Өткен аптада Түркия төрінде қазақтың абыз аналары мен дана әйелдері бейнеленген ауқымды фотокөрме ашылды. Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығы мен «Sultan Magazine» қоғамдық-саяси және ақпараттық-танымдық журналы бірлесіп ұйымдастырған «Ұлы дала әйелдері» атты фотокөрме қазақ даласының тарихынан сыр шертеді.
Түркия жұртшылығының назарына ұсынылған көрмеде ұлтымыздың өнері мен мәдениетіне, рухани өмірі мен тарихына айрықша үлес қосып, ақыл-парасатымен ел есінде қалған ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының әжесі Зере, Домалақ ана, Айша бибі, Ұмай ана, Хиуаз Доспанова, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Томирис, Аққадын, Қыз Жібек, Гауһар, Күйші Дина сынды қазақ халқының тұлғаларының суреттері қойылды.
Ыстанбұлдың Үскідар ауданы әкімшілігі қолдауымен өткізілген іс-шарада көптеген халықаралық көрме, фестиваль, симпозиумдардың жүлдегерлері, суретшілер Зерде Бақытбек, Айткүл Тасмағамбетова, Әділғали Баяндин, Қайрат Жәйірбекұлы, Манас Қожақұлов, Нұрбек Жәрдемов, Жанұзақ Мүсәпірдің еңбектері ұсынылды.
Көрменің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Үскідар ауданы әкімдігінің өкілі Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығы мен басқа да ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, аталған іс-шараның екі бауырлас мемлекет арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың одан әрі нығаюына маңызды үлес қосатындығын атап өтті.