызмет ету мерзімі 20 жылға дейін жетеді. Ерекшелігі сол, трубиналар желдің бағытына қарай өзгеріп отырады. Осылайша, оның тиімділігі артатын көрінеді. Алайда желдің жылдамдығы сағатына 100 метрден асқаннан кейін автоматты түрде тоқтайды. Себебі мұндай сәтте жұмыс істеу трубиналарды сындырып жіберуі мүмкін.
Жалпы, Түркия кейінгі жылдары жел энергетикасына ерекше ден қойып отыр. Қазіргі таңда елдегі электр тоғына қажеттіліктің 10 пайызға жуығын, яғни 11 гигаватт қуатты желден өндіреді. Анадолыда шамамен 300-ге жуық жел электр стансасы, 4000-нан аса жел трубинасы бар. Біз барған Алмалыдағы жел электр стансасы солардың бір бөлігі ғана.
Бұдан кейін Bakirlar tekstil sanayi ve ticaret компаниясына тиесілі күн электр стансасын араладық. Мұндағы құрылыс аяқталғанымен, әлі іске қосылмаған. Компания өкілдерінің айтуынша, 2024 жылғы қаңтарда станса тоқ өндіруді бастайды. Алқапқа 6772 панель орнатылған. Оларды жергілікті компания шығарғандықтан, құны арзанға түскен. Сол себепті 7-8 жыл көлемінде өзін-өзі толық ақтап шығатынын алға тартады. Күн панельдерінің тағы бір ерекшелігі, оның екі беті де жарамды. Яғни жоғары қараған беті тікелей түскен күн сәулесін қуатқа айналдырса, төменгі жағы жерден шағылысқан сәуледен тоқ өндіреді.
Анадолыдағы ағайын күн энергетикасына да ерекше мән беріп отырғанын айта кеткен ләзім. Қазіргі таңда елдегі күн панельдері қажеттіліктің 5 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Жоспар бойынша Түркия 2035 жылға қарай күн энергетикасының көлемін 53 гигаваттқа дейін жеткізбек.
Алмалыдағы сапарымыз аяқталғаннан кейін семинарлар жалғасын тапты. Бұл жолы энергетика саласындағы геосаяси мәселелер, атом энергетикасына қатысты қоғамдық пікір жөнінде дәріс өтті. Сондай-ақ «Аккую» атом электр стансасы жан-жақты таныстырылды.
Астана – Мерсин – Селифке – Астана