Жыл соңында ел руханияты тағы да жағымды жаңалықпен толықты. Хайнань аралында өткен Боао 6-халықаралық поэзия фестивалінің бас жүлдесі Қазақстанға бұйырды. Поэзия сыйлығының «Үздік жетістік» аталымын қазақ ақыны Ұлықбек Есдәулет еншіледі.
Боао халықаралық поэзия фестивалі, Дүниежүзілік поэзия қозғалысы және Азия поэзиясын дамыту қоры сияқты 10 ұйымның бастамасымен, алтыншы «Боао халықаралық поэзия сыйлығына» үміткерлерді іріктеу осы жылдың 11 сәуірінде басталып, 10 қыркүйекте аяқталған болатын. Дәстүр бойынша «Үздік жетістік» аталымының иегері қазылар алқасының ұсынуымен дауысқа салу арқылы анықталады.
Айта кетейік, Боао халықаралық поэзия сыйлығы 2018 жылы тағайындалған. Сыйлық дүние жүзінде поэзия шығармашылығын өркендетуге, қытай поэзиясының интернационалдануын ілгерілетуге бағытталған. Сыйлық иегерлерін анықтауға Қытай поэзия мектептері желісінің бастамасымен оннан астам қытайлық және шетелдік поэзия (әдеби) институты атсалысады.