• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Экономика 22 Желтоқсан, 2023

Қала инфрақұрылымын дамыту жалғасады

84 рет
көрсетілді

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Алматы қала­сының әкімі Ерболат Досаев баспасөз мәслихатын өткізді. Ол мегаполистің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндап, қоғамда туындаған, журналистерді қызықтырған сұрақтарға жауап берді.

Экономиканың өсуі Алматы­да айқын байқалады. Жылдың 11 айында қысқамерзімді эконо­ми­­калық индикатор 13%-ға көте­ріліп, жетекші орынға шық­қан. Экономиканың драйвері 17,7% өсіммен өңдеу өнеркәсібі болды. Қараша айында жылдық ­инфляция 10,5%-ға дейін баяулады. Еңбек нарығындағы жағдай да жақсарып келеді. 79,5 мың тұрғын жұмыспен қамтылып, оның 80%-ы тұрақты жұмыс ­орнын тапқан.

«Мемлекет басшысының тап­сырмаларын орындау үшін Ал­маты қаласын әлеуметтік-эко­номикалық дамыту жөніндегі іс-ша­ралар жоспары ойдағыдай жүзеге асырылып жатыр. Ол ­1,9 трлн теңге сомасына 58 іс-ша­раны қамтиды, оның 1,6 трлн тең­гесі 2024-2026 жылдарға көз­делген. Жалпы, жыл қорытын­дысы бойынша Алматы экономикасы өсімінің 6,5%-ға дейін жеделдеуі күтілуде. Бұл адам басына шаққандағы жалпы өңір­л­ік өнімді 21,2 мың доллар дең­гейінде қамтамасыз етуге мүм­кіндік береді», деді Е.Досаев.

Әкімнің баяндауынша, Алма­ты­ қаласынан бюджетке түсім­дер бұрынғыдан әлдеқайда кө­бей­ген. Осы жылдың 11 айын­да мемлекеттік бюджетке түсім­дер 34,5%-ке ұлғайып, 4,9 трлн теңгені құраған.

«Биыл 8 желтоқсанда қала мәслихаты Алматы қаласы­ның 2024-2026 жылдарға арнал­ған бюджетін бекітті. Бұл Мем­ле­­кет басшысының қаланы ор­тамерзімді дамытудың не­гіз­гі бағыттары бойынша тап­сыр­маларын іске асыруға бағыт­талған. Алматының 2024 жыл­ға арналған бюджеті 1 624 млрд теңгені құрайды, бұл 2022 жылдың басымен салыстырғанда 51,8%-ға немесе 553,4 млрд теңге­ге көп», деді қала әкімі.

Оның айтуынша, биыл мем­ле­кеттік басқару жүйесін орта­лықсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Аудандық деңгейге 2023 жылдың 1 сәуірінен бастап 15 функция берілді. 8 ауданның бюджеті 3 еседен аса ұлғайған. Орталықсыздандыру аясында аудан әкімдіктері биыл 11 айда 326 км болатын 2 жол төсемін жөндеді. 177 км сумен жабдықтау орны салынып, кәріз жүйелері құры­лыпты. Сонымен қатар бала­ларды қолдау бағдарламасын жүзеге асыру жалғасып жатыр. Түрлі тегін үйірмелерге бару үшін 90 мыңға жуық ваучер бе­рілді. Өкілеттіктерді беру және жауапкершілікті арттыру аудан­ әкімдіктері жұмысының тиім­ділігін едәуір еселеп, қала тұрғындарының өзекті мәсе­леле­рін шешуді жеделдетті.

Алма­ты бюд­жеті әлеуметтік бағдар­лау­ды сақтай отырып, қаржылан­дыруды 26%-ға, яғни 726 млрд теңгеге дейін ұлғайтты. Бұл бюджет шығыстарының шамамен 45%-ын құрайды екен. Қала мәслихаты бекіткен бюджет туралы айтқан әкім мегаполис­те шағын және орта бизнестің қалай дамып жатқанына да назар аударды. Мысалы, бюджеттен субсидиялауға, кепілдік беруге және кредиттеуге 51,1 млрд теңге бағытталды. Бұл 1 705 ШОБ жобасын қолдауға мүмкін­дік берді.

Алматы туристер қаласы екені мәлім. Оған қала басшысы келтірген статистикалық деректер дәлел бола алады. Осы жылдың 9 айында ару қалаға қыдырып келген туристер саны 17,4%-ға өсіп, 1,5 млн адамнан асыпты. Бұл ретте шетелдік туристер саны 1,5 есеге ұлғайды. Ал әкімдікте жыл соңына дейін туристер саны 2 млн адамға дейін артады деген жорамал бар екен.

Қала тұрғындарының қолай­лы әрі жайлы өмір сүруі үшін де көп жұмыс атқарылып жатқан көрінеді. Мәселен, мегаполистің инфрақұрылымын жаңғырту ісіне тоқталған әкім өткен жылы 70 көшеде 25 км жаңа жол салынғанын және 200 км жолға орташа жөндеу жүргізілгенін айтты. Енді келер жылы қаланың жаңа аудандарында жолдардың құрылысын 70 км-ге дейін және орташа жөндеуді 250 км-ге дейін ұлғайту жоспарланып отырғанын жеткізді.

«Негізгі жұмыстарда басым­дық жаңа аудандарға беріле­ді. Өкілеттіліктерді децентрали­зациялау шеңберінде аудандық маңызы бар жолдарды орташа жөндеуді аудан әкімдіктеріне беру жоспарланып отыр. 2024 жылға жаңа жолдар салу және орта­ша жөндеу үшін қаржы­лан­дыру 34%-ға ұлғайып, 33,1 млрд теңгеден 44,5 млрд тең­геге дейін көбейді. Бұған қоса қоғамдық көлікті дамыту және экологияландыру Алматы қаласын 2025 жылға дейінгі дамыту бағ­дарламасын және 2030 жылға қарайғы ортамерзім­ді перспективаларды іске асы­ру шеңберінде жобаны басым­дықпен дамыта отырып, қаланың тұрақты транспорттық картасы құрылуда. Биыл қаланың автобус паркі 1 150 экологиялық таза авто­бусқа жаңартылды. Алда­ғы жылдан бас­тап жеке тасы­мал­даушылардың дизельмен жүретін автобустарды сатып алуына тыйым салуды жос­парлап отырмыз. Кейінгі 11 жылда алғаш рет 100 троллейбус сатып алынды. 2024 жылы тағы 100 бірлік сатып алуды көздеп отырмыз. Бұл троллейбус паркін 100%-ға жаңартуға мүмкіндік береді. Алматыда мет­ро белсенді дамып келеді. Биыл 3 қосымша жылжымалы құрам іске қосылды. Қозғалыс интервалы 5 минут 38 секундқа дейін азайды. Нәтижесінде, метродағы жолаушылар легі 100 мың адамға дейін көбейді. Жалпы, 2023 жылдың қорытындысы бойынша қоғамдық көліктегі жолаушылар легі тәулігіне 1,5 млн адамға дейін артты», деді Е.Досаев.

Мегаполистің көлік байланысын жақсарту үшін Бұқтырма – Құлжа трактісі көлік жолайрығы ашылды. Алдағы жылы Құлжа трактісі 6 жолаққа дейін кеңейті­леді. Саин көшесі мен Абай даңғылын қала шекарасына дейін ұзарту, сондай-ақ Сейфуллин – Жансүгіров және Саин – Мөңке би жолайрықтарының құрылысы аяқталады. Қоғамдық көлікті пайдалануды ынталандыру үшін 2024 жылы Алматыға қаланың солтүстік, батыс және шығыс жағынан кіреберісте 3 көлікке ауысып отыру торабының құры­лысы басталады екен. Соны­мен қатар келер жылы Райым­бек даңғылының бойымен Ахри­­­­менко көшесінен Пушкин көшесіне дейін ұзындығы 9 км BRT салынып, іске қосылады. Ал 2025 жылы Ахрименко көше­сінен Абай көшесі арасында тағы 8 км салынады.

Жайлы қалалық ортаны қа­лып­тастырудың маңызды бөлігі қала тұрғындарының сапалы ком­муналдық қызметтерге қол­жетімділігі болып отыр. Биыл 231 км сумен жабдықтау және су бұру желілері салынып, жаңартылды. 13 кәріз сорғы стансасы орнатылды. Ал меди­ци­на­лық қызмет­тердің сапа­сын арттыру үшін 2023 жылы­ Медициналық-санитарлық ал­ғаш­­­­қы көмек (МСАК) бірыңғай стан­дартын енгізу басталды. Жаңа стандарттар бойынша 2 МСАК орталығы (Әуезов, Жетісу аудандары) және Жетісу ауданында жаңа емхана ашылды. Қолданыстағы бес аурухана мен жедел медициналық көмектің бес қосалқы стансасын жаңғырту жүргізілуде. Жалпы, денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 2023 жылғы 36,5 млрд теңгеден 2024 жылы 41,0 млрд теңгеге дейін, тағы 12,3%-ға ұлғаяды.

Алматының білім беру саласына қатысты жыл басынан бері 5 920 оқушыға арналған 21 мектеп пен қосымша ғимараттар, оның ішінде 3 450 орынға 16 жеке­меншік мектеп, 1,5 мың ба­лаға 1 мемлекеттік мектеп және 970 орындық 4 қосымша ғимарат пайдалануға берілген. 1 қыркүйектен бастап алғаш рет 8 258 баланы қамтитын 30 мектепте мектеп автобусы жобасы іске қосылды. Бұл үшін 100 автобус сатып алынған. Осы жылы Президенттің тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асырып жатыр. Ал 2024-2025 жылдары 37,1 мың орынға 22 мектеп ашу жоспарланған. Бүгінгі таңда 23,1 мың орынға 13 мектептің құрылысы басталды.

Алматы қашанда бақ қаласы мәртебесін сақтайды. Биыл ауданы 64,8 га болатын 6 қоғамдық кеңіс­тік абаттандырылды. Бұл – Оқушылар сарайы, ҚБТУ, К.Бай­сейітова көшесі, Желтоқсан саябағы, Көкмайса шағын ауданы, Әуежай даңқ алаңы. Алдағы жылы Сайран көлінде жаңа жасыл қоғамдық кеңістіктерді құру басталып, 2025 жылы аяқталады. Өжет, Кемел шағын аудандарында жаңа 3 саябақ салу жоспарда бар. Сонымен қатар Боралдай өзенінің арнасы бойында қолданыстағы 3 саябақ аумағын – Баум тоғайын, Тұңғыш Президент саябағын, Үлкен Алматы өзенінің жағалауын қайта жаңарту және абаттандыру көзделіп отыр. Қаңтар айында Алматы қаласы жасыл желектерді күтіп ұстау және қорғау бойынша жаңа ережелер қабылдады. Осы жылдан бастап 2-2,5 метр көшет отырғызуды қамтамасыз ету үшін суару жүйесінің жаңа тәсілі де енгізілді. Осы қағидалар арқылы 34 ұңғымалар мен су қабылдағыштарды салу есебінен автоматты суарумен қамту 4,4 есеге артып, 587 гектарға дейін ұлғайды.

«Қаланы көгалдандыру үшін жыл басынан бері 291 мың ағаш пен бұта отырғызылған. Жыл соңына дейін 320 мыңға дейін жеткізіледі, санитарлық мақ­сатта 2,3 млн ағаш өңделеді. Нәтижесінде, 2023 жылы Іле-Алатау ұлттық паркінің жасыл желектерін есепке алмағанда, жасыл желектердің ауданы 11,3-тен 12,3 шаршы метрге дейін кеңейді», деді қала әкімі.