Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев және бір топ сенатор Палатаның Жобалық кеңсесі мен Maqsut Narikbayev University-дің отырысына қатысты. Депутаттар мен университет сарапшыларының кездесуі нәтижесінде екіжақты Ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды.
Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен кешенді реформалар іске асырылып жатқанын атап өтті. Олардың негізгі мақсаты – Қазақстанды әділетті, демократиялық, инклюзивті мемлекет ретінде қалыптастыру. Реформалардың тиімділігі және олардың дұрыс жүзеге асырылуы негізінен қабылданған заңдарға байланысты. Осыған орай ғылыми-сараптамалық қоғамдастықты оңтайлы заңнамалық шешімдерді табуға жұмылдырудың маңызы артып келеді. Бұл ретте Парламент Сенатының Жобалық кеңсесі мен Maqsut Narikbayev University заң дайындау үдерісіне академиялық ортаны тарта отырып, сараптамалық диалогтің негізгі алаңына айналуды көздейді.
«Президентіміздің барлық бастамаларын сәтті іске асырып, Әділетті Қазақстан бағдарламасын тиісті деңгейде орындау үшін заңдарымыздың сапасы өте жоғары болуға тиіс. Сондықтан бізге, ең алдымен, жаңа формациядағы заңдар қажет. Екіншіден, Әділетті Қазақстанды бәріміз бірге қалыптастырамыз. Ал Әділетті Қазақстан дегеніміз – инклюзивті Қазақстан. Осыған байланысты заңдарды әзірлеу кезінде әлеуметтік топтардың пікірлері де ескерілуі керек. Үшіншіден, заңнамалық жұмыстарға жаңа тәсілдер мен тетіктерді енгізу қажет. Бұл ретте Жобалық басқарудың маңызы зор. Ол арқылы біз заң жобаларын әзірлеуге құзыретті мамандарды жұмылдыра аламыз. Сол арқылы заңдардың өзектілігі мен сапасы артады. Жалпы, мұндай Жобалық кеңсені тәуелсіз алаңның негізінде қалыптастырған жөн», деген Палата спикері мүдделі тараптарды осы бағытта бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
Сондай-ақ ол соңғы екі жылда Парламент 170-тен астам заң қабылдағанын тілге тиек етті. Алдағы уақытта Салық, Бюджет және Су Кодекстері қабылданады. Барлық құжат саяси жүйені жаңғыртуға, экономикамызды жандандыруға және халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған.
Өз кезегінде аталған университеттің басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев оқу орнының нормалар шығаруға қатысты жұмысы мен тәжірибесіне тоқталып, Жобалық кеңсе қызметінің келешегіне назар аударды.
«Біз бірнеше жыл бойы заң жобаларына ғылыми және сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргіздік. Ғалымдарымыз Парламент пен Үкіметтің шақырулары бойынша жаңа нормаларды талқылауға арналған жұмыс отырыстарына белсенді қатысып келеді. Қазіргі таңда университетіміздің «think tank» форматында әртүрлі саладағы қолданбалы ғылыми зерттеулерді генерациялауға арналған жеке зерттеу және талдау орталығын құрып жатырмыз. Бұл хаб жас ғалымдарға қолайлы жағдай туғызып, мотивация береді деп сенеміз. Парламент Сенатында осындай маңызды мақсатты көздейтін Жобалық кеңсенің жұмыс істейтіні қуантады. Алдағы уақытта Сенат пен MNU-дің мүмкіндіктері және әлеуеті Қазақстан халқының игілігін көздейтін сапалы заң жобаларын әзірлеуге тың серпін береді деп сенемін», деді Т.Нәрікбаев.
Отырыстың нәтижесінде Ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды. Құжатта заңнамалық бастамаларды әзірлеу және ілгерілетуде, бірлескен сараптамалық кездесулер мен талқылаулар өткізуде, сондай-ақ басқа да өзара іс-қимыл барысында тараптардың бір-біріне консультациялық және сараптамалық қолдау көрсетуіне қатысты ережелер қарастырылған.
Сонымен қатар іс-шарада MNU қылмыстық сот төрелігі және ғылыми сараптама мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу жобаларының жетекшісі Марат Қоғамов, заң ғылымдарының докторы, профессор Исидор Борчашвили, депутаттар, Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшелері, басқа да қатысушылар сөз алып, қозғалған тақырып бойынша өз пікірлерін білдірді.