Қазақ халқының мәдени мұрасын ілгерілету мақсатында Қазақстанның Сербиядағы елшілігі серб тілінде қазақ ертегілерінің жинағын шығарды.
Қарлығаш туралы аңыздар, жануарлар дауы, Қаңбақ шал туралы қиял-ғажайып әңгімелер мен Алдар көсенің қулықтары, сондай-ақ, қазақ ертегілерінің әйгілі кейіпкерлерінің басқа да шытырман оқиғаларын енді кішкентай серб оқырмандары оқи алады.
Жаңа кітаптың тұсаукесері Жаңа жыл қарсаңында Белград қаласының балалар кітапханасында өтті. Қазақстанның Сербиядағы елшісі Мәди Атамқұлов балаларды кітаппен таныстыра отырып, елімізге қатысты қызықты фактілер туралы айтып, кішкентай оқырмандарға сыйлықтар табыс етті.
Кітапхана қызметкерлері Қазақстан тарихы мен мәдениеті бойынша интерактивті викторина өткізіп, сондай-ақ кітаптан бірнеше қазақ халық ертегілері оқылды. Алдағы уақытта қазақ ертегілері жинағының жүздеген данасы Сербияның кітапханалары мен мектептеріне таратылмақ.