• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Энергетика 21 Желтоқсан, 2023

Баламалы энергетика – басым бағыт

199 рет
көрсетілді

Түркияның Мерсин қаласында Ұлыбри­та­ния­ның New Nuclear Watch институтының мұрындық болуымен, Түркия атом өнеркәсібі ассоциация­сы және Sustainable Enerji Projeler компаниясының ұйымдастыруымен жур­на­лис­терге арналған семинар өтті.

Жаһандық жылыну халықаралық қоғам­дастықтың күн тәртібіндегі мәселеге айналғалы біраз уақыт өтті. Ауаға бөлінетін зиянды газдар көлемін азайту да талайдан бері ­айтылып келеді. Климаттың өзгеруі шартарапқа қауіп төндіріп отырғанда қалай әрекет еткен жөн? Бұл сауал әлемнің мүйізі қарағайдай ғалымдары мен саясаткерлерін алаңдатып отыр. Мұның бір шешімі ретінде баламалы энергетика көздері аталады. Күн, жел, био энергияның тиімділігі қандай? Артықшылығы бар ма? Экологиялық таза энергетикаға атомды бейбіт мақсатта қолдануды жатқыза аламыз ба? Кең ауқымды семинар-кеңес барысында осындай қадау-қадау мәселелерге қатысты түрлі тиімді дәрістер көптеп оқылып, сала мамандары орнықты ой-пікірлерін ортаға салды.

 

Астананың аязынан Анадолыға дейін

Биылғы қыс елімізде жылы бастал­ғаны белгілі. Әдетте қарашаның ортасынан ауа елордада қалың қар жататын. Бірақ желтоқсанның алғашқы онкүндігінде қара жер көрініп жатты. Бұл да табиғаттың өзгеше құбылысы, климаттың өзгеруінің бір белгісі секілді. Дегенмен Астанадан Анадолыға аттанар күні Сарыарқаның сақылдаған сары аязы қысып берді. Ауа температурасы – 40 гра­дусқа дейін төмендеді...

Біз мінген ұшақ әуеге көтеріліп, жылы жаққа беттеген құс секілді Ана­до­лыға бағыт алды. Осылайша, Қазақ­стан­нан, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Әзер­байжаннан, Мысырдан жолға шық­қан журналистер Мерсин қаласында жиналдық. Әуежайға түскенде Жерорта теңізінің жылы лебі есіп, Астана­дан шыққанда киген қалың күрте­ле­рі­мізді шешуге тура келді.

Қысы жанға жайлы, жазы ыстық Мерсин қаласын таңдау бекер емес. Біріншіден, Мерсин – Түркиядағы тұң­ғыш атом электр стансасы «Аккуюға» ең жақын орналасқан ірі шаһар. Екін­ші­ден, өңірде Анадолыдағы ең ірі жел трубиналары мен күн панельдері орна­тылған. Оның үстіне, қала тұр­ғын­дары баламалы энергетика көз­де­рін барынша пайдалануға тырыса­ты­ны анық байқалады. Мәселен, шаһардағы көптеген жер үйде күн панель­дері қойылған. Сондай-ақ биік ғима­рат­тар­дың төбесіне арнайы цистерна орна­тыл­ған. Осылайша, күн сәулесі арқылы тұтынатын ыстық суды жылытады.

 

«Жасыл» энергияның мүмкіндігі мол

Семинардың ашылу салтанатында­ New Nuclear Watch институтының төраға­сы Тим Йе сөз сөйлеп, іс-шараның маңызын түсіндірді. Оның айтуынша, жиын «жасыл» энергия түрлерінің тех­ни­калық және экономикалық аспек­ті­­л­еріне, сондай-ақ көмірқышқыл газда­рын аз бөлетін энергетика түрлерінің өзара әрекеттесуіне мән береді. Тим Йе өз сөзін­­де Қазақстанда New Nuclear Watch инс­­ти­­тутының филиалы ашылғанын атап өтті. Осылайша, Орталық Азиядағы жұ­мы­сын өріс­тетуге мүмкіндік туып отыр.

«Орталық Азияның ядролық энер­ге­тикалық қуатын кеңейту, көмір мен басқа да қазба отындарына тәуелділігін азайтуға әлеуеті зор деп есептейміз. Бұл қазіргі уақытта өте маңызды», деді Тим Йе.

Бұдан кейін Халықаралық энергетика агент­тігінің (IEA) сарапшысы Кит Эверхарт таза энергетика көздеріне көшу­ жөнінде семинар өткізді. Ұйым 1974 жылы мұнай дағдарысынан кейін энергетикамен қамтамасыз етуді әрта­рап­тандыру, оның тиімділігін арттыру және технологиялық зерттеу­лер мен инновацияларды жетілдіру мақсатында құрылған.

Баяндамашы келтірген мәлі­мет­терге сүйенсек, ауаға парникті газдар негізінен электр тоғын өндіру, өнеркәсіп, көлік және ғимарат салу кезінде көптеп бөлі­неді. Мәселен, 2022 жылы 37,15 миллиард тонна ­зиянды газ шығарылған. Соның ішінде электр тоғының үлесі 25 па­йыздан асып ­кеткен.

Өздеріңізге мәлім, әлем елдері 2015 жылы Париж келісіміне қол қойған болатын. Соған сәйкес, әр мемлекет ауаға шығаратын зиянды газдар мөлшерін айтарлықтай азайтуға тиіс. Алда-жалда шартараптың түкпір-түкпірінде осы міндеттерді толығымен орындаса, 2030 жылға қарай парникті газдар шығарылымын шамамен 25 мил­­лиард тоннаға дейін азайтуға мүмкіндік бар.

Мәселен, ауыр өндіріс саласына жаңа, инновациялық технологиялар жаппай енгізілуі керек. Көшелердегі электр қуатымен жүретін көліктер 60 пайызға дейін жетуі қажет. Жаңадан салынған ғимараттар қоршаған ортаны ластамайтын, көмірқышқыл газын бөлмейтіндей жобаланғаны жөн. Жел және күн энергиясының көлемі мың гигаваттан асуға тиіс. Сонымен қатар дамыған елдер көмір қолданудан түбегейлі бас тартқаны абзал. Спикердің сөзіне сүйенсек, сонда ғана әлем 2030 жылға қарай ауаға бөлінетін ­зиянды газдар көлемін 25 мил­­лиард тоннаға дейін азайта алады.

«Жасыл энергетикаға өту қорша­ған ортаға пайдалы болғанымен, эконо­ми­калық тұрғыда дамушы мемлекеттерге қиындық туғызады. Жаңармалы энергетика көздері мол қаражат қажет етеді. Сол себепті оған құйылатын инвестиция көлемі электр тоғының құнын анықтауда аса маңызға ие. Алда-жалда дамушы мемлекеттер энергетика саласында басқаларға қарағанда бірнеше есе артық қаржы төлесе, онда бұл жаһандық міндетке қол жеткізуді бәсең­­детеді», деді Халықаралық энергетика агенттігінің өкілі.

Сарапшы биыл жасыл энергетикаға құйылатын инвестиция көлемі 1,7 триллион долларға жеткізудің ма­ңызына тоқталды. Салыстырмалы түрде қарасақ, 2017 жылы оның көлемі триллион дол­ларға жуықтаған.

«Халықаралық энергетика агент­тігінің даму бағдарына сүйенсек, 2030 жылға қарай инвестиция көлемін 2 триллион доллардан асуы қажет. Ал зиянды газдар шығарылымын нөлдік деңгейге түсіру үшін 4 триллион доллардан астам қаражат құю керек. Әлем елдері 2015 жылы COP21 саммиті кезінде қол қойған Париж келісіміне сәйкес, мемлекеттер парникті газ шығарылымын нөлдік деңгейге түсіруге мұрсат белгіледі. Энергетика саласында айтарлықтай өзгерістер жасай алсақ та, уәде еткен міндеттемені орындауға әлі ерте. Әсіресе 2030 жылға дейін оған қол жеткізу қиын», деді К.Эверхарт.

Баяндамашының болжамына сәйкес, 2050 жылға қарай электр тоғына қажет­ті­лік үш есеге дейін өспек. Яғни бұл нөлдік бағдардан әлдеқайда жоғары. К.Эверхарт семинар барысында түрлі баламалы энергетика көздеріне шолу жасай келе, әлем елдері атом энергетика­сын дамытуға ерекше басымдық беру қажет екеніне тоқталды. Өйткені мұның бір­неше себебі бар.

Біріншіден, күн, жел және био энергетика көздері тәулік бойы тоқпен қам­тамасыз ете алмайды. Түсінікті тіл­мен айтсақ, жел тұрмаса трубиналар қозғалмайды, қараңғыда күн панель­дері электр өндірмейді. Осындай сәтте баламалы энергетиканы алмасты­ра­тын өндіріс қажет. Спикер төмен көмір­текті диспетчерлік технология ретін­де­ ядро­лық энергияның қызмет ету мер­зі­мін ұзарту басты назарда екенін атап өтті.

«Таза нөлдік шығарындыға қол жет­кізу үшін 2030 жылға қарай таза энергия­ны­ бүгінгі деңгеймен салыс­тыр­ғанда тоғыз есе арттыру қажет. Алайда көп шығын қажет ететіндіктен, дамушы елдерге қиын. Мәселен, жел, күннен тоқ өндіру барысында аса маңызға ие минералдарға бәрі тәуелді. Өйткені оларды өндіретін елдер санаулы ғана. Сон­дықтан оның құны қазба отындардан бірнеше есе артып кете ме деген қауіп бар», деді К.Эверхарт.

Семинар барысында баяндамашыдан «атом электр стансаларында пайдаланылатын суды кейіннен үйлерді жылытуға пайдалануға бола ма?» деп сұраған едік. К.Эверхарттың айтуынша, техникалық тұрғыда бұған мүмкіндік бар.

«Нөлдік бағдар аясында мұндай тәсіл­ді пайдаланудың жолдарын қарастырып көрген едік. Біздің есептеуімізге сәйкес, ғимараттарға қажетті инфрақұрылымды тарту мол қаражатты талап етеді. Яғни оның болжамды құны пайдасынан бірнеше есе асып түседі екен. Сондықтан бұған қол жеткізу үшін атом электр стансаларын өте арзанға салуымыз қажет. Оның үстіне, ғимараттарды жылытудың басқа да тиімді, арзан, қоршаған ортаға залалсыз түрлері бар», деді К.Эверхарт.

 

Атом электр стансалары тиімді ме?

Семинардың кезекті бөлімі энергетика­ саласына бөлінетін инвестиция мен атом электр стансаларының тиімділігіне арналды. Журна­лис­тер­ге арнап Халық­ара­л­ық ядролық инфра­құрылым бан­кін­ (IBNI) іске асыру ұйымының стра­те­гия­лық­ консуль­­тативтік тобының жетекшісі Дэниел Дин дәріс оқыды.

«Өткен аптада COP28 саммиті кезінде министр­лік деңгейде декла­рацияға қол қойылды. Бұл құжат мемлекеттер арасында жаһандық атом энергетикасын үш есе арттыруға мүмкіндік береді. Деген­мен онда миллиондаған доллар қаражатты қалай бөлу мәселесі қарас­­тырылмаған. Ендеше, осындай сәтте жаһандық қаржы нарығының атом энергетикасы саласына араласуына тура келеді. Мұны жедел түрде атқа­руы­­мыз қажет. Осыған байланысты Халық­аралық ядролық инфрақұрылым банкі (IBNI) құрылып, мол көлемдегі қаражатты көміртегі газын азайту жолында тиімді жұмсауға назар аудармақ», деді Д.Дин.

Баяндамашының айтуынша, жаһан­дық жылынумен күрес жолындағы мін­дет­темені орындау үшін әр мемле­кетке энергетика саласындағы инвестицияның жаңа парадигмасы қажет. Мәсе­лен, қарапайым тұрғындар үшін қаншалықты қолжетімді екені маңызға ие.

«Инвестиция қаншалықты «жасыл»? Бұл мәселені көміртегі газдары шыға­рылымын азайту мақсатына қол жет­кізуде ескеру қажет. Энергетика сала­сын­дағы инвестиция ұзақмерзімді саясатты керек етеді. Нарық қалай жұмыс істейді? Нақты ережелер бекітілген бе? Мұның бәрі баламалы, қоршаған ортаға зиянсыз кез келген энергетика көздерінің бәрінде өзара байланысты», деді Д.Дин.

Сонымен қатар спикер энергетика саласының қаншалықты қауіпсіз екеніне назар аударудың маңызына да тоқталды. Оның айтуынша, мемлекет геосаяси, экономикалық және басқа да себептерге байланысты энергетика саласында қиындық көрмеуі үшін қауіпсіздік мәселесіне ерекше мән беруі қажет. Сондай-ақ Халықаралық ядролық инфрақұрылым банкінің төрағасы атом энергиясының көміртегі шығарылымы ең төмен энергия көзі ретінде ерекшеленетінін атап өтті.

«Құрылыс пен өндіріс кезінде аздаған мөлшерде болса да зиянды газдар бөлінеді. АЭС энергия өндірудің ең сенімді түрі ретінде ерекшеленеді. Қуаты жоғары. Мәселен, оның тиімділігі 90 пайыздан жоғары. Көмірқышқыл газдары шығарылымын нөлге түсіру мақсатына қол жеткізу жолында энергетика саласын әртараптандыру қажет. Атом энергетикасы мұны қамтамасыз ете алатын әмбебап шешім», деді Д.Дин.

Баяндамашы атом электр стан­са­ларының жаһандық жылынудың алдын алу мақсатын орындаудан өзге де пайдалы тұстары бар екенін атап өтті. Мәселен, елдегі ғылым мен білімді дамытуға да зор үлес қоса алады.

Сонымен қатар Д.Дин Халықаралық ядролық инфрақұрылым банкінің жұмы­сы жөнінде де әңгімелеп берді. Оның айтуынша, IBNI мүше елдер­дің үкіметіне тиесілі болады. Осы­лайша, Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі, Еуро­палық қайта құру және даму банкі секілді халықаралық қар­­жы институттарының құрылымына ұқсамақ.

«Біз бастапқы капитал ретінде 50 мил­лиард долларды мақсат етіп отырмыз. Оның жартысы меншікті түрде төленеді, ал екіншісі қайтарылуға жатады. Осыған байланысты 25 миллиард доллар үлестіріледі. Жобаға 20 мемлекет қосы­лады деп үміттенеміз. АҚШ секілді экономикасы үлкен елдердің үлесі көп болады. Осылайша, акция елдің экономикалық көлеміне байланысты бөлінеді», деді Д.Дин.

 

Алмалыдағы «алтын бақ»

Семинардың екінші күні Мерсин өңіріндегі Elmali (қазақшасы Алмалы) жел және күн электр стансаларына жол тарттық. Шаһардан шыққан автобус Жерорта теңізін жағалай батысқа қарай беттеді. Жол көрсетуші гидтің айтуынша, аймақ құлпынай, мандарин секілді түрлі цитрус жемістер өсіруден танымал көрінеді. Сондай-ақ Мерсиннің тарихы да тереңде жатыр. Кезінде Рим империясы, Византия секілді империялардың негізгі портты қаласы саналған. Бірнеше рет қолдан-қолға өтіп, ақырында Осман империясының құрамына кірген. Мерсин провинциясының Тарсус қаласы апостол Павелдің туған жері саналады. Сондай-ақ Клеопатра да Мысыр сапарына осы жерден аттанған деседі. Осман империясы кезінде де Мерсин үлкен рөл ойнаған. Кипрды жаулап алар кезде түрік әскері осында күш жинап, теңіздегі аралға шабуыл жасаған екен...

Екі сағаттық жолдан кейін «Алмалы жел электр стансасына» келіп жеттік. Мұнда жиырмаға жуық жел трубиналары орнатылған екен. Әрқайсысы бөлек-бөлек компанияға тиесілі. Біз аралаған стансаны Sur Enerji компаниясы орнатыпты. Жоба 2016 жылы басталып, 2017 жылы аяқталған. Vestas маркалы қуаты 3 МВт трубиналары орнатылған.

Станса қызметкерлерінің айтуын­ша, трубиналар сағатына 35 метр жыл­дам­дықпен жел соққанда бүкіл қуатына енеді де, шамамен 3,4 МВт электр тоғын өндіреді. Трубина қалақшаларының ұзындығы – 56 метр. Стансаның қызмет ету мерзімі 20 жылға дейін жетеді. Ерекшелігі сол, трубиналар желдің бағытына қарай өзгеріп отырады. Осы­лайша, оның тиімділігі артатын көрінеді. Алайда желдің жылдамдығы сағатына 100 метрден асқаннан кейін автоматты түрде тоқтайды. Себебі мұндай сәтте жұмыс істеу трубиналарды сындырып жіберуі мүмкін.

Жалпы, Түркия кейінгі жылдары жел энергетикасына ерекше ден қойып отыр. Қазіргі таңда елдегі электр тоғына қа­жет­­тіліктің 10 пайызға жуығын, яғни 11 гигаватт қуатты желден өндіреді. Ана­­до­лы­да шамамен ­300-ге­ жуық жел электр стансасы, 4000-нан аса жел тру­би­насы бар. Біз барған Алмалыдағы жел электр стансасы солардың бір бөлігі ғана.

Бұдан кейін Bakirlar tekstil sanayi ve ticaret компаниясына тиесілі күн электр стансасын араладық. Мұндағы құрылыс аяқталғанымен, әлі іске қосыл­маған. Компания өкілдерінің айтуынша, 2024 жылғы қаңтарда станса тоқ өндіруді бас­тайды. Алқапқа 6772 панель орнатылған. Оларды жергілікті компания шығарғандықтан, құны арзанға түскен. Сол себепті 7-8 жыл көлемінде өзін-өзі толық ақтап шығатынын алға тартады. Күн панельдерінің тағы бір ерекшелігі, оның екі беті де жарамды. Яғни жоғары қараған беті тікелей түскен күн сәулесін қуатқа айналдырса, төменгі жағы жерден шағылысқан сәуледен тоқ өндіреді.

Анадолыдағы ағайын күн энергетикасына да ерекше мән беріп отырғанын айта кеткен ләзім. Қазіргі таңда елдегі күн панельдері қажеттіліктің 5 пайы­зын қамтамасыз етіп отыр. Жоспар бойынша Түркия 2035 жыл­ға қарай күн энергетикасының көлемін ­­53 гига­­ваттқа дейін жеткізбек.

Алмалыдағы сапарымыз аяқ­тал­ған­нан­ кейін семинарлар жалғасын тапты. Бұл жолы энергетика саласындағы геосаяси мәселелер, атом энергетикасына қатысты қоғамдық пікір жөнінде дәріс өтті. Сондай-ақ «Аккую» атом электр стансасы жан-жақты таныстырылды.

 

Астана – Мерсин – Селифке – Астана