Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғалымдары Superpave технологиясын өндіріске енгізу жұмыстарын бастады. Озық әдіс асфальтбетонды жобалау кезінде климаттық факторларды, көлік жүктемесін, қозғалыс қарқынын және шикізат сапасын ескереді. Нәтижесінде, жол төсемінің беріктігі қамтамасыз етіледі.
Университет базасында еліміздің құрылыс, жол құрылысы секторында аккредиттелген қызметтердің толық циклін қамтамасыз ететін Қазақстандағы алғашқы құрылыс-техникалық инженерлік орталық құрылды. Онда супер асфальтқа арналған экологиялық тиімді технологиялар әзірленеді. Университет ғалымдары отандық стандарттарды әзірлеу кезінде жергілікті өндірушілердің материалдарын қолданады. Бүгінде асфальтқа арналған арнайы қоспалар дайындалды. Ғалымдар инновациялық асфальтбетонды өндіріске енгізудің алдында оның үлгілерін заманауи жабдықта сынақтан өткізеді. Сынақ барысында көліктердің ұзақмерзімді жүру иммитациясы жасалады, әртүрлі жүктемелер кезінде сораптың пайда болуы, жаңбыр мен қар тәрізді климаттық жағдайларға төзімділігі тексеріледі.
– Superpave технологиясының артықшылығы – еліміздің климаттық жағдайларын және басқа да ерекшеліктерін ескереді. Битум қоспасы облыстың ерекшеліктеріне сәйкес жасалады. Бірегей аспаптардың көмегімен асфальттың ескіру үрдісі имитацияланатын сынақтар жүргізіледі. Университет зертханасында сәтті жүзеге асырылып жатқан Superpave технологиясының тағы бір маңызды ерекшелігі – зертханада нақты жол учаскесіне толығымен сәйкес келетін үлгіні жасау. Егер үлгіні зертханада сынау кезінде нормаларға сәйкес нәтижелерді көрсетсе, дәл осындай нәтижелер жолды нақты пайдалану кезінде де қол жеткізіледі. Бздің жоба инновациялық жол және құрылыс материалдарын әзірлеуде жасыл технологияларды пайдалану арқылы тұрақты дамуға жол ашады, – деді ғылыми жоба жетекшісі, университеттің инновацияларды дамыту департаментінің директоры Әсел Жексембаева.
Бүгінде университеттің ғылыми зертханаларында Еуропа мен Азия ғалымдары бірлесе зерттеулер жүргізіп жатыр. Коллаборацияның нәтижесі бұл елдерде супер асфальт технологиясын енгізудің сәтті тәжірибесіне жол ашуы ықтимал. Бұл ретте отандық зерттеушілер шетелдік стандарттарды еліміздің барлық аймағының климаттық ерекшеліктеріне барынша бейімдеуге баса назар аударады.