• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Ғылым 26 Желтоқсан, 2023

Ғылыми инфрақұрылым қалыптастыру маңызды

342 рет
көрсетілді

Отандық ғылымның озық орталығына айналған Назарбаев университетінде әлемдік деңгейде олжа салып жүрген ғалымдар еңбек етеді. Солардың бірнешеуімен жолығып, жүргізіп жатқан ғылыми жұмыстары туралы тілдестік. Бәрінің айтатыны – ғылым дамысын десек, алдымен ғылыми инфрақұрылым қалыптастырған жөн.

Бұған дейін жазғанымыздай, биыл университет ғалымдары керемет жетістікке жетті. 28 наурыз­ға қараған түні Ассы-Түр­ген астро­физикалық обсерваториясында орналасқан университет телес­ко­пының көмегімен ғалымдар ғарыштағы ерекше құбылысқа – GRB230328B гамма-сәулелерінің ұшқынына бірегей бақылау жүр­гізді. Бұл – әлемдегі ең жарқын ұшқындардың бірі. Халықаралық ғылыми қауымдастық 50 жылдан бері оның табиғатын әлі толық тани алмай келеді. Аталған гамма-сәулелерінің ұшқыны жарылыстан кейін бар болғаны 41 секундта анықталды. Бұл жасыл, қызыл және инфрақызыл диапазондарда бір уақытта жарылған гамма-сәуле ұшқынының ең жылдам анықталуы ретінде тіркелді. Бір қызығы, аталған оқиғаны дүние жүзіндегі 14 обсерватория бақылаған. Біздің ғалымдардан кейінгі келесі бақылау 30 минуттан кейін ғана жасалған.

Жаратылыстану және гу­ма­­ни­тарлық ғылымдар мек­тебі фи­зика кафедрасының қауым­дас­тырылған профессоры Ерназар Әбдікамаловтың айтуынша, телес­коп осыдан бірнеше жыл бұрын құрылған. Оның ерекшелігі – шағын, бірақ өте жылдам әрі авто­маттандырылған. Яғни кез келген бағытқа 8 секунд ішінде бұрылады. Сондай-ақ телескоп үш түсті диапазондағы үш камерамен бір уақытта бақылау жүр­гізе алады. Өзге мемлекеттерде де өте ауқымды әрі сезгіш телес­коптар бар, сезгіштік бойынша олар­мен бәсекелесу де қиын. Бірақ біздікінің артықшылығы – жылдамдығында. Аз ғана уақыт­қа созылатын құбылысты басқалар­дан бұрын көріп үлгереді.

– Ғарышта Swift деп аталатын америкалық телескоп бар. Ол алғашқы құбылыстардың белгілерін тіркеп, координаттарын әлемге таратады. Біздің телес­коп осы белгілер арқылы әрекет етеді. Tелескоптың жылдамдығы нәтижесінде біз бұған дейін ешкім көрмеген құбылыстарды көрдік. Мәселен, 20 жыл бұрын америкалық ғалымдар гамма-сәуле ұшқындарының салдарынан радиация күшейіп, ғарыш тозаңы бұзылады деген болжам жасаған еді. Ал біз сол құбылысты арада жиырма жыл өткен соң көре алдық. 2003 жылы болжам туралы мақала шықса, 2023 жылы біз әлгі болжамның айғақталғанын айқындап мақала шығардық. Бұл үлкен жаңалық болмауы мүмкін, бірақ біздің телескоптың мүмкіндігі мол екенін әлемге паш етті, – дейді Ерназар Әбдікамалов.

Ғалымның айтуынша, мұның Қазақстанға берер басымдығы да көп. «Ғарыштағы құбылыстар қысым, магнит жолағы, темпера­тура секілді экстремалды жағ­дайда жүзеге асып жатады. Мұн­дай жағдайды жерде жасау мүм­кін емес. Демек, ғарыштағы құбы­лыстарды ғарыштағы зерт­­ханамыз деуге болады. Біз ға­рыш­тағы бел­гі­лерді бақылау ар­қылы жерде ядролық физика­ны дамытамыз. Табиғаттың өзінде жүріп жатқан зертханалық құбылыстарды пайдаланамыз», деді ол.

Ерназар Әбдікамалов 1983 жылы Қарақалпақстанның Нөкіс қаласында дүниеге келген. Ташкент ұлттық университетін тәмамдаған. Америкада, Калифорния техно­логиялық университетінде жұмыс істеген. Елімізде Назарбаев уни­верситеті атты ауқымды жоба бас­­талғанын естіп, құжаттарын жол­даған. Сөйтіп, 2014 жылы Отанына оралды. «Содан бергі 10 жылға жуық уақытта көп дүние өзгерді. Ең алдымен, университет аясында ғылыми жұмыстарға арналған ауқымды инфрақұрылым қалыптасты. Көптеген зертхана­лар, жаңа бағдарламалар құ­рыл­ды. Менің арманым – ғылым­мен әлемдік деңгейде айналысып, дүние жүзі назар аударатын маңызд­ы жаңалықтар ашу. Со­ны­мен бірге ұстаздықтан да қол үзгім келмейді», дейді Е.Әбді­камалов.

Айтпақшы, университеттің телескопы тұрған Ассы-Түрген обсерваториясы Алматы қаласы­нан 100 шақырым жерде, 2,7 ша­­қы­рым биікте орналасқан. На­зар­баев университеті зертха­на­сын­да жұмыс істейтін үш адамнан тұратын команда Алма­тыдағы В.Г.Фесенков атындағы астрофизикалық институт өкіл­дерімен бірлесіп зерттеу жүргізеді.

Отандық ғылымда аты мен абыройы қатар асқақтап келе жатқан ғалымның бірі – Жанат Қаппасов. Көкшетаудың тумасы. Орта мектепті елде тәмамдап, шекаралас жатқан Том радио және электроника университетінде білім алған. Ресей Федерациясы әскери өнеркәсіп кешенінің автоматика және электрмеханикасы ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істеген. Сол елде ұйымдастырылған көптеген конкурста топ жарған талант иесі.

– Ресейде жүргенде жоғары қуатты түрлендіргіш, күн батареялары үшін 5 және 250 кВт болатын электрмен жабдықтау жүйесін әзірледім. Бұдан кейін Тайваньда, Америкада еңбек еттім. Кейін елге оралдым. Назарбаев университетінің роботтехника кафедрасына ассистент болып орналастым. Ол кезде ғылым мен техника мектебі еді ғой, кафедраны нөлден бастап жаңадан құрдық. Тайвань мен Ресейде алған білімім мен тәжірибемнің көмегі көп тиді. Томскідегі зертханалардың көбі электроникаға бағытталған. Сонда үйренген дүниелерім кәдеге жарады. Арада біраз уақыт өткен соң әлі де оқу керек екенін түсіндім. Сөйтіп, Францияға докторантураға түстім. Пьер және Мария Кюри университетінен роботтехника бойынша докторлық дәреже ал­дым. Диссертациям Франция бойын­ша жүздеген еңбектің ішінен екін­ші орынға лайық деп танылды. Кейін елге оралып, Назарбаев университетіне қайта жұмысқа тұр­дым, – дейді Жанат Қаппасов.

Қазір ол тактильді датчиктерді жасаумен айналысады. Бұл оның докторантурада оқып жүрген кезінен айналысып келе жатқан үйреншікті ісі. «Кейде біз қандай да бір қозғалысты, айталық ауыр немесе жеңіл вагонның келе жатқанын байқаймыз. Бізге бұл машинаның жылдамдығы мүлдем басқаша сезіледі. Сондықтан оны сенсорлық сезім деп ойлаймыз, бірақ шын мәнінде бұл – бұлшықет қозғалысы. Бұлшықеттер жиырыл­ғанда, уақыт ұзағырақ немесе жыл­дамырақ өтіп жатқандай көрі­неді. Роботтехниканың так­тиль­­дік саласы осындай сезім жүйеле­рін роботтарға енгізуге тырыса­ды. Бұл роботтарды қауіпсіз ету тұр­ғысынан маңызды», дейді ғалым.

Ғалым қазір университет­тің Тактильді роботтехника зертханасында зерттеуін жалғас­тырып жатыр. Аталған зертхана өнер­тап­қыштық зерттеулері үшін Жа­понияда Toyota Award сыйлығын иеленген. Сонымен қатар керең-зағип жандарға ақпаратпен, жалпы әлеммен байланысты қолжетімді ету үшін HaptiComm құралын ойлап тауып, Google компаниясының зерттеу грантын жеңіп алған. Жоба аясында кейінгі екі жылда АҚШ-тың Бостон қаласына зертханалық 8 зерттеуші-студент тәжірибе алмасуға жіберілген. Зертхана қазіргі кезде әлемдік деңгейдегі беделді IEEE баспалары мен конференцияларында ғылыми жобаларын қорғап жүр әрі жергілікті индустрия үшін R&D шешімдерін қарастырумен айналысады. Ж.Қаппасов университетте зерттеумен қатар роботтехника бағытындағы ағарту ісін де ілгерілетіп жүр.

Оқырмандарымызға жақсы таныс Нұршат Нұражымен де жо­лы­­­ғудың сәті түсті. Президент жанын­­дағы Ғылым және технология­лар жөніндегі ұлттық кеңестің мүшесі университеттегі Жасыл энергия зертханасына жетекшілік етеді.

– Адамзат баласы атам заманнан бері арзан әрі тиімді энергия көзін іздеп келеді. Энергия мен отын көздері мұнайға негізделген. Қазіргі таңда бүкіл әлемде бола­шақ­тың энергиясын зерттеу басым бағытқа айналды. АҚШ-тың Энергетика министрлігі тереңдетіп зерттеу үшін биомасса көзінен платформаның 21 молекуласын анықтады. Олардың құрамын түсіну мұнайдан алынатын қуатты алмастырады. Бұл ретте Қазақстан да әлемдік бағыттан қалмауы ке­рек. Осы орайда Назарбаев уни­вер­ситеті ғалымдарға жан-жақты мүмкіндік жасап отыр. Біздің зерт­ханамыздың негізгі бағыты – күн сәулесіне сезімтал материалдарды зерттеу, сутегі энергиясын өндіру және сақтау технологиясы. Жақында зертханамызда жасалған жұмыс нәтижесі әлемдік деңгейге шықты. Күн қуаты арқылы суды ыдыратып, сутегі өндіретін наноматериалды ойлап таптық. Та­ғы бір жаңалығымыз бар: ауада­ғы сутегі газының мөлшерін анық­тайтын жаңа технология жасадық. Қазір бұл жұмыстарды әлемдік деңгейде жариялап, патент алу үдерісі жүріп жатыр. Тағы бір ба­ғытымыз – биомассаны пайдала­нып, дәрілік заттар мен поли­мерлі материалдар шығару. Бұл жұмыстардың нәтижесі келешекте мұнайға деген тәуелділікті азайтады, – дейді Нұршат Нұражы.

Біз тілдескен үш ғалымның да баса айтқаны – ғылым дамысын десек, алдымен ғылыми инфрақұрылым қалыптастырған жөн. Қазіргі таңда республикада мұндай орталықтар саусақпен санарлық ғана.

– Бізде ғылыми институттар көп. Бірақ 80 пайызында кеңестік кезеңнен қалған құрылғылар тұр. Назарбаев университетінің базасында озық құрылғылар бар. Тиісінше, мұндай орталықтар жалғыз болмауы керек. Біздің елге дәл осындай бірнеше орталық қажет. Ғылымды қаржыландыру үлесін алдағы 10-15 жылда іш­кі жалпы өнім көлемінің 0,3 пайы­зынан 3 пайызға дейін көтер­сек, онда инфрақұрылым мен құрал-жабдықтар үшін де қаржы бөлінгені абзал. Ерекше нәтиже алу үшін сатып алынатын құрыл­ғылар да ерекше болуға тиіс. Мы­са­лы, қазір әлемде 40-50 данасы бар стандартты микроскоп сатып алуға болады. Бірақ мұ­ны­мен басқаларды басып озып, ерекше жаңалық аша алмай­сыз. Әрі кетсе өзге елдер жүргі­зіп жат­қан зерттеулерді ғана қай­та­лауыңыз мүмкін. Демек елден ерек жаңалық ашуды ойласақ, басқа­ларда жоқ құрылғыларға қол жеткізу маңызды. Зымыран жерден енді көтерілген кезде оның ең белсенді жұмыс істейтін уақыты 70 секундқа тең. Одан кейін өзінің инерциясымен ұша береді. Біз де ғылыми орталықтарды аяқтан тұрғызып, әрі қарай өз инерциясымен жұмыс істейтін деңгейге жеткізуіміз керек, – дейді белгілі ғалым, Назарбаев университеті президентінің кеңесшісі Қанат Байғарин.