• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Жұмыс 29 Желтоқсан, 2023

Жалақысы өскен салаға жастар неге бармайды?

228 рет
көрсетілді

Жыл аяқталуына санаулы күндер қалғанда еліміздегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы (ТКШ) қызметкерлерінің жалақысы орта есеппен 50-100 пайыз аралығында өсіп, сала мамандарын бір қуантып тастағаны бар. Әрине, сақырлаған сары аязда қаңтарылып қатпауы үшін сантехник, электрик пен дәнекерлеушілер секілді білікті мамандар ауадай қажет-ақ.

Мардымсыз жалақыға еңбек етіп жүрген ТКШ секто­рындағы кадрлардың тұрақ­тамауы кейінгі жылдары жиілеген.

Статистикалық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлт­тық статистика бюросының мәлі­метіне қарағанда, 2017-2022 жыл­­дары электрмен, газбен және жылумен қамтамасыз ету са­ласындағы мамандардың тұрақ­­тамауы 13,7%-дан 16,4%-ға, сумен жабдықтау және қал­дық­тарды басқару санатында бұл көрсеткіш 24,5%-дан 28,3%-ға ұлғайғанын алға тартады. Бұл орташа экономикалық деңгейден жоғары 22,1%-ды құрап отыр.

Биыл шілде айында коммунал­дық қызметтерге тарифтерді тү­зету туралы ше­шім қабылдау кезінде де кадр тапшылығы маңызды дәлелдер­дің бірі бол­ғаны анық. Сондықтан осы жыл­дан бастап, жалпы, елі­мізде ком­муналдық сала қызмет­керлерінің жалақысын көтеру қолға алынды. Электрмен, газбен және жылумен жабдықтау санатында 22,1%-ға өсіп, 303,9 мың теңге көлемінде, сумен жаб­дықтау, қалдықтарды жинау және қайта өңдеу саласында 22,6%-ға ұлғайып, 219,8 мың теңгеге жуық жалақыға енді қол жеткізіп отыр деуге болады.ТКШ қызметкерлері үшін мұндай айлық әлі де аздық етері даусыз.

Қалай десек те, Табиғи монополияларды реттеу комитеті еңбекақыны арттыру және сала­да кәсіби мамандар мен білік­ті кадрларды сақтаудың аса қажеттілігіне баса мән беру ке­рек­тігін біраздан бері қозғап жүргені бар.

Жылу, электр және сумен жабдықтау, сонымен қатар канализация саласындағы 300-ге жуық табиғи монополиялар субъектілерінің қызметкерлері «Тарифті инвестицияға айырбас­тау» бағдарламасы бойынша жалақының өсуі орташа есеппен 50% бен 100%-дың аралығын құ­рады. Мәселен, кейбір жылу беру орындарындағы жұмыс­шылардың жалақысы 150-180 мың теңгеден 300 мың теңгеге өскен.

Жалпы, салалар бойынша көр­сет­кіштер де әртүрлі. Жы­лу беру жүйесінің мамандары, сантехниктер мен басқа да жұ­мыс­шылардың шаруасы өте ауыр әрі жауапты. Аязды күнге қарамай, суда, ағынды суларда, тұтас бір қаланың немесе аудан­ның өмірін қамтамасыз етуге жауап­ты стратегиялық маңыз­ды ны­сандарда жүріп, кәсіп­орын­дардың үздіксіз жұмы­сын тиімді қамтамасыз етіп отыр­ғандықтан жалақы да соған сай болуы керек.

Мәселен, кезекші электрик биыл қазанда 143,7 мың теңгеге қол жеткізген. Былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда үштен бірге өскенімен, мұндай жалақы әлі де аздық етеді. Бұл коммуналдық саладағы орташа жалақының небәрі 50,5%-ын құрайды. Электр энергетикасы және жылумен жабдықтау сала­сындағы басқа жұмысшылар да осындай жағдайда.Кезекші механик осы жылдың қазан айында – 177,2 мың, дәнекерлеуші – 176,3 мың, сантехник 208,3 мың теңге жалақы алған.

Су шаруашылығы мен тұр­мыстық қатты қалдықтар сек­торындағы жағдай да мәз емес. Ұлттық статистика бюросының мамандары бұл саланың ди­на­микасын бақылау үшін алты ма­мандықты таңдап, оның бе­сеуінде жалақы өткен жылмен са­лыстырғанда 20%-50% өс­кені­мен, жоғары деуге келмей­тінін айтады. Сан­техник – 146,3 мың теңге, қалдықтарды жинаумен айналысатын маман – 203,4 мың теңге, автоматика слесарі 225,8 мың теңге жалақысымен белгілі болған.

Одан әрі жұмыс істеу және «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасына ТМС белсенді қатысуы сектордағы негізгі ірі кәсіпорындар үшін жағдайды түзетуі керек. Мемлекет реттейтін кәсіпорындарға ар­налған мұндай жақсарту жоспары жалпы коммуналдық салаға оң әсер ететінін атап өткен жөн. Қазір осы саланың негізгі кәсіп­орындарында жалақы бұ­дан әрі өсе беретіндіктен, өз қыз­меткерлерінің айлықтарын көте­руге тиіс. ТМС-те бәсекеге қабі­летті еңбекақыны құру, ком­му­налдық саладағы барлық жұ­­мыс­шыға тиімділік танытары анық. Жалақының өсуі энергетика және сумен жабдықтау саласына жас мамандарды тартуға мүмкіндік бар.

Қазақстан энергетика қыз­меткерлерінің кәсіподақ ұйы­мы ұсынған ақпараттарға қара­ғанда, кейінгі жылдары салада 50 жастан асқан кадрлардың үлесі артқан. Себебі жастардың ТКШ жүйесін­де тұрақтамауы жалақының төмен­дігі мен жұ­мыс­тың ауырлығынан көріне­ді. Былтыр коммуналдық сала­дағ­ы жалақы экономикалық қыз­мет­тің басқа түрлерімен салыс­тырғанда айтарлықтай төмен бол­ған. Сумен қамтамасыз ету сала­сын­дағы жалақының көлемі – 145,6 мың теңге, жоғары оқу ор­нын тәмамдағандар үшін – 192,4 мың теңгені құраса, электр және жылумен қамтудағы жас жұ­мысшылардың табысы бұ­лардан біршама жоғарырақ, орта білімі барлар – 196,3 мың теңге, жоғары оқу орнын бітіргендер  232,6 мың теңгені құраған.