• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Президент 26 Желтоқсан, 2023

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: Тауардың еркін қозғалысына тың серпін керек

169 рет
көрсетілді

Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербург қала­сында өткен Жоғары Еура­зиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) кезекті отырысына қатысты.

Шағын құрамдағы кездесуге Қазақстан Президентімен қатар, Ресей Федерациясы­ның Пре­зиденті – ЖЕЭК төраға­сы Вла­димир Путин, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Прези­денті Алек­сандр Лукашенко, Қырғыз­стан Президенті Садыр Жапаров, сондай-ақ Еуразия­лық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович қатысты.

Мемлекеттер басшылары Еура­зиялық экономикалық одақ ая­сындағы интеграциялық үдерістерді одан әрі дамытудың негізгі мін­деттері мен басты бағыт­тарын, сондай-ақ Ұйым­ның 2024 жылға арналған халық­аралық ынтымақтастық жоспарын талқылады. Сонымен қатар жиынға қатысушылар ЕАЭО қызметінің жекелеген аспектілері жөнінде пікір алмасты.

Сондай-ақ Жоғары Еура­зия­лық экономикалық кеңестің кеңей­тілген отырысына қатыс­қан Мемлекет басшысы өз сөзін­де қонақжайлық көрсетіп, жиын­­ды жоғары деңгейде ұйым­дас­тыр­ғаны үшін Ресей тара­пына және Владимир Путин­ге алғыс айтты. Прези­дент осы жылдың оңай болма­ға­нын, әсіресе жаһанды жай­ла­ған тұрақсыздықтың күшейе түс­кенін атап өтті.

– Инфляцияның қысымы, халық­аралық логистикалық тізбек­тердің трансформациясы, ай­мақтардағы қақтығыс­тар, санк­циялық текетірестер – бұл әлем­дік экономика­ның даму қар­қынын бәсеңдете­тін фактор­лар­дың бір парасы ғана. Осындай күрделі жағдайда Қазақстан жыл­дық экономикалық өсімді 4,9 пайыз көрсеткішпен қоры­тындылауды жоспарлап отыр. «Еуразиялық бестікке» кіретін барлық елде оң динамика байқалатыны қуантады. Әйтсе де экономикамыздың орнық­ты даму траекториясын сақ­тау үшін 2024 жылдың сын-қатер­лері­­не бірлесе дайындалуымыз керек. Сарапшылар болжамына сәйкес келесі жылы жаһан­дық экономика бірқалып­ты, тіпті баяу қарқынмен, яғни 1,5 пайыздан 3 пайызға дейін өседі. Нарығының көлемі 2,6 триллион долларға тең Еуразиялық экономикалық одақ әлемдік экономиканың ажырамас бөлігі ретінде өсім­нің бәсеңдеуін сезінуі мүм­кін. Сондықтан біз қазіргі эко­но­микалық резервті және өз­ара тиімді интеграцияның қол­да бар әлеуетін барынша жұ­мылдыруымыз қажет. Қазақ­стан әуел бастан Одақ­тың эко­но­­микалық сипатын ай­қын­­дайтын қағидатты берік ұстан­ды. ЕАЭО-ға мүше мемле­кет­тер өз істері мен шешім­дерінде дәл осы күн тәртібінен ауыт­қы­мауға тиіс деп санаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, ЕАЭО-ға мүше елдер үшін техно­ло­гия­лық кооперацияны эко­номиканың нақты секторын­да дамыту – басты міндет­тер­дің бірі. Қасым-Жомарт Тоқаев озық технологиялар­ды және инновацияларды кеңі­нен ен­гі­зу экономикалық бірлес­тік­тің әлемдік аренадағы орнын ны­ғай­тады деп есептейді. Мем­ле­кет басшысы бұл мәселенің бү­гін қабылданған «Еуразиялық эко­но­микалық жол» декларациясында көрініс тапқанын құптады. Құжат Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бас­тамасымен ұштасады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Еура­зия­лық экономикалық одақ­­­тың құрылуына негіз бол­ған іргелі мақсатты толыққанды жүзеге асыру, яғни тауар­лар­дың еркін қозғалысына тың серпін беру қажет деп са­найды. Кеден шекаралары ашыл­ғанына қарамастан, әрбір ел іс жүзінде отандық өн­діру­ші­лерін ЕАЭО-ға қаты­сушы өзге бәсе­келестерден қорғауын жалғас­тырып отыр.

– Біз ортақ нарықта кез­десетін кедергілер мен шек­теулерді жо­йып, бірыңғай техни­ка­лық регламент­тер енгізуді жыл­дамдатуы­мыз керек. ЕАЭО-ның біріккен ақпараттық жүйесінің толық форматта жұмыс істеуі мүше мем­лекеттер арасында тауар тас­ы­малдау кезіндегі бизнес шы­ғын­дарын айтарлықтай азай­туға сеп­тігін тигізер еді. Элект­рон­ды сауда саласында нәти­желі ық­пал­дастық орнатуға мол мүм­кін­дік бар. Былтыр Еуразиялық эконо­микалық одақтағы аталған нарық­тың жалпы көлемі 80 мил­лиард долларға жетті. Жа­қын арада бұл көрсеткіш екі есе ұлғаюы мүм­кін. Алайда мұны­мен тоқтап қалмаймыз. Ке­ден­дік рәсімдерді жетілдіру және онлайн сауданың тиім­ді, тең құқылы экожүйесін құ­ру бағы­тында барынша белсенді жұ­мыс істеуіміз қажет, – деді Президент.

Сонымен қатар агроөнеркәсіп кешені ынтымақтастықтың маңызды бағыты ретінде атап өтілді. Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде «еуразиялық бестік» елдері өзін-өзі азық-түлікпен қамтамасыз ету ісінде жоғары нәтижеге қол жеткізе алды.

– Соған қарамастан, Еуразиялық эконо­микалық одаққа мүше елдер­дің әлемдік нарықтағы ауыл шаруа­шы­лығы өнімдері экспортының үлесі әлі де өте төмен, яғни екі пайыздан сәл ғана асады. Ал дүниежүзінде 800 мил­лионнан астам адам аштық пен азық-түлік тапшылығының зардабын тартып отыр. Өкінішке қарай, азық-түлік жеткізуге қазіргі геосаяси ах­уал, әсіресе бірінші кезекте санкциялар кедергі келтіріп жатыр. Салдарынан азық-түлікке мұқтаж халық жапа шегіп отыр. Сарапшылардың бағалауын­ша, ЕАЭО елдерінің әлеуеті 600 ми­л­лионға жуық адамға тамақ та­уып беруге жетеді. Сондықтан бәсе­кеге қабілетті, экологиялық таза және экспортқа бағдарланған, озық халықаралық стандарттарға сай ө­нім шығару мақсатында тығыз коопера­ция­лық байланыстарды жолға қою басым бағыттарымыздың біріне айналуы керек. Сондай-ақ агрологистика және өнім сақтау жүйесін дамытып, ауыл шаруашылығы саласына цифрлық шешімдерді енгізу үшін күш біріктіруіміз қажет. Бірлескен агроинновациялық орталықтар құру мәселесін пысықтаған жөн. Мұндай орталықтар агроөнеркәсіп кешенін коммерцияландырумен және өндіріске жаңа технологияларды енгізумен айналысады, – деді Президент.

Мемлекет басшысының пікірінше, ЕАЭО күллі Еуразия кеңістігін байланыстыратын стратегиялық буын қызметін атқарады. Ұйымның осы мәр­тебесін сақтап қалуға мүше мемле­кеттердің барлық мүмкіндігі бар.

– Бұл жерде, ең алдымен, Таяу Шығыс, Иран, Пәкістан және Үндістан елдеріне шығатын «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін дамыту туралы сөз болып отыр. Осы орайда Қазақстанның бастамасымен «Челябинск – Болашақ – Иран» бағытын іске қосу жобасының жүзеге асырыла бастағаны қуанта­ды. Біз өз тарапымыздан еліміздегі темір­­жол желілері мен автомобиль жолдарының талапқа сай келмейтін учаскелерін реконструкциялауға әзір­міз. Мен бұл ретте «Бейнеу – Маң­ғыс­тау», «Мақат – Қандыағаш» теміржол желісі мен «Бейнеу – Шалқар» автомобиль жолы туралы айтып отырмын. Көлік дәлізін одан әрі дамыту үшін Қазақстан, Ресей және Түрікменстанның логистикалық компаниялары бірлескен кәсіпорын құрып жатыр. ЕАЭО-ға мүше өзге елдердің теміржол әкімшіліктерін осы жұмысқа атсалысуға шақырамын. Қазақстан өзінің көлік-логистикалық құрылымы мен оның Еуразиялық экономика­лық одақпен байланысын белсенді нығайтып келеді. Біз Қытайдың Сиань қаласында және Грузияның Поти портында қазақстандық терминалдардың құрылысын аяқтауға жақындадық. Ресей, Қытай, Өзбекстан және Қырғыз­станмен арадағы шекарада, сондай-ақ Каспий теңізінде 5 трансшекаралық көлік-логистикалық хабын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Таяу жылдары 1 300 шақырымдық жаңа теміржол желісінің, «Бақты» және «Қалжат» құрғақ порттарын, сондай-ақ Иранның Бендер-Аббас қаласында теңіз портын салу жоспарланған. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерді өзара тиімді жобаларды бірлесе іске асыруға, соның ішінде ірі стратегиялық порттар­дың серік­тес желілерін, логистикалық орта­лы­қтар мен пошта хабтарын салуға шақы­рамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы «ЕАЭО-ның цифрлық күн тәр­тібі» мен Қытайдың «Цифрлық жібек жолы» бастамасын ұштастыру мүм­кін­дігін қарастыруды ұсынды. Прези­дент­тің пікірінше, цифрлық және интел­лек­туалдық ықпалдастықтың жетіл­ді­ріл­­ген моделін құру Еуразия кеңіс­тігін­дегі елдер экономикасының дамуына елеулі үлес қосады.

– Цифрлық технология мен жасанды интеллект салаларындағы ынты­мақтастықтың келешегі зор. Жекелеген салалардың ғана емес, тұтас мемлекеттер мен бірлестіктердің келешектегі технологиялық прогресі осыған тікелей байланысты екені анық. Қазақстан цифрлық шешімдерді табысты пайдаланып отыр. Еліміз­дегі мемлекеттік қызметтің 90 па­йыздан астамы электронды түрде көр­сетіледі. 2026 жылға қарай ІТ сала­сының экспорттық көрсеткішін бір миллиард долларға дейін жеткізуге ниеттіміз. Қазақстан аталған саладағы ынтымақтастықты жан-жақты дамыту­ды жақтайды. Осы орайда Үнді мұхиты жағалауымен өтетін халық­аралық желілерге қосылу үшін «Ресей – Қазақ­стан – Иран» бағытында тал­шық­ты-оптикалық желі тарту мүмкін­дігін қарастыруды ұсынамын. Бұл Еура­зия кеңістігінде трафик тран­зиті­нің баламалы бағытын ұсынып қана қой­май, жаһандық деңгейдегі деректер логис­тикасында ЕАЭО-ның орнын айтарлықтай күшейтуге мүмкіндік береді, – деді Президент.

Мемлекет басшысы осы күрделі кезеңде үшінші елдермен және инте­грациялық бірлестіктермен сауда-экономикалық байланыстарды дамыта отырып, сыртқы саясатта ЕАЭО-ның әлеуетін кезең-кезеңімен нығайту маңызды екеніне тоқталды.

– Біз Иранмен Еркін сауда туралы толық форматты келісімге қол қою­ды құптаймыз. Бұл ел біздің сау­да-экономикалық байланысымызда ма­ңызды рөл атқарады. Үндістан, Бірік­кен Араб Әмірліктері, Мысыр, Ин­до­незия, Моңғолия және басқа да мүд­делі елдермен осы бағыттағы мақ­сатты жұмысты жалғастырған жөн, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңында Ресейдің Ұйымға төраға­лығы табысты аяқталуымен Владимир Путинді құттықтады. Сондай-ақ Никол Пашинянға Арменияның 2024 жылы Еуразиялық экономикалық одақ органдарына нәтижелі төрағалық етуіне тілектестік білдірді. Бұдан бөлек, Қазақ­­­стан Президенті Еуразиялық эко­но­­­микалық комиссия төрағасы лауа­­зымындағы миссиясын аяқтаған Михаил Мясниковичке алғыс айтты.

Саммитке Қазақстан Президентімен қатар, Ресей Президенті – ЖЕЭК төр­ағасы Владимир Путин, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Бе­ла­русь Президенті Александр Лу­ка­шен­ко, Қырғызстан Президенті Са­дыр Жа­­паров қатысты, сондай-ақ ЕАЭО жа­нын­­дағы бақылаушы мемле­кет басшысы – Куба Президенті Ми­гель Марио Диас-Ка­нель Бермудес бейне­үн­деу жолдады.

Жиын қорытындысы бойын­ша бірқатар құжат қабылданды. Ұйым­ға мү­ше мемлекеттердің басшылары Еу­ра­зиялық экономикалық комиссия ал­қасының төрағасы қыз­метіне Қазақ­станның өкілі Бақытжан Сағынтаевты сайлады.