• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 28 Желтоқсан, 2023

«Жасыл» облигация: Жаңартылған энергия көздерін дамыту жолы

141 рет
көрсетілді

Таяуда «Қазақстанның Даму банкі» АҚ «жасыл» облигацияларын «Астана» халықаралық қаржы орталығының AIX биржасында орналастыру салтанатты рәсімі өтті. Іс-шараға «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ботагөз Әбішева мен ҚДБ басқарма төрағасы Марат Елібаев қатысты.

Бүгіндері бағалы қағаздар­ды шығару көлемі 15 млн долларды құрап, сауда-саттық қорытындысы бойынша купон­дық мөлшерлеме жарты жылда­ бір рет купондық сыйақы төлей оты­рып, 5,65% деңгейінде ай­қын­­далды.

Іс-шарада «Бәйтерек» ұлттық бизнес холдингі төрағасының орын­басары Ботагөз Әбі­ше­ва: «Еліміздің Президенті жария­ла­ған 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі жоспарларды және ESG қағидаттарын енгізудің жалпы трендін ескере отырып, «Бәйтерек» жаңартылатын энергетика, энергия тиімділігін арттыру мен қолданыстағы энерге­ти­калық инфрақұрылымды жаң­ғыртуға кіретін «жасыл» жобаларды қолдауға ерекше назар аударып отыр. Бүгінгі «жасыл» облигацияларды орналастыру еліміздегі жаңартылған энергия көздерін даму жолындағы тағы бір қадам болды», дейді.

AIX биржасында орналас­ты­рылған барлық облигацияны нарық қатысушылары толық көлемде сатып алды. Бұл ретте инвесторлар тарапынан жария­лан­ған орналастыру көле­міне сұраныс 122,7 %-ды құрайды.

«Қазақстанның Даму банкі» АҚ басқарма төрағасы Марат Елібаев:«ҚДБ ESG қағидаттарын өз жұмысы мен қарыз алушы­ла­ры­ның қызметіне, оның ішін­де­ елімізде «жасыл» экономи­ка­ны дамыту үшін тұрақты қар­жы­ландыру құралдарын енгізу арқылы белсенді түрде іске асырып келеді. Облигацияларды орналас­ты­ру үшін Орталық Азияда алғаш рет Climate Bonds Initiative халық­аралық стандартқа сәйкес серти­фикат алынғаны маңызды», дейді.

Climate Bonds Initiative (CBI) сертификаты «Астана» халық­аралық қаржы орталы­ғының Green Finance Center серік­тес­тігімен алынғанын атай отырып, кли­маттық облига­ция­лар­дың әлем­дік стандартында бағалы қағаз­дардың сай екенін көр­сетеді. Осы­лайша, Даму банкінің обли­га­ция­лары CBI халықаралық стан­дарттары бойын­ша сертифи­кат алған Орталық Азия кеңіс­ті­гіндегі қаржы институттары арасындағы борыштық капитал нарығындағы алғашқы мәміле болды.

Орналастыру нәтижесінде алын­ған қаражат елдегі жаңар­тылатын энергетика сала­сын­­дағы жобаны қаржы­лан­ды­руға бағытталады. Таңдау жаңар­тылатын көздердегі үш жобаның арасында жасалуы мүм­кін, олар­дың тізімі жобалардың несие­лік қаражатты игеру кезеңін­­дегі дайындығына байланыс­ты СBI сертификаттауына сәйкес анықталған.

Сарапшылар аталған жобаны жүзеге асыру Қазақстанда энергия өндірудің жалпы көлеміндегі ЖЭК-тің үлесі артып, энергия жүйесінде тапшылық азаяр еді деген пікірде.

«Жасыл» облигацияларды шығару Даму банкінің «Астана» халық­аралық қаржы орталығы Astana International Exchange қор биржасы алаңында жүргізілген алғашқы мәмілесі болды.

Бұл ретте «Астана» халық­ара­лық қаржы орталығының бас­шысы Ренат Бектұров: «Бүгін Қазақстанда ғана емес, өңірде де жасыл қаржыландыруды дамытуда жаңа белеске қол жеткізілді.Орталық Азияда Climate Bonds Initiative (CBI) стандарты бо­йынша сертификатталған жасыл облигациялар алғаш рет орналастырылды. Біздің биржамыз аталған жылдар аралығында инновациялық және тұрақты қар­жылық өнімдер алаңы ретін­де өзін танытты. Мен «Бәй­­терек» холдингіне, оның енші­лес ұйымдарына, сондай-ақ біз­дің­ барлық эмитентімізге алаңы­мыз­ды таңдағаны үшін алғыс айтамын», дейді.