Ташкентке табаны тиген қазақтың тәу етіп, тағзым жасар қасиетті екі орны бар. Бірі – төбе биіміз Төле бидің кесенесі, екіншісі – әлемге әйгілі суретшіміз Орал Таңсықбаевтың музей-үйі. Біз де сол әдеттен жаңылмай, би бабамыздың басына құран бағыштап, қылқалам шеберінің қара шаңырағына табан тіредік.
– Құтты қонақ екенсіздер, – деді музей ауласында қарсы жолығып, құрақ ұшқан қызметкер қыз жымиып. «Қазақстаннан келгенімізді меңзеп тұр ма екен?» деп ойлап үлгергенімізше, тағы да үн қатты. – Кеше мұнда президенттің қызы келген еді. Сіздер мәртебелі мейманнан кейін табалдырығымызды аттап тұрсыздар. Бұл – жақсылықтың нышаны, – деді иіліп-бүгіліп ілтипат көрсетіп жүрген әлгі жан. О.Таңсықбаевтың музей-үйіндегі қадамымыздың дәл бұлай басталғанына ішіміз жылып қалды, әлбетте.
«Президенттің қызы» дегенде елең ете қалғанымыз рас. Қай президенттің қызы? Мемлекет басшыларының қыздары мұндай музейлерге бас сұға қоймайды ғой. Өнерге ынтық, көнеге құмар бұл кім болды екен? Сөйтсек, алдымызды орай келген мәртебелі мейман Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің үлкен қызы Саида ханым болып шықты. Ол мемлекет басшысының сүйікті перзенті ғана емес, президенттің көмекшісі деген ресми қызметтің иесі. Осыдан біраз уақыт бұрын Шавкат ака «Президент әкімшілігінің басшысы» деген лауазымды жойып, оның атқаратын қызметтерін көмекшінің мойына жүктеген-ді. Экскурсовод қыздың «мәртебелі мейман» деп мән бере сөйлеуі де сондықтан. Біле білсеңіз, лауазымды шенеуніктің руханият ордасына арнайы келуінің өзі көңілді марқайтатын қадам. Оның үстіне Саида ханым Facebook-тегі ресми парақшасына «Біздің елдегі музей-үйлердің жұмысын қайта қарастыратын уақыт жетті. Сондай-ақ оларды сапалық әрі мазмұн тұрғысынан жаңа деңгейге көтеруге тиіспіз», деген жазба қалдырыпты. Демек, алда оң өзгерістердің болары анық.
Хош. Екі қабатты ескілеу үйдің алдында тұрмыз. Бұл – КСРО халық суретшісі, КСРО Көркемсурет академиясының толық мүшесі, Өзбекстандағы кескіндеме өнерінің негізін қалаушы, ұлтымыздың дарынды перзенті Орал Таңсықбаевқа жеті жыл пана болған ыстық ұя, киелі шаңырақ. Қазір алыс-жақыннан келген туристер аялдап, өнерсүйер қауым жиі бас қосатын орынға айналған. 1981 жылдан бері қылқалам шеберінің музей-үйі ретінде жұмыс істеп тұр. Суретшінің тұрған үйін туристер тартатын мәдени ордаға айналдыруда Елизавета Яковлевнаның сіңірген еңбегі ерен. Ол – Орал Таңсықбаевтың ұзақ жыл отасқан зайыбы. Музей-үйдің негізін қалаған да, алғашқы директоры болып, жұмысын жүйелеген де – өзі. Бұл кісі атақты суретшінің қырықтан асқанда қосылған қосағы екен. Өкініштісі, ұрпақ өрбімеген. Лиза жеңгейдің жар мұрасына мұқият қарап, адалдық танытқаны адамдық, әрине. Үйдің іші иелері жоқ демесеңіз, әлі сол қалпы. Бір зат та орнынан қозғалмаған. Есіктен енген бойда-ақ ерекше күй кешесіз, айрықша атмосфераға бөленесіз. Таңсықбаевтай тау тұлғаның қолы тиген дүниелерден құдды бір жылылық есіп тұрғандай.
– Талантты адам қай істе болсын талантты ғой, – деп бастады әңгімесін Камала Бөрібаева есімді экскурсовод. – Орал ағамыз атақты суретші ғана емес, мықты қолөнер шебері де болған. Үйдегі тұрмыстық заттардың біразын өз қолымен жасаған. Мәселен, кіреберістегі киім ілгіш пен трюмо сол кісінің қолынан шыққан дүниелер. Қандай шеберлікпен жасалған десеңізші! Майлы бояуларды араластыруға арналған тақтай палитраларды да өз қалауынша жасап алып отырған. Картиналардың ағаш жақтауларын да алыстан іздеп әуре болмаған. Этюд жазуға арналған жиналмалы, жылжымалы стенд-палитраларды, үстел, орындық секілді қарапайым заттарды да өзі істеген.
Иә, ол кезең қазіргідей жұрттың бәрі суретшілікпен жаппай әуестенбеген уақыт қой. Қарапайым құрал-жабдықтардың да қат кезі. Сондықтан атақты суретші бұларды өзі жасауға мәжбүр болған да шығар. Оның үстіне О.Таңсықбаевтың бай-бағландардай балқып-шалқып ғұмыр кешпегені де мәлім. Тұрмыстық жағдай титықтатқанда туындыларын сатылымға шығарғаны туралы әңгімелер де жиі айтылады. Құны ақшамен өлшеуге келмейтін қаншама еңбегі әркімнің қолында кетті десеңші. Осы орайда Камала бізге мынадай бір оқиғаны баяндап берді. Бір танысы қазақтың ұлы суретшісінен үлкен кенепке салынған картинаны 400 долларға сатып алыпты. Бұл сол кезең үшін қомақты қаржы. Арада бірнеше ай өткенде Орал ағамыз танысына берген әлгі туындының Германиядағы бәс саудада 8 мың долларға сатылғанын естиді. «Ғажап!», депті Таңсықбаев таңдана, артынша түсін суытып «Бірақ, бұл – хайуандық!» деген екен.
– Таңсықбаевтан қалған мұра көп. Біздің музейде 300-ден астам туындысы сақталған. Бұған қоса әйгілі музейлер мен галереялардан орын тепкені қаншама. Жеке қолға өтіп кеткендердің есебін де ешкім білмейді, – деді үйге кіргендегі сол жақтағы бөлмеге – суретшінің шеберханасына бастай жөнелген қызметкер.
Қабырғаларға түрлі картиналар ілінген. Дені табиғат көріністері. Жалпы, Орал Таңсықбаев – пейзаждың хас шебері. Замандастары оны «тау мен дала жыршысы» деп атаған. Төрдегі жұмыс үстелі сол күйі тұр. Мольберті де мол сырды ішке бүккендей. Босағада жеке кітапханасына орын берілген. Орал Таңсықбаев таңдай қақтырар туындыларының көбін асқан ыждаһаттылықпен жасақталған осы бір бөлмеде өмірге әкелген. Айтпақшы, суретшінің 20 жасында, яғни 1924 жылы жазылған алғашқы этюдтерінің бірі («Менің алғашқы этюдім» деп аталады) де осында сақталған. Елеусіз жерде тұрса да автордың «Автопортреті» (1959 жыл) еріксіз мойын бұрғызады. Жүзден астам қылқаламы, тірісінде қолынан түспеген француз палитрасы, мемлекеттік наградалары, жеке құжаттары да осы жердегі құнды жәдігерлердің қатарын толықтырып тұр.
Шеберханадан шыққан соң қарсы беттегі бөлмеге өттік. Бұл – қонақ бөлмесі. Үй иелері меймандарын осы жерде күткен. Кірген бойда төрде ілулі тұрған «Гүлдер» атты картинаға тесіле қарағанымызды байқап қалған Камала: «Бұл туындыны әйелінің туған күніне арнап бар-жоғы екі сағаттың ішінде салған екен», деді. Ғажап! Екі сағаттың ішінде мынадай шедеврді дүниеге әкелген талант иесі тарихта қалмағанда қайтсін! «Жалпы, Елизавета Яковлевна банк саласының қызметкері болған. Бірақ суретшінің алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасау үшін үнемі қасынан табылған. Қылқалам шеберінің әйелі ғана емес, хатшысы әрі көмекшісі де бола білген», деді әңгімені әрі жалғап.
Баспалдақпен екінші қабатқа көтерілдік. Мұнда жатын бөлме бар. Марқұмның көзі тірісінде қандай болса, бүгін де дәл солай сақталған. Суретшінің аулаға қараған шағын бөлмесі кішігірім этюдтермен безендірілген. Экскурсоводтың айтуынша, қылқалам шебері бұл жерде болашақ туындыларының нобайын салып, этюдтер жазған. Қабырғаларға ілінген ескі суреттер де менмұндалап тұр. Жалпы, үйдің іші аса ұқыптылықпен реттелген. «Бұл Елизавета Яковлевнаның қолтаңбасы», деді Камала.
– Күнделікті күйбең тіршілік мойын бұрғызбаса да, мұнда уақыт тауып келетіндер жетерлік. Оның үстіне бұрынғыдай емес, қазір музейдегі жалпы атмосфера өзгерген. Өнер адамзатқа ортақ, әрине. Десе де, сурет өнерінің сүйекті өкіліне айналған Орал атамызды жергілікті қазақтар ерекше мақтан тұтады. Музей-үйін қасиетті қара шаңырақ санайды. Шүкір, бұл жер бауырлас ұлттарды рухани тұрғыдан байланыстыратын алтын көпірге айналып келеді, – деді бізге жол бастап жүрген жергілікті журналист, Өзбекстанда қазақша шығатын республикалық «Нұрлы жол» газетінің тілшісі Айгүл Еркінбайқызы.
Сыртқа шықтық. Музей қызметкері үйдің артқы жағына қарай өтуімізді сұрады. Бұл жерде суретшінің бау-бақшасы болған екен. Орал ағамыз түрлі жеміс-жидек өсіруге құмар болыпты. «Жазда қаулап жүзім де өседі», деді қызметкер. Сөйтті де екі қабатты еңселі ғимаратқа қарай бастап жүрді. Бұл – 1994 жылы О.Таңсықбаевтың 90 жылдығына орай салынған көрме залы. Мұнда да әйгілі суретшінің тамаша туындылары менмұндалап тұр. Үлкен бөлмесінде жергілікті және шетелдік суретшілердің көрмелері, тақырыптық іс-шаралар ұйымдастырылады. Экскурсовод «Көркемсурет бағытында оқитын жергілікті студенттер музейге жиі келеді», деп айтып үлгергенше, бір топ қыз-жігіт көрме залына сау ете қалды. «Міне, өздеріңіз де көріп отырсыздар. Бір күніміз де босқа өтпейді», деп әзілдеді.
Көрме залының бірінші қабатында Орал Таңсықбаевтың үлкен суретіне көзіміз түсті. Суретшінің тұлғасын әйгілеген әдемі туынды екен. Музей қызметкері бізге жақындап: «Бұл қылқалам шеберінің қайтыс боларынан төрт күн бұрын түскен суреті. 1974 жылы 70 жылдық мерейтойын атап өтуге дайындалып жүргенде жасалған рәсім. Ол Ташкентте туып-өскенімен, Нөкісте қайтыс болған. Мерейтойға арнап Нөкістегі мұражайдан туындыларын әкелмек ниетпен жолға шыққан. Өкінішке қарай, сол жақта жүрегінің талмасы ұстап, өмірден озған. Марқұм Ташкенттегі әйгілі Шағатай зиратына жерленген. Бұл жерде әйгілі суретшіден бөлек, өзбектің Шараф Рашидов, Айбек, Ғафур Гулям, Осман Юсупов сынды белгілі тұлғалары да тыныстап жатыр. Орал Таңсықбаевтың туыстарының бәрі Қазақстанға көшіп кеткен. Бұл жақта тұратын бір ғана жақынын білеміз. Арагідік музейге келіп тұрады. Жалпы, суретші сегіз ағайынды болған. Ташкентке келген шетелдік туристер бұл жерге жиі аялдайды. Арасында Нидерланд, Германия, Англия, Франция секілді Еуропа елдерінен келетін ғалымдар да бар. Олар музей-үйдің әу бастағы қалпында сақталғанына тәнті болады әрі оның дәл осылай қала бергені дұрыс екенін алға тартады. Сондай-ақ музейде ғылыми жұмыстар қолға алынуы керек екенін де еске салады», деді Камала.
Қызметкерлермен қоштасып, кеткелі тұрғанымызда музейдің қазіргі директоры Фарход Джалиловпен де аз-кем тілдесудің сәті түсті. Қазақстандағы бас газеттің өкілдері екенімізді ұққан ол, ұсыныс-тілектерін де ірікпей айтты.
– Музейде жұмыс істеп жатқаныма жеті жылдан асты. Қазақстаннан қонақтар жиі келеді деп айта алмаймын. Негізінен аялдайтындардың дені өздеріңіз секілді журналистер, зиялы қауым өкілдері. Мәселен, биыл Алматы мен Шымкенттен шығармашылық өкілдері келіп кетті. Есіме түсіре алмай тұрмын, Алматыдағы бір музейдің мамандары меморандум жасап, шығармашылық байланыс орнатуды ұсынды. Біз мұндай байланыстардың бәріне ашықпыз. Алматыда сәндік-қолданбалы өнер колледжі Орал Таңсықбаев атында екенін, онда суретшінің кішігірім музейі барын білеміз. Жалпы, Қазақстан тарапымен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз. Айталық, Қарақалпақстандағы И.В.Савицкий атындағы мемлекеттік өнер музейі алыс-жақын шет мемлекеттермен үкіметтік деңгейде байланыс орнатқан. Соның нәтижесінде жер-жерде үлкен көрмелер өткізіп тұрады. Дәл осы тәжірибені біз де қолға алсақ дейміз. Ол үшін Қазақстан Үкіметі тарапынан қолдау керек. Өйткені мұндағы дүниелердің бәрі құнды жәдігерлер. Сондықтан көрме ұйымдастыру, картиналарды тасымалдау, сақтандыру, қаржыландыру секілді жауапты жұмыстар үкіметтік деңгейде келісіліп, шешілгені абзал. Бірлескен каталог шығаруға болады. Мұның бәрі бүгін айтып, ертең атқара салатын оңай шаруа емес. Бұл өте ұзақ үдеріс. Жеке адамдар келіп-кете береді ғой. Бізге музейлер арасындағы байланыстың қалыптасқаны, тереңдей түскені маңызды. Себебі Орал Таңсықбаевтың шығармашылығына қызығатын қазақстандықтардың көп екенін білеміз, – деді Фарход Джалилов.
Рас, үкіметтік деңгейдегі байланыстың маңызы зор. Оның үстіне биыл Орал Таңсықбаевтың туғанына 120 жыл толады. 14 қаңтар – туған күні. Мұндай мерейлі датаны елеусіз қалдыруға болмайды. Ауқымды іс-шаралар арқылы атақты суретшінің шығармашылығын қайта жаңғыртып, жұртшылықпен қауыштырған абзал. Бұған еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігі де маңыз береді деп сенеміз. Өкініштісі, даңқты қылқалам шеберін қазіргі жастардың дені біле бермейді. Сондықтан насихат жұмыстарын барынша жандандырған жөн. Қазақта Орал Таңсықбаевтай атағы алты құрлыққа жайылған саңлақ суретші саусақпен саналарлық. Ұлы өнер иесін ұлықтау алдымен ұлтымызға, ұрпағымызға керек.
Музейге келіп Орал Таңсықбаевтың өзімен жүздескендей болдық. Иә, жүздескендей болдық. Өйткені мұндағы әр заттың жаны бар, тілі бар. Кете-кеткенше етене жақын екі елге ортақ телтұлға әне-міне есіктен кіріп келердей елегізи бергеніміз де сол.
АСТАНА – ТАШКЕНТ – АСТАНА