Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде күрделі жөндеуден өткен №3 студенттік жатақхана мен оқу орнының аумағындағы орталық стадион пайдалануға берілді. Бүгінде білім ордасы өз студенттерін жатақханамен толық қамтамасыз еткен Алматыдағы бірден-бір оқу орны атанып отыр.
Университет басшысы Ақылбек Күрішбаев қазіргі уақытта жекеменшікке өтіп кеткен университет активтерін кері қайтару жұмыстары жалғасып жатқанын жеткізді. Бұған дейін №6 студенттік жатақхана тұрғын үй қорына қайтарылып, 280 студент баспаналы болғаны белгілі. Ендігі кезекте «Шаһ» мейрамханасы мен офис ретінде жеке кәсіпкер пайдаланып келген №3 студенттік жатақхана да кері қайтарылып, толықтай күрделі жөндеуден өтті. Бұл мақсатқа университеттің бюджетінен 160 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген. Ректордың айтуынша, мұндай ауқымды жөндеу жұмыстары кейінгі 20 жылда жүргізілмеген. «Ритм Строй ЭК» компаниясының қолдауымен жатақхананың сыртқы жағы және ішкі бөлмелері, ас үйлер мен дәліздер, тазалық орындары жаңаша дизайнмен өрнектеліп, қажетті жиһаздар, мұздатқыштар, кір жуғыш машиналары мен газ плиткаларымен жабдықталды. Нәтижесінде, заманауи 200 бөлмеге студенттер, 100 бөлмеге магистранттар мен жас ғалымдар қоныстанды.
Аталған іс-шараға қатысқан ел футболының ардагері Құралбек Ордабаев, Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов, бокстан бірінші жартылай орта салмақтағы IBO чемпионы Жанқош Тұраров, инвестор компаниялардың өкілдері қатысып, ауыл шаруашылығы саласына маманданып жатқан студенттерге сәттілік тілеп, күрес, бокс сияқты спорт түрлерінен жетістікке жетіп, республикалық додада оқу орны намысын қорғап жүрген жастардың қатары орталық стадионның ашылуымен тағы да толыға түсетіндігіне сенім білдірді. Жаңартылған стадионға «Аtlant Systems» серіктестігі тарапынан 130 млн теңге тартылып, құрылыс жұмыстарын «Korkeм» компаниясы жүргізген.
Проректор Қ.Сұлтанғазиевтің айтуынша, оқу орнында пластик терезе және есік шығаратын, тігін, сондай-ақ мебель цехы ашылып, жатақханаларды жабдықтау ісі қолға алынған. Мұндағы цехтарда арнайы мамандармен қатар өндірістік тәжірибе жинау мақсатында студенттер де жұмыс істейді. Қазіргі кезде жаңадан ашылған жатақханалар осы өндірістік цехтарда жасалған жиһаздармен қамтамасыз етіліп отыр. Ендігі кезекте университетке тиесілі барлық жатақхананы жиһазбен жабдықтау ісі жалғасын тауып, 2 мыңға жуық орын қажеттілікпен қамтамасыз етілмек.
Оқу орны студенттері үшін тағы бір жағымды жаңалық – «Қазақ-Строй» серіктестігімен ынтымақтастық шарт негізінде 9 қабатты 450 орынға арналған студенттік жатақхананың құрылысы басталды. Оған тартылған инвестиция көлемі 2,3 млрд теңгеден асады. Жатақхана жанынан студенттер үшін Медициналық орталық тұрғызу да жоспарда бар.
Бүгінде университет құрамына 6 ірі ғылыми-зерттеу институты мен бір тәжірибелік шаруашылық кіреді. Әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының тәжірибесіне сәйкес, «ғылым – білім – өндіріс» жүйесі енгізіліп, тиімділігін көрсетіп келеді. Оқу орны биыл 4 халықаралық және ұлттық рейтингте лайықты орындарға ие болды. Сонымен қатар университет базасында «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» ұлттық зерттеу университетінің су шаруашылығы мамандарын даярлау жөніндегі филиалы ашылып, шетелдің 7 жоғары оқу орнымен екі диплом алу бағдарламасы енгізілді. Ал Варшава Жаратылыстану ғылымдары университетімен «IT-технологияларды қолдану арқылы су ресурстарын басқару» магистратура бағдарламасы бойынша үш жыл қатарынан түлектер бітіріп шықты. Сондай-ақ Қытай ауыл шаруашылығы университетімен, Литва денсаулық ғылымдары университетімен екі дипломдық оқыту ісі қолға алынып жатыр.
АЛМАТЫ