Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында қасіретті қаңтар оқиғасы туралы айтқан деректеріне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Президент «Egemen Qazaqstan» газетіне кең көлемді сұхбат берді. Мұқият оқып шықтым. Мемлекет басшысы қасіретті Қаңтар оқиғасына байланысты біраз нәрсе айтыпты. «...Сондықтан бір нәрсені анық білуге тиіспіз. Бейбіт шеруге тыйым салынбайды, ал жаппай тәртіпсіздіктің кез келген түріне қатаң тосқауыл қойылады. Елімізде заң мен тәртіп қана үстемдік құруға тиіс. Бұл – мен үшін мызғымас қағида. Демократияның бесігі саналатын батыс елдеріне қараңыздар, ешкім де көшеде жаппай тәртіпсіздік жасаған, мемлекеттік органдарға шабуылдаған адамның маңдайынан сипап, өбектеп отырмайды.
Полиция жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушыларды, яғни биліктің заңды талаптарына қарсы шығуға үндеген, қару-жарақ әкеліп таратқан, жағдайды ушықтырып, адамдарды күш қолдануға, маңайдағының бәрін қиратуға, өртеп-талқандауға азғырған адамдарды анықтап, әшкереледі. Ал тәртіпсіздікке кездейсоқ қатысқан, білместікпен арандап қалған адамдардың бұзақыларға қатысы жоқ. Оларға менің бастамаммен рақымшылық жасалды. Бұған дейін сотталған 1205 адамның 1095-і осы рақымшылыққа ілікті. Ал жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырғандар мен лаңкестік әрекеті, мемлекетке сатқындығы, билікті күшпен басып алуға тырысқаны және басқа да ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталғандар жазасын толығымен өтейтін болады» деп бірқатар мән-жайдың басын ашып берді.
Ескі жүйені көксеушілер әлі де табылады. Олардың көбісі «майлы жілік» мүжігендер…
Халық Президентіміздің іргелі және түбегейлі реформаларын қолдап отыр. Кейінге оралудың жөні де реті де жоқ! Бұл бұлтартпас және бұлжымас қағида болуы тиіс!», деді Н.Жүсіп.