Сонау 50-жылдары Бұқтырма су электр стансасы салынып, Күршім мен Марқакөл жұрты аралда қалып қойғандай күйге түскен-ді. Жаз шықса, пароммен қатынап, қыс түссе, мұзбен жүрген тұрғындардың мәселесін Президент «Egemen Qazaqstan» газетінен оқып, Үкіметке тапсырма берген-тұғын.
Мемлекет басшысының тапсырмасы дереу қолға алынып, 2020 жылы арман болған көпір құрылысының қазығы қағылды. Қарқынды жұмыс нәтижесінде қос жағалаудан қарама-қарсы басталған техникалық көпір құрылысы Самар – Күршім аудандарының шекарасында түйісті. Қос ауданның жұрты әрлі-берлі көпірмен өтіп, арқа-жарқа болысты.
Ескерте кетейік, уақытша көпір тек техникаларды, құрал-жабдықтар мен мамандарды жұмыс орнына үздіксіз және жедел жеткізу үшін ашылды. Жолаушылардың жүруіне рұқсат етілмейді. Техникалық көпірдің ұзындығы – 1 153 метр. Басынан аяғына дейін 13 құрылыс алаңы бар.
Күні кеше Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев кестеге сәйкес жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
– Көпір Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша салынып жатыр. Ертеңгі күні логистиканы, туризмді, шағын және орта бизнесті дамытуға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде мұнда жақын маңдағы ауылдардың тұрғындары жұмыс істеп, жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Көпірдің бәріміз үшін, бірінші кезекте, шалғайдағы шекаралас аудандарымыз; Күршім, Зайсан және Тарбағатай аудандарының тұрғындары үшін маңызы зор. Мен бұл стратегиялық маңызды жобаны 2024 жылы аяқтайтынымызға сенімдімін, – деді Ермек Көшербаев.
Қос жолақты автомобиль көпірі Күршім ауданының Құйған ауылының тұсындағы ені ең кіші учаскесінде салынып жатыр. Дегенмен, бұл Қазақстандағы ең ұзын көпір болады.
Қазіргі уақытта 18 тіректің 12-сі орнатылып, алты тіректі орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан басқа, кірме жолдар, су өткізу құрылыстары мен айналма жолдар ретке келтірілу басталған.
– Егер бүгінгі таңда кезек күту уақытын есептемегенде, су қоймасы арқылы пароммен өтетін уақыт 40 минутқа созылса және пароммен әрбір жүріп өткені үшін көп ақша төлеуге тура келсе, құрылыс аяқталғаннан кейін су қоймасын екі минутта ғана кесіп өтуге болады, – деп атап өтті Шығыс Қазақстан облысының әкімі.
Бүгінгі таңда нысан республикалық меншікке, яғни Автомобиль жолдары комитетіне тапсырылды. Құрылыс жұмыстарының сапасы тұрақты бақылауға алынған. Жол активтері сапасының ұлттық орталығы 14 рет келіп, 20 сынама сынақтан өткізді. Барлық анықталған ескерту жойылды. Тұрғындардың да алғысы шексіз.
– Көпір келесі жылы пайдалануға беріледі дегенді естіп, қуанып жатырмыз. Жұмыстың қарқынды жүргізіліп жатқанын көрдік. Қос жағалаудан құрылысы басталған технологиялық көпірдің ортада түйісуі үлкен жаңалық болды. Білуімше, бұл жұмысты ширата түседі. Күршім мен Марқакөл тұрғындары атынан Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлына алғыс айтамыз! Жаңа жыл елімізге жақсылығымен енсін! – деді Күршім аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Есманбек Ақтекенов.
Жаңа жыл қарсаңында Күршім және Самар аудандарының тұрғындары бірінші болып, технологиялық өткел бойынша бір жағалаудан екінші жағалауға өтті.
Шығыс Қазақстан облысы