Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында «Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты біз үшін болашағы зор бағыттарға басымдық берген абзал. Осы ретте 100-ден астам ірі тауарлы-сүт фермасы салынып жатқан Солтүстік Қазақстан облысының жетістіктері көпке үлгі», деген еді. Облысты осындай ірі жетістіктерге жеткізген ауданның бірі – Мағжан Жұмабаев ауданы.
Бұл ауданда басқа жетістіктерімен қатар ірілі-уақты 8 тауарлы-сүт фермасы бар. Аудан Булаев атымен 1932 жылы құрылып, артынан оның аумағынан 1944 жылы – Конюховский, 1967 жылы Возвышен аудандары бөлініп шыққан. Алайда 1963 жылы Конюховский, 1997 жылы Возвышен аудандары таратылып, қайтадан Булаев ауданына қосылды. 2000 жылы ауданға осы өңірдің тумасы, Алаш ақыны Мағжан Жұмабаевтың есімі берілді. Тәуелсіздік жылдарында Солтүстікке 10 әкім тағайындалған еді, соның екеуі ғана жергілікті кадрлар болса, сол екеуі де осы М.Жұмабаев ауданының тумалары. Мағжан өңірінен түлеп ұшқан сол кадрлардың бірі – Айдарбек Сапаров қазір Ауыл шаруашылығы министрі. Аудан халқының саны – 30 мыңдай, соның 30 пайыздайы – қазақтар.
Ауданның экономикалық даму қарқыны жоғары, биылғы 11 айда бюджет 109,3 пайызға орындалған. Аудан бойынша 2023 жылғы орташа айлық жалақы 247 мың теңге көлемінде. Экономиканың негізгі драйвері саналатын ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі – 69 млрд теңге, былтырғымен салыстырғанда – 90,2 пайыз. Аудан әкімі Қайрат Омаровтың айтуына қарағанда, жыл аяғында күтілетін көлем – 93,3 млрд теңге.
«Биыл біз 448 мың га алқапқа егін ектік, оның ішінде 326 мың га – дәнді дақылдар, 89 мың га – майлы дақылдар, 32 мың га алқапқа жемшөп өсіріп шығардық. Қолайсыз ауа райына қарамастан дәнді дақылдардың өнімділігі 12,7 ц/га болып, жалпы жиналуы 415 мың тоннаны құрады, майлы дақылдар бойынша өнімділік 4,5 ц/га, жалпы жиналуы 40,5 мың тонна болды», дейді ол.
Ауданда мал басының өсуі мен сақталуы да жақсы қарқында. Биыл қара мал саны – 37 мыңға, жылқы саны – 12 мыңға, қой саны 3 мыңға жеткен. Мұның үстіне 287 мың бас құс өсіріледі. Жоғарыда айтылғандай, мұнда 8 тауарлы-сүт фермасы бар, соның ішінде «Ноғайбай», «Қызылжар МТС», «Нұрсен Агро», «Үлгілі», «Полуден» ЖШС фермалары аса ірілерге жатады. Биылғы 10 айда 10 мың тоннадай сүт сауылған. Ал алынған өнімдер көлемі – былтырғыдан 45%-ға жоғары. Келесі жылы «Совет» ауылында 1 200 тұяққа шақталған тағы бір тауарлы-сүт фермасын ашу жоспарланып отыр.
Аудан инфрақұрылымын дамытуға жекеменшік шаруашылықтар да өз үлестерін қосып келеді. Мысалы, «Чистов» ЖШС өз қаражатына кент ішіндегі жолдарды жасады. Енді мәдениет үйін жөндеп жатыр. «Ноғайбай» ЖШС ауылына демалыс орталығын тұрғызды, кент ішіндегі жолдарды жөндеді, жарық тартты, өз жұмыскерлеріне үйлер, дүкен және қоғамдық монша салып берді.
Өнеркәсіп саласының өнімдері былтырғымен салыстырғанда 105 пайызға артты. Жылдың аяғында барлығы 6,3 млрд теңгенің өнімі алынады деп күтіледі. Өнеркәсіп саласы кәсіпорындарының арасында сүт өнімдерінің 13 түрін шығаратын «Пальчик» май зауыты, ешкінің сыры мен ірімшігін, құрт май және қаймақ өндіріп, оны Петропавл қаласы нарығына шығаратын «Тамаша-2050» ЖШС бар.
Аудан аумағында жол ұзындығы – 700 км. Биылғы жылы автомобиль жолдарын жөндеуге 3,6 млрд теңге бөлінді. Соның ішінде «Булаев-Чистое» республикалық жол учаскесінің 12 шақырымы жөнделді. Ал келесі жылы бұл жұмыстар «Қарақоға» өткізу пунктіне дейін жалғасады, бұл тағы 12 шақырымға жуық. Облыстық маңызы бар жолдар арасынан «Қарақоға-Надежка» және «Булаев-Совет» жолдары жөнделген. Ауылдарға кіреберіс жолдарды жөндеуге бюджеттен 1,4 млрд теңге бөлініп, Бәйтерек, Ганькин, Новотроицк, Полтавка, Сарытомар ауылдарының жолдары жөнделіп, Булаев қаласының айналма жолы салынған.
Кент ішіндегі жолдарды жөндеуге 1,2 млрд теңге бөлінген. Оған Жастар, Бәйтерек, Лебяжье, Қарағанды, Сулышоқ, Новотроицк, Надежка, Ұзынкөл, Возвышен, Қарақоға, Таман ауылдарының және Булаев қаласында орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы, 2023 жылы аудан бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автомобиль жолдарының үлесі 78 пайызға жетті.
Тұрғын үй құрылысы бойынша биыл 9,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 3 қабатты 45 пәтерлі несие үйінің құрылысы жыл аяғына дейін аяқталмақ. Бұл «Отбасы банк» бағдарламасы, тұрғын үй құны 1 шаршы метр үшін 160 мың теңгеден аспайды.
Бүгінгі таңда ауылдардың 99 пайызы таза ауыз сумен жабдықталудың орталықтандырылған жүйелерін пайдаланады. 2023 жылы сумен жабдықтау жұмыстарына 2,3 млрд теңге бөлінген. Осы жылы сумен жабдықтау нысандарын салу және жаңғыртумен Писарев, Жастар, Молодогвардейск, Александров, Новотроицк сияқты 8 елді мекен қамтылған. Ал Таман, Октябрь, Қарағанды ауылдарындағы жобалар келесі жылы аяқталады. Жергілікті бюджеттен 15 елді мекенді сумен жабдықтайтын жөндеу жұмыстарына 168 млн теңге бөлінген.
Бүгінгі таңда 26 ауыл толық жарықтандырылған. Жыл бойы ауылдарды электрмен жабдықтау және көшелерді жарықтандыруға аудандық бюджеттен 57 млн теңге бөлініп, жарықтандыру жұмыстары 25 елді мекенде жүргізілген.
Биылғы 18-22 қараша күндері ауа райының төтенше апатының салдарынан 63 елді мекен екі күн бойы электр қуатынсыз қалды. Апатты жоюға облыс басшылығының тікелей пәрмені болып, генераторлардың күшімен әлеуметтік нысандарда жарық үзілген жоқ. Қазір жағдай толық дұрысталды.
Биыл ауданда барлығы 1 523 адам жұмысқа орналастырылған, соның ішінде 658 адам жаңа ашылған тұрақты жұмыс орындарына тұрғызылды. Әлеуметтік-әлсіз топтарды қолдауға 30 млн теңгенің 28 гранты берілді. Соның ішінде Елена Агофонова өзіне берілген 1,3 млн теңгеге Булаев қаласының шеткері ауданында шаштараз ашты.
Мағжан ауданының мектептерінде 4,5 мың оқушы бар. Оларға сабақ беретін және қызмет көрсететін бір мыңнан артық қызметкер еңбек етеді. Биыл 390 млн теңгеге Булаев қаласындағы №2, сондай-ақ Совет, Ұзынкөл, Медвежье, Октябрь орта мектептерін күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Ал Сартомар, Батыр Баян, Беняш мектеріне 55 млн теңгеге ағымдағы жөндеулер жүргізілді.
Биыл аудан аты берілген ұлтымыздың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығы туған жерінде республикалық деңгейде аталып өтті. Сартомарда болған түрлі мәдени шараға республикамыздың әдебиетсүйер қауымымен қатар алыс-жақын шетелдерден де ғалымдар, ақын-жазушылар келді. Сөйтіп, Мағжан есімі халықтың жүрегінде жаңа екпінмен жаңғырды.
Солтүстік Қазақстан облысы,
М.Жұмабаев ауданы