Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі спорт саласында жемқорлық әрекеттердің бар-жоғын анықтап, талдау жүргізеді. Антикор Туризм және спорт министрлігін тексеруді бастайды, деп жазады Egemen.kz.
Талдау шеңберінде Туризм және спорт министрлігінің, оның ішінде оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының спортты қаржыландыру мәселелері жөніндегі қызметіне талдау жасалатыны белгілі болды.
«Бұдан бөлек, спорттық іс-шараларды, жиындарды, жабдықтарды, спорттық тамақтануды сатып алуды, шетелдік іссапарларды ұйымдастыруды, сыйақыларды, спорт объектілерін салуды, сондай-ақ спорт федерациялары мен кәсіби клубтарды ұстауды қамтамасыз ететін бюджеттік және бюджеттен тыс көздер зерделенеді. Талдау агенттіктің, мүдделі мемлекеттік органдардың қызметкерлері және азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен жүргізіледі», делінген Антикор хабарламасында.