• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 31 Желтоқсан, 2023

Адай жылқысы – ұлттық бренд

613 рет
көрсетілді

Жаңа жыл қарсаңында күллі еліміз, соның ішінде маңғыстаулықтар үшін сүйінші хабар жетті. Адай жылқысы асыл тұқым мәртебесін алып, осы құжатпен қазақтың бренді ретінде дүниежүзіне танылатын болды. Бұл мәселе «Egemen Qazaqstan» газеті бетінде 2012 жылдан бері бірнеше мәрте көтерілді. Ал 2022 жылы 13 қазанда адай жылқысын ұлттық бренд ретінде тану күн тәртібіне шығарылды. Артынша Маңғыстауға сапармен келген Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев адай жылқысын ұлттық бренд ретінде тануды жүзеге асыру бойынша мамандарға тапсырма берді.

Осыдан соң адай тұқымды қазақ жыл­­қысын асыл тұқымды деп тану мақ­сатында Ауыл шаруашылығы министр­лігі мемлекеттік инспекция комитетінің бұйрығымен арнайы мемлекеттік комиссия құрылды. Комиссия Маңғыстау облысының аудандарын аралап, 1500-ге жуық адай жылқысының деректерін жинады. Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндіру ғылыми зерттеу институты заманауи технологияларды пайдалана отырып, жылқылардың генетика­лық құрылымын ғылыми сынақтан өткіз­ді. Содан кейін мемлекеттік комиссия осы тұқымның мәртебесі туралы патент­ті бекіту және алу үшін Ауыл шаруа­шылығы министрлігіне және Әділет министрлігіне жіберілетін акт жасады. Адай жылқысына асыл тұқымды мал мәртебесін беру жолында бірнеше іс-шара ұйымдастырылды.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың тапсырмасы бойынша біз адай тұ­қым­ды қазақ жылқысын елдің ұлттық брендіне айналдыруға тиіспіз. Бұл ба­ғытта бірлесіп көп жұмыс жасадық. Адай жылқысына мемлекеттік мәртебе беру облыс қана емес, жалпы еліміз үшін бірқатар артықшылықтар береді», деген еді аймақ басшысы Н.Ноғаев арнайы комиссия мүшелерімен кездескенде.

Сүйінші хабарды жұрт көптен күткен еді. Осылайша, асыл тұқымды адай жыл­қысын көзінің қарашығындай сақтаған Маңғыстау халқының оның маңызын мойындатып, мәртебесін асырсамын деген ізгі ойы орындалды. Мойындатқан – адай жылқысының өзі.

Әріден шолып қысқаша айтқан­да, Ахалтеке, Қызыл арбат жорығы деп өрекпи ұмтылған басқыншы әскер мін­ген көбі кабардиндік жылқылар алыс жүріске шыдамай, Маңғыстауға келіп шашылып қалғандықтан, әскер бас­шы­ларының қалауымен және бұйрығы­мен әскер жергілікті, адай жылқысымен қайта жабдықталады (бұл оқиға туралы «Egemen Qazaqstan» газетіне егжей-тег­жей жазған болатынбыз). Осы жолы-ақ аталған жыл­қының айрықша қасиетте­рін іштей мойындап, көкейлеріне то­қып, қызыға көз тігіп кеткен ресейлік­тер Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Маңғыстаудан соғысқа адаммен бірге жылқыны да алады. Мәліметтер бойын­ша Маңғыстаудан соғысқа үйірден іріктелген, иесі жанынан артық жақсы көрген 3000 бас жылқы таңдап айдалып, Нальчик қаласында соғыс жағдайына үйретіледі. Соғыс аяқталған соң, жылқының аман қал­ғаны елге қайтарылмайды. Бүгінде халықаралық сайыстарда қазіргі адай жылқысына бәсекелес болып жүрген кабар­диндік жылқылар сол соғыстан оралмаған жылқылардың тұқымы десек, қателеспейміз, өйткені кабардин жылқыларының әуселесі Ахалтеке, Қызыл арбат жорығы кезінде білініп қал­ған болатын...

Ресейлік дүрлердің адай тұқымды қазақ жылқысына көңілі мықтап ауды, жылқы ғалымдардың қаламына, офицерлер­дің назарына ілікті, оған қызығушы­лық танытқан мақалалар патшалық Ресей баспасөзінде жарияланды. Офицер М.Ар­нольди мен Ю.Барминцевтің берген бағасы, Я.Полферовтің мақаласы тегін­нен-тегін емес, ол айрықша жылқы тұқы­мын таныған және танытқан пікірлер еді. Аталған жылқыны ғылыми зерттеу, өсіру бағытында одақ кезінде бірша­ма жұмыс жүргізілді. А.Иманғалиев, М.Нұрышев, И.Нечаевтың ықыласы мен жазбалары адай жылқысының ерекше жаратылыс екендігін дәлелдей түскен еңбектер болды. Соғыс аяқталған соң, Алматыда өткен республикалық Жеңіс шеруінде 1-орын алған маңғыстаулық Тасқара Сағындықов қосқан шабдар атты Республика Министрлер Кеңесінің төрағасы Н.Оңдасынов ипподромға сый ретінде алып қалуы кездейсоқтық емес. Маңғыстауда ауылшаруашылық саласына зор еңбек сіңірген ғалым маман, марқұм Сәбит Әбішовтің адай жылқысын зерттеу, насихаттау бағытындағы еңбегі орасан. Өмірлік тәжірибесін ғылыммен ұштастырып, аталған жылқы тұқымына қатысты кітап жазып, көпшілік назарына ұсынды. Сондай-ақ өңірдің ауыл шаруашылығы саласын басқарған тәжі­рибелі мамандар, айрықша жаратылыс­ты адай жылқысын қайтсек сақтап, қалай көбейтіп, қалай ғылыми зерттеу нысанына айналдырып, қалай лайықты деңгейде танытып, насихаттаймыз деп жарғақ құлақтары жастыққа тимей еңбектенген К.Ерғалиев, Т.Қалжановтың зор үлесін ешкім жоққа шығара алмайды. Адай жылқысына мәртебе беру мәселесі жыл­дар бойы жиі-жиі қозғалғанымен, «жар­тасқа бардым, күнде айқай салдым» қалпында келді. Бұл кедергіні жылқының өзінің екпіні бұзып өтті. Кейінгі жылдары өткізіліп жүрген әртүрлі сайыс­тан теңдессіз жеңістерді қанжығасына бөктерген жылқылардың асыл тұқымды екені бір емес, талай мәрте дәлелденді.

Тарихи дерек өзгермейді, сондық­тан алдыңғы жылғы мақаладағы деректі жол­дарды келтіре кетейік. «2011 жылы сәуірде Маңғыстаудың Ақтұмсық жерінде өт­кен 90 шақырымдық ат бәйгесінде адай жыл­қылары сыннан сүрінбей өтіп таң­ғалдырды. Халықаралық дәрежедегі судьялар, мал дәрігерлері адай жылқысы­ның халықаралық стандарттарға сай екенін айтса, бір айдан соң Алматы қа­ласында өткен Азия ойындарында – Қазақстан халықтары III спартакиада­сында адай жылқылары алдыңғы үш орынды да иеленіп сенімді ақтады. 2011 жылы шілде айында Ресейдің Рязань облысында өт­кен халықаралық «Дос­тастық кубогі» жа­рысында 80 шақырымдық қа­шықтықта мәре­ден 1-ші, 3-ші және 4-ші болып өтіп, кубок­пен бірге «Көрермен көзайымы» сый­лығын еншіледі. Осы жарыстың нәти­жесі адай жылқысының даңқын жарты әлемге танытты деуге болады, осыдан соң түрлі жарыста жүлде салған 23 атқа Қазақстан Республикасы Ат спорты қауымдастығының «Қазақ­стан Республикасы спорттық жылқы құ­жаттары» куәлігі берілді. 2012 жылы Астана қаласында Қазақстан Республикасы Президенті кубогі үшін өткен халықаралық тур­нир­де алдына қара салмаған жылқы­лар артынша тағы да Рязаньға аттанды. Бұл жақта ТМД және Балтық бойы елдері фестивалінде біраз елдің 117 тұлпары бақ пен бап жарыстырған алыс қашықтықтағы аламанның 80 ша­қырымдық алғашқы жарысында адай жылқылары іркес-тіркес бірімен-бірі үзеңгі қағыстыра мәре сызығын ке­сіп өтеді. Жүлденің үшеуін бірдей Қазақстанға қимағандар үшінші атты денсаулығында мін бар деп жарыстан шығарып тастайды. Алайда «аққа Құдай жақ» деген, осы сәтте 4-ші болып тағы бір қазақ тұлпары – қостанайлық жүйрік зу етіп мәреден өте шығады. Көп ұзамай 117 аттың арасынан тағы да 8-ші, 12-ші болып адай жылқылары жетеді. Бұрын атына, даңқына сырттай қанық көпші­лік осы жолы аталған жылқы тұқымы жетістіктерінің кездейсоқ еместігін, оның айрықша жаратылыс екендігін мойындауға мәжбүр болады. Кейін ха­лықаралық ат спорты сарапшылары мен мамандары, мал дәрігерлері Ақтауға жиылып, Қазақстанда тұңғыш рет жаңа халықаралық классификация бойынша 120 шақырымдық жарыс өткізді. Аламанда жүлдені бұрыннан олжа алып жүрген сәйгүліктер емес, жарқ еткен жұлдыздай жаңа тұлпардың алуы – ел арасында бірінен-бірі озған жүйріктердің көптігін, аталған жылқы тұқымының асылдығын аңғарта түсті. Халықаралық ат спорты федерациясының мүшесі, ресейлік Г.Андриевский: «Сөз жоқ, адай жылқысы – табиғаттың тамаша туындысы» десе, араб елінен келген Мохаммед «адай жылқысы әлемдік жарыстарда олжа салып жүрген араб жылқылары­нан кем емес. Тек бұл жылқылардың күтімі мен бабы жеткіліксіз екені көрі­ніп тұр, сондықтан ат спортына көп күш салуларыңыз керек», деген еді. 2015 жылы Францияда дүниежүзілік бәйгеге қатысып, Латын Америкасы, Сауд Ара­бия­сынан келген кәсіби мамандардың жоғары бағасына ие болады. Қазақтың адай жылқыларын ғылыми-зерттеу, та­ныту бағытындағы жұмыстарда С.Әбі­шев, К.Ерғалиев, Т.Қалжанов сынды ауыл шаруашылығы саласы мамандарымен бірге, алыстағы сайыстарға қатысуы­на жағдай жасап, қолдау көрсеткен сол кездергі облыс әкімдері Қ.Көшербаев, Б.Мұхаметжанов, белгілі заңгер Б.Тұр­ғараев сынды азаматтардың көмегі көп болғандығын айтуға тиіспіз. Әсіресе 2012 жылдары адай жылқысын ТМД кө­леміндегі сайыстарға дайындау, тасымалдау бағытындағы жұмыстарда, ұйымдастыру шараларында сол кездегі Маңғыстау облысы әкімінің кеңесшісі, руханиятқа жанашыр азамат Бекет Тұрғараұлының жергілікті мамандармен ақылдаса отырып, кең көлемді қолдау көрсеткенін осы шаруаға журналистік қызығушылықпен араласқан мен жақсы білемін.

2022 жылы Қазақстан Респуб­ли­ка­­­сының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев­тың қолдауы­мен, Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен елімізде алғаш рет «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі өтті. Астанада басталып, 12 күндік жүрістен соң Түркістан­да мәреге жеткен марафонға еліміз­дің 19 өңірінен 200-ге жуық сәйгү­лік қосылды. Шарт бойынша әр команда марафон-бәйгеге бес ат салып, 600 ша­қырымнан кейін оларды ауыстырып отырды және шабандоздар күніне 100 ша­қырымды бағындыруға тиіс болды. Маңғыстаудан барған «Көкмойнақ» то­бы аталған шартты шашасына шаң жуыт­пай орындап, доданың байрағын желбіретіп оралды. Адай жылқысы, яғни «Көкмойнақ» тобы былтыр да жүлделі жолын жалғастырып, чемпион атанды. Белгіленген қашықтықты жүріп өткен соң, жүрек қағысын тексеру арқылы жылқының жай-күйін анықтайтын ала­манда алыс қашықтықта адай жылқы­ларының жүрегі сыр бермеген. Адай жыл­қысына бұл ерекшелік қайдан кел­ді? Жылқы тұқымы селекциялық, зертха­налық жұмыстардың нәтижесі емес, бұл – табиғаттың сыйы, жаратылыстық ерекшелік, өзіндік құбылыс, меніңше жер бетіндегі жылға, бұлақ, өзен, көл, арал, теңіз, мұхиттардың ешқайсысынан емес, тек қана Каспий теңізінің Маңғыстау жағалауынан түн жамыла шығып, өзі таңдаған биеге жанасатын суын айғырдың тұқымы. Осы таңғажайып оқиғалар мен пікірлер, жетістіктер негізінде былтыр адай жылқысына ұлттық бренд сұра­ған мақаламызда «адай жылқысының қазақты ұялтқан жері жоқ, керісінше қа­шанда өзгелердің қызығушылығына ие. Домбыра, қазы, асылған ет, киіз үй, бауырсақ, қымыз бен шұбат – әлем елдері алдында қазақ мерейін асырып, ұлттық ерекшелігін, бай мәдениетін, терең тарихын, жауынгерлік рухын таныта, қазақ мемлекеттігін мойындата түсетін нақты дәлелдер десек, қазақтың адай жылқы­сы да – ұлттың ұлылығын таныта түсер құндылықтарымыздың бірі. Өзгелер­дің қымызды, қазыны бізден бұрын патенттеп алғанын, жылқының алғаш қазақ даласында қолға үйретілгендігіне қарсы дау айтқандығын ескере отырып, тұқымы соғыс жылдарында өзге елдерге тараған қазақтың адай жылқысын ұлттық бренд ретінде танытсақ, қазақтың ат құлағын­да ойнаған, жылқыны қанаты сана­ған қайсар халық екендігі дәлелдене түседі. Арабтар сүдіні сұлу сүліктей сәйгүлігін, қырғыздар «Манас» жырын, түрікмендер ахалтеке тұлпары мен алабай итін, тіпті кіле­міне дейін әлемге танытып әбігер, біз неге өз құндылықтарымызбен қуана ал­май­мыз? Қазақтың адай жылқысы – ел­­дің мақтанышы, ұлттық бренд, оны мо­йын­дауға өзіміздің мойнымыз жар бер­мей жүргенде ебі мен есебін тапқан өзгелер қолды етіп кетіп, тағы бір жауһары­мыз­ды жоғалтып, салғырттықтан сан соғып қалмайық. Жаңа Қазақстанның жаңа леп-екпінін алысқа жылқының тұяғымен естіртіп, аламанның дүбірімен де мойындату керек», деген едік.

Талай елдік мәселелерге атсалы­сып, қолдау көрсетіп жүрген маңғыс­таулық кәсіп­кер А.Санауовтың жана­шыр­лығымен, екеуміз ақылдаса келе «Egemen Qazaqstan» арқылы қатқан үні­мізге құлақ асып, қолдау көрсеткен Мем­лекет басшысына, осы бағытта жұмыс­танған құзырлы орындарға ризамыз. Бұрын республикалық газетте «Адай жылқысы орын алғанымен, орнын алған жоқ» деп жазған мақаламызды бүгін «Адай жылқысы – ұлттық бренд» деп қуана жазуға мәжбүрміз.

Қазақтың тағы бір құндылығы алмас қылыштай жарқ етіп, әлем жұрт­шы­лығына танылса, ол – ұлттың мерейі. Адай жылқысы алысқа шауып, бәсекелес­терінен бағы басым түсіп, дүйім қазақты қуантатынына сенім мол.

 

Маңғыстау облысы