• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Тұлға 02 Қаңтар, 2024

Екі тумас Елағаң

865 рет
көрсетілді

Еллеки. Елағаң. Елубай Өмірзақов. Осының бәрі бір актердің есімі. Замандастары, қатарластары, інілері оны Елағаң деп төбесіне хан көтерсе, қазақтың тұңғыш режиссері Жұмат Шанин Қалибек Қуанышбаевты – Қаллеки, Елубай Өмірзақовты – Еллеки деп еркелетіп атапты.

Тобыл топырағында туған Ел­ағаңның өнерге келуіне, ауылдасы, классик жазушы Бейімбет Майлиннің ықпалы болған. Ел ішіндегі түрлі сауық кештерінде домбырамен ән айтып, күй тартып, реті келсе, түрлі аң мен құс­тың дауысын салып, қисық-қыңыр адам­дар­дың бейнесін әжуаға айналдырып, жұртты қыран топан күлкіге батырып жүрген жастың бойындағы талантын Биағаң ерте таниды. Болашақ актер­дің өнердегі жолы 1919 жылы «Қызыл керуен» труппасымен басталды. Осы труппаның жұ­мысына белсене араласып, дала сахнасында өнер көрсетті.Одан кейін Орынбордағы халық ағарту институтына оқуға түсіп, сол шаһарда ұйымдастырыл­ған театр труппасымен Мұх­тар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» спектаклінде Абызды, Е.Ер­данаевтың комедиялық қойы­лымында Малқамбайды ойнады. Бұл екі туынды арқалы ак­тердің сахналық өнерге бет бұруына даңғыл жол ашты.

1926 жылы Қызылорда­дан Қа­зақ мемлекеттік театры­ ашылып, соған жер-жер­де­гі дарындарды жи­нады. Қос­та­найдан Серке Қо­жам­құ­лов, Елубай Өмірзақов, Қа­пан Ба­дыров шақырылды. Ту­мы­сынан талантты үшеуі де тұң­­ғыш театрдың негізін қа­лаған діңгектеріне айналды. Кәсіби оқу-тоқусыз театр өне­рінің биігін бағын­дырған осы қара шалдардың таланты­на таңғаласыз. Содан бастап Елағаң театр сахнасында талмай еңбек етіп, 150-ден аса түрлі ке­йіпкерді келісті сомдады. Әсі­ресе М.Әуезовтің «Қа­ра­гөз», «Еңлік-Кебек», «Қа­ра қып­шақ Қобыланды», Ғ.Мүсі­ре­пов­тің «Амангелді», «Ақан сері-Ақтоқты», Ә.Әбішевтің «Дос­­тық пен махаббат», та­­ғы басқа отандық және ше­тел­дік драматургтердің спек­такльдерін­де ойнаған рөл­де­рі­мен көрер­мен ықыласына бө­ленді. Оның бас­қалардан ерекшелігі – ол сөзден гөрі сах­нада қимыл-қозғалысқа, мими­каға мән берді. Кейіпкерінің болмысын, мінезін ашуда түрлі әдістерге барды. Рөлдерді талант қуаты, ішкі сезімімен байы­­тып, бүкіл дене бітімін құбыл­тып, құл­­пыртты. Елағаңның актерлік шеберлігіне тәнті бол­ған заңғар жазушы Мұхтар Әуезов: «Елубай – қызу қанды, ащы мысқыл иесі, ішінде сахна өнерінің қайнар көзі бар жанды отты ойыншы. Шынымен, бабына келтіретін болса, Елубайдың ішінен тасып шығатын қызуы өте мол. Мұнда өмір екпіні, өнер оты тіпті күшті», деп бағалаған.

Ұлы актердің драмалық қа­на емес, комедиялық қойы­лым­­дар­да ойнаған рөлдері де кере­мет. Ол кейіпкерлерінің күл­кілі ­іс-әрекеттеріне өзгеше жан бітіріп, ғажайып бейнелер жасады. Бұл туралы замандасы, атақты актер Құрманбек Жандарбеков: «Елубай күлдір­гі рөлдерді ойна­ғанда сахнада еркін жүреді. Он екі мүшесі түгел қатысады. Сах­надағы бар­лық әрекеттеріне жұртты сендіреді, өзі күлмейді», деп айтқан.

Е.Өмірзақовтың ұлттық кино саласында да ешкімге ұқсамайтын өз сүрлеуі бар. Біз ардақты актердің экраннан өзіміз көрген екі фильмі­не тоқталғымыз келді. Біріншісі – ал­ғашқы қазақ киносы – 1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азат­тық көтерілісінің қаһарманы Амангелді Иманов туралы. Бұл туынды 1938 жылы түсіріліп, 1939 жылы 25 қаңтарда премьерасы өтті. Фильмнің сце­нариін Бейім­бет Майлин мен Ғабит Мүсіре­­пов жазды. Кейін олардың қатары­на Кереку өңірінде туған қа­лам­гер Всеволод Иванов қо­сыл­ды. Тұңғыш киноға талант­ты актерлер таңдалды. Бас сардарды сомдау Елағаңа бұ­йырды. Өйткені ол осы рөлге бе­кітілгеннен бұрын батыр бей­несін театр сахнасында ой­наған еді. Сондықтан оған бұл рөл аса қиындық туғызба­ды. Туындыда даңқты ердің тұлға­сы сан қырынан ашылған. Оның қаһармандығын, батырлығын актерлік шеберлікпен тамаша жеткізген. Құдды фильмнен Амангелді Имановтың өзін көр­ген­дей боласыз.

Екіншісі – 1966 жылы «Қа­зақ­фильм» киностудиясында тү­сірілген режиссер Шәкен Ай­ма­новтың «Атамекен» көр­кем фильмі. Мұнда Екінші дүние­жү­зілік соғыста Ленинград тү­бін­де қаза тапқан баласының сү­йе­гін іздеп тауып, туған же­ріне әкеліп қойғысы келген қа­рия­ның немересімен жолға шық­қандағы басынан өткен оқиғалар баяндалған. Сценарийді Олжас Сүлейменов жазған. Басты рөл­дегі қартты Елубай Өмірзақов ойнады. Жаумен шайқаста Ота­нын қорғап, мерт болған достарымен қатар жатқан ұлының қа­бірі ақсақалға терең ой салды. Фильмнен шүкіршілігі мол, сабырлы, байыпты, парасатты қазақ қариясының бей­несін танисыз. Кеңестік дәуірдің қырағылығы­на қа­ра­мастан ұлтымыздың болмысына тән дүниелер астармен берілген. Соны актер кейіп­ке­рінің табиғатымен, ішкі жан дүниесіндегі сезім арпалыстарымен тап баса білген.

Биыл театр, кино, музыка, қысқасы, өнердің қай саласында болсын айшықты ізі қал­ған біртуар актердің туғанына 125 жыл толады. Тұғырлы тұл­ғаның еңбегі көзі тірісінде мем­лекет тарапынан жоғары баға­ланып, КСРО және Қазақ КСР мемлекеттік сый­лығының лау­реаты атанды. Алғашқы Қа­зақстанның халық әртісі ат­а­­­ғын алды. Бастысы, Елубай Өмір­­зақов – өз алдына мектеп қалыптастырған актер. Бұл – са­наулы сахна саңлақтарының маң­­дайына жазылған бақыт.