• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сұхбат 03 Қаңтар, 2024

Біздің технология тиімділікті жақсартады

130 рет
көрсетілді

Елімізде қауіпті және зиянды өндірістерде 1,5 миллион адам жұмыс істейді. Олардың бәрі күн сайын медициналық тексеруден өтуге міндетті. Өндірісте күн сайынғы тексерісті былай қойғанда, халық жылына бір мәрте толыққанды тексерістен өтуге қиналады. Дені сау ұлт – мемлекет тірегі екенін ескерсек, бұл мәселеге де бір шешім керек. Осы бір қысқа жіпті күрмеуге келтірген Med365 компаниясы десек, артық айтпаған болар едік. Бұл компания медициналық тексеруден өту уақытын айтарлықтай қысқартып, жұмысты бір жүйеге түсірген. Кәсіпорындардағы жарақат алу және өлім қаупін азайтқан. Жасампаз жоба медицина қызметкерлерінің олқылықтарға көз жұма қарауынан сақтап, адам факторының рөлін төмендетуге ықпал еткен. Осылайша, қоғамды қоғадай жапырып келе жатқан жемқорлық дертінің де алдын алмақ. Жобаның жай-жапсарын толық білу үшін Med365 компаниясының басшысы, былтырғы «Алтын сапа» байқауының жеңімпазы Шыңғыс ҚҰЛАХМЕТОВТІ сөзге тарттық.

– Жуырда ғана «Алтын сапа» сыйлығын алдыңыздар. Құтты болсын! Білуімізше, Med365 мәр­тебелі сыйлықты иеленген тарих­тағы алғашқы IT-компания.

– Көп рахмет. Иә, өндірістегі медициналық тексерулерді автоматтандырумен айналысатын Med365 «Алтын сапа» сыйлығын иеленген алғашқы IT-компания ретінде тарихқа еніп отыр. «Қазақстанның үздік тауа­ры» өңірлік көрме-конкурстары­­ның жеңімпазы атанған 180 компания­­­ның ішінен онлайн-дауыс беруге қаты­су­ға 27 финалист қана қол жеткіз­ді. Стартап «Өндірістік мақсаттағы үз­дік кәсіпорын» аталымы бойынша үздік деп танылды. Осылайша, біз отандық IT-компаниялардың қазір­дің өзінде әлемдік нарықта бәсекеге түсе алатынын дәлелдедік. «Алтын сапа» бізге үлкен жауапкершілік жүктеді. Бизнес-үдерісті одан әрі же­тілдіріп, IT-өнімдеріміздің бәсе­кеге қабілеттілігін арттыратын боламыз. Тұтынушының адалдығы мен қызметкердің ризашылығы әр кә­сіпкерге маңызды. Бұл стартаптың бастапқы идеясы – денсаулық мәсе­лелерін смарт технологиялардың кө­ме­гімен шешу. Даму барысында біз медициналық қызмет көрсету са­ла­сындағы толыққанды ұйымға айна­лып келе жатқанымызды түсін­дік. Өйткені қызметімізді жүргізу және жабдықтарды өндіру үшін медициналық лицензиялар, серти­фикаттар, тіркеу куәліктерін алдық. Бүгінгі таңда біздің құрылғы толық­қанды медициналық өнім деңгейіне жетті.

– Сонда бұл құрылғының ерек­шелігі неде?

– Ерекшелігі – адами фак­тор­дың алдын алу. Біздің мақсатымыз – бюджет игеру емес. Med365 – аза­маттық позиция ұстанатын, әлеу­мет­тік компания. Оның өзгелерге беретін мүмкіндігі – қызметкерлердің денсаулық динамикасын анықтап, бақылауда ұстау. Екіншіден, жұ­мыс берушілердің жауапкершілігін күшейтуге, жұмысшылардың ішкі тәртібін қалыптастыруға көмекте­седі. Біз мемлекеттің әлеуметтік ба­ғыт­та жұмсайтын шығындарының үле­сін азайтқымыз келеді. «Себеп», «салдар» деген ұғымдардан бұрын «алдын алу» ұғымын ұстын етіп ұстаймыз. Мысалы, ірі компанияларда 100-150 қызметкер бір уақыт­та жұмысқа келеді. Денсаулығының жұмысқа жарамдылығын қазірге дейін дәрігерлер берген анықтама немесе есік алдында отырған медбике көмегімен анықтайды. Ол адамның қан қысымы көтеріліп тұрса, дәрісін беріп жұмысқа кіргізе береді. Ал ондай қызметкердің жұмыстағы белсенділігі төмендейді, ең қауіптісі денсаулығына күш түсіп, басқа ауруы асқынуы мүмкін. Міне, осындай адами фактор жиі болатын жерде жасанды интеллектіні алдау мүмкін емес.

Зауытта, шахтада немесе кез кел­ген қауіпті кәсіпорында ауысымға кі­рер алдында жұмысшы медицина­лық куәландырудан өтіп, дәрігерден рұқсат алуы қажет. Біздің жүйе не істейді? Алдымен адамды анық­тай­­ды, құрылғы тексеріс жүргізіп, де­ректерді дәрігердің компьютеріне жібереді. Ол қызметкердің мас немесе сау екенін, қан қысымының жоғары я төмен екенін тексереді. Со­ны­мен қатар бізде қызметкер­­дің жағ­дайын динамика арқылы тал­­дап беретін бағдарламалық жасақта­ма бар. Егер ол теріс өзгерістерді көрсе, соған назар аударып, алдын алу шараларын қабылдау үшін дереу дәрігерге дабыл қағады. Демек, Med365 – адам денсаулығына зиян­ды өндірісте жұмыс істейтін қыз­меткерлерге ауысым алдында немесе ауысымнан кейінгі медицина­­­­­лық тексеруден 1 минут ішінде өтуге мүм­кіндік беретін оңтайлы ше­шім. Ол алынған деректерді талдай­тын және денсаулыққа төне­тін қа­уіпті анықтайтын арнайы бағдар­ла­ма­лық жасақтамадан тұрады. Мұ­­ның бәрі термометр, тонометр, алкотес­тер, пупиллометрі бар мет­ро­­ло­гиялық қамтамасыз етудің авто­маттандырылған жүйесінің көме­гімен жасалады. Медициналық тек­серу­ден өту әдеттегідей 8-10 минутты алады. Елестетіп көрі­ңізші, бір уақытта 500 жүргізуші 5-6 мед­бикенің көмегімен тексеруден өтуі керек. Біз бұл үрдісті 1 минут 10 секундқа дейін қысқартып, адам факторының жойылуына қол жет­кіздік.

– Өнертабыс кәсіпорындар­дың жұмысын қаншалықты жақ­сартты?

– Біздің жүйе өзін нашар сезініп тұрған немесе мас күйде келген қыз­меткерді бірден таниды. Мысалы, та­ңертең адамның қысымы көтерілсе, құ­рылғы тексеріп, дәрігерге дабыл соғады. Дәрігер оны жұмысқа жі­бер­мей, терең тексерілу үшін емха­наға жібереді. Өндірістегі жұмыс­шы­лардың біразы жұмыс уақытында тығылып ішімдік ішеді. Әрі олар ауыр жұмыстың ортасында жүреді. Тиісінше, қай жерде қандай оқиға болатынын ешкім білмейді. Ал мас адам жұмыс барысында туындайтын төтенше оқиғалар кезінде тығырықтан шыға ала ма? Абайсызда өзін немесе өзгені жазым етуі ықтимал. Мұндай жағдайларды естіп, көріп жүрміз. Жоғарыда айтқанымдай, біздің құрылғы қызметкер жұмысқа ішімдік ішіп келсе де, бірден анықтайды. Қолданушылардың дерегінше, Med365 жұмысшылар арасындағы ішімдік ішу деңгейін төмендеткен. Себебі тиісті мамандармен келісіп «ішімдік ішкен жоқ» деген құжатты қолдан жасап алуға болады. Ал құ­рыл­ғымен қалай келісесің? Біз тех­нология өмірді жеңілдетеді, тиім­ділікті жақсартады дегенді әлі жете түсіне қоймадық. Мысалы, кейбір кәсіпорын жұмысшылары мұндай жаңашылдыққа қарсы болып жатады. Арнайы барып, құрылғы жұмысын, мақсатын түсіндіргеннен кейін ғана аптығы басылады.

– Алдағы жоба-жоспарлар да ауқымды шығар?

– Біз тек өндірістік медицинаға ғана емес, сонымен қатар ауылға да көңіл бөлгіміз келеді. «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы жә­не қолжетімді денсаулық сақтау» ұлт­тық жобасы аясында Қарағанды об­лы­сының 6 елді мекенінде қа­нат­қақты режімде дәрігерлерге ар­нал­ған біріктірілген мобильді мет­ро­логиялық қамтамасыз етудің авто­мат­тандырылған жүйесі орнатылды. Оған «Digital Med365» атауын бердік. Қазіргі уақытта ел халқының 40 пайызға жуығы ауылдық жерлерде тұрады. Олардың басым бөлігі негізгі медициналық қызметтерге қол жеткізе алмай отыр. Осы мәсе­лені шешуге көмектескіміз келеді. Жабдықтың көмегімен дәл сол жерде фельдшер пациенттің қан қысымын, дене температурасын, қант деңгейін, импульсін өлшей алады. Сондай-ақ қан мен зәрді талдап, ЭКГ жасау үшін деректерді жүйеге енгізуге бо­лады. Осы арқылы аудан­дық немесе облыстық емхананың дәрігерлері деректермен таныса алады. Тілдесу үшін арнайы планшет те бар. Алдағы уақытта медициналық қателік қау­пін азайтуға көмектесетін жасанды интел­лекті іске қосқымыз келеді. Бұл сапалы медициналық көмек көр­се­туге жол ашады. Сонымен қатар дәрі­герлер белгілі бір аймақтардың тұр­ғындары қандай аурулардан зар­дап шегетінін түсіне бастайды. Әр жердің өзіндік климаттық және тарихи ерекшеліктері бар. Жо­бамыз денсаулық сақтау саласын тиімді басқаруға көмектеседі. Бірін­шіден, шенеуніктер аймақтарда халықтың денсаулығына қатысты қандай маңызды мәселелер барын және жағдайды түзету үшін назарды қайда аудару керектігін түсінеді. Екіншіден, бұл медицинаға бөлінген бюджет шығындарын ұтымды бас­қаруға мүмкіндік береді. Әр сала дәрі-дәрмектің белгілі бір көлемін сатып алады. Жиналған мәліметтер негізінде біз беретін деректерге қарап қандай дәрі-дәрмектердің көбірек я азырақ қажет екенін түсінуге болады.

Қазір біздің құрылғыны рес­пуб­лика бойынша 40-тан астам кәсіп­орын пайдаланып отыр. Олар мұ­най өңдеу, тау-кен өндіру секілді өнеркәсіптің бірнеше бағытында жұмыс істейді. Жақында Алматы, Астана қалаларындағы автобус парк­теріне жүйені қанатқақты режімде іске қостық. Бір айға созылған сынақ ке­зеңінде жақсы нәтижелерге қол жет­кіздік. Құрылғыны автобус парк­­теріне қоюдың маңызы зор. Өйткені жүр­гізушілердің жүрек талмасы ұс­тап, есінен танып, салдарынан адамды адам қа­ғып кеткен кездері туралы жан түр­шігер фактілерді жиі естиміз. Бұл – ада­ми фактор. Алдын алуға тыры­су керек. Ауыр жұмыс істейтін жұ­мыс­шы­лардың денсаулығы мен мас я мас емес екенін міндетті түрде күн са­йын сапалы түрде тексеріп отыру ке­рек. Себебі олардың мойнында қан­­шама адамның тағдыры тұр. Бұ­ған қоса біз ішкі тәртіпке келгенде қыр­­сызбыз. Шын мәнінде, ішкі тәртіп денсаулығымызға мән беруден бас­талады.

Қазіргі таңда еліміздің ірі мега­по­лис­­терінің автобус парктерінде қа­натқақты жобаларды іске қосу үшін келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Қы­зығушылық бар. Болашақ­та жал­пы өндірістегі медициналық тек­се­руден өту үдерісін толықтай авто­­мат­тандырғымыз келеді. 2022 жы­лы елі­­міздегі өндіріс орындарында 1 500-ден астам адам зардап шеккен. Оның 200-ден астамы түрлі себеппен қайтыс болған. Бұл мәселені қа­лай реттейміз? Мұның бірден-бір шешімі – жұмыс берушілер қыз­меткерлердің денсаулығына жіті на­зар аударып, қолайлы жағдай жасауы керек. Дегенмен кейбір компаниялар бұған көз жұма қарап, жарақат алған адамдардың статистикасын бұрмалап, тіпті кейбір ке­леңсіз оқиғаны жасырып қалып жа­тады. Осы мәселені шешу үшін 2019 жылы Женевада еліміз­дің Ең­бек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігі мен Халықара­лық әлеу­меттік қамсыздандыру қа­уым­­дастығы арасында Vision Zero тұ­жы­рымдамасын орындау туралы ме­моран­дум бекітілді. Оған 2022 жылы отандық 291 кәсіпорын қол қой­­ды. Олар жұмыс орнындағы жа­за­­тайым оқиғаларды азайтуға және ең­бек қауіпсіздігін күшейтуге мін­дет­телді. Осы меморандумнан ке­йін жұ­мысшылардың денсаулығын қада­ға­лауға көмек­тесетін құрылғыға да сұраныс арта бастады.

– Med365-тің негізгі үш ерек­шелігін атап бере аласыз ба?

– Бірінші – инновацияға жа­қын­быз. Мысалы, Қарағандыға құрыл­ғымызды апарып, қойғымыз келді. Бірақ шалғай ауылдарда интер­нет мүлдем ұстамайды. Сол үшін өз қаражатымызға Starlink интерне­тін қойып бердік. Екінші ерекшелік – мүмкіндігінше мазмұнды жұмыс істегіміз келеді. Біз – әлеуметтік кә­сіп­керлерміз. Ең маңызды дүние­міз – мақ­сат. «Адам өмірінің сапасы мақсатының мазмұнына байланысты» деген тәмсіл бар. Үшінші ерекшелік – отандық өнімбіз. Елге қызмет ету – біз үшін үлкен абырой.

– Неліктен осы бағытты таңда­дыңыздар?

– Стартап бастауға идея іздеге­німізде басты мақсатымыз мол табыс табу емес, әлеуметтік мәселені шешу болды. Студент кезімде әкем 51 жасында жүрек талмасынан қай­тыс болды. Сол кезде адам бо­йын­дағы кез келген ауруды ерте кез­ден анықтаудың маңызды екенін тү­сіндім. Мойындау керек, біздің елде көбіне ер адамдар денсаулығына нем­құрайды қарайды. Дәрігерлер де адам­дардың ауруы асқынғаннан кейін келетінін айтып, шағымданады. Осылайша, өндірісте жұмыс істейтін азаматтардың денсаулық жағдайын жасанды интеллект көмегімен ерте анықтайтын Med365 жобасын қолға алдық. Жоғарыда айтқанымдай, біз құрастырған құрылғы өндірістік компаниялардағы жұмысшылардың жұмысына кіріспес бұрын меди­циналық тексеруден жылдам әрі сапалы өтуін қамтамасыз етеді.

 

Әңгімелескен –

Елігімай ТӨҢКЕР,

«Egemen Qazaqstan»