• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 03 Қаңтар, 2024

Абай заманының кітапханасы

347 рет
көрсетілді

«Ойхой, Абай даласы «Абайлаған», Семей десе, Абай деп қарайды адам» деп Мұқағали ақын жырлағандай, ақынды осы тарихи қаласыз ойға оралту да, елестету де мүмкін емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен облыстың атауы ұлы ақынның атымен аталған соң, бұл шаһардың тарихи маңызы бұрынғыдан да күшейе түсті.

Одан бөлек, Семей қаласын­дағы көрнекті мәдени орындар­дың алдыңғы қатарынан көрінетін Абай облыстық кітапханасына ­таяуда 140 жыл толды.

Кітапхана тарихына қатыс­ты деректерде көрсетілгеніндей, оның іргетасының қалануына патшалық Ресей кезінде осылай қарай жер аударылған орыс де­мо­краттары себепші болған. Яғни XIX ғасырдың екінші жар­тысында Семейде жазасын өтеу­ге жіберілгендердің үлкен шоғы­рының келуі қаланың мәдени-рухани өміріне жаңаша әсер етті. Олардың дені жазасын өтеумен қатар өлке тарихын, қазақ дала­сының қалыптасу кезеңін зерттеу істерімен де айналысқаны сөзі­мізді тұздықтай түседі.

Мәселен, 1878 жылы Евгений Михаэлистің басшылығымен Семей қаласында ең алғашқы қо­ғам­дық мекеме облыстық Санақ комитеті ірге көтереді. Біртіндеп Михаэлис пен оның достары сол кездегі Семей губернаторы А.Про­ценкоға кітапхана ашу туралы ұсыныстарын жеткізген екен. Ұсыныс губернаторға ұнап, оны жүзеге асыруға белсене кіріседі. Сөйтіп 1883 жылдың 3 қазанында (ескіше 11 қыркүйек) саяси жер аударылғандар Е.Михаэлис, В.Фи­липпов, М.Суворцев, С.Гросс, заңгер А.Леонтьев, суретші П.Д.Ло­бановский және басқа да зия­лы қауым өкілдерінің ұйым­дас­тыруымен Семейдің қоғамдық кітапханасы ашылады. Жаңа меке­менің ірге көтеретіні туралы газетке хабарландыру беріліп, оған қала әкімдігінің шенеуніктері, шіркеу қызметкерлері, қала тұр­ғындары мен зиялы қауым өкілдері қатысқан.

Сөйтіп облыстық Санақ ко­ми­тетінің қамқорлығымен қыз­ме­тін бастаған көпшілік кітапха­на жеке ғимараты болмаған­дық­тан комитет жалға алып отыр­ған Большевладимир көше­сін­дегі (қазіргі Абай көшесі) И.Зем­ля­ницын үйінің бір бөлмесіне орналасады. Е.Михаэлисті құрмет тұтатын И.Земляницын оның өтінішін жерде қалдырмай, ата-анасынан өзіне мұраға қалған үйін кітапханаға жалға берген болатын.

Алғашқы жылы қоғамдық кі­тапхананың қорында 274 дана кітап болып, 130 оқырман жазылса, екі жылда пайдаланушылар саны 270-ке жеткен. Әр жылдары кітапханаға қала тұрғындары мен жер аударылғандар Н.Коншин, А.Блэк, генерал-губернатордың аса маңызды істер бойынша шенеунігі қызметін атқарған Әміре Айтбакин сияқты зиялы қауым өкілдері қайырымдылық көмек көрсетіп, оның іргелі мәдениет ошағына айналуына ықпал етті.

Бүгінде Абай облыстық кі­тапха­насында 39 кітапханашы ең­бек етеді. Олар кітапхана қыз­метінің келушілер ойынан шы­ғуына қызмет етуге әрдайым әзір. Кітапханаға ұлы Абай есімі 1992 жылдың желтоқсан айында берілген. Жыл сайын мұнда 18 мыңнан астам оқырман келеді.

«Ғалым Қ.Мұхамедхановтың сөзімен айтсақ: «Абай Михаэ­лис­пен бірге Статистика комитеті­нің жұмысына белсене араласады. Әсіресе Семей облыстық өлке­тану музейін ашу және қоғам­дық кітапхана ашу жұмысын ұйым­дастыру мәселесіне ат салысып, іс жүзінде көмек көрсетеді...».

Расында да Абай ғылым-бі­лім­ге құмарлығы, кітапқа деген ерек­ше ықыласы арқылы өзіне Михаэ­листей өмірлік досын тапқаны аян. Михаэлис Абайдың ең алғашқы іздену, шығармашылық қалыптасу кезеңінде, оған жол нұсқаушы, адамзат мәдениетінің хабаршысы есепті болды. Сондықтан ұлағатты ұстазы болған оны Абай өмірінің кейінгі шағында: «Дүниеге кө­зім­ді ашқан кісі – Михаэлис» деп ризашылықпен еске алып, алғы­сын білдіріп отырғаны белгілі. Ол туралы Кәкітай да: «Абай әлде бойына біткен өнерін жарыққа шығарып, білдіре алмай кетуге де болатұғын еді. Әгәрда 80-жылында жер аударылып келген Михаэлис деген білімді кісімен таныс болмаса... Бұл Гросс һәм Михаэлис Абайдыкіне қонақ болып келіп-кетіп жүрген. Абайдың ғылымға бетін түзеп жібермекке осы кісілер үлкен себеп болған...» деп ақынның тұңғыш шығармалар жинағына жазған естелігінде атап өтеді. Бұл ойды ғұлама ақынның замандасы, өлкетанушы, священник Б.Герасимов 1920 жылы жазған «Поездка в южный Алтай» жолжазбасында құптайды.

Сол Михаэлис арқылы Абай С.С.Гросс, А.Л.Леонтьев, Н.И.Дол­­го­половтармен таныса­ды. Олар Абайдың 40-тан асып, кеме­ліне келген, Шығыс, Батыс әдебиеті мен ойшылдарын жақ­сы білген, қоғамдық қызметке қызу араласып, толысқан шағында таныс болып, оның біліміне, пара­сатына тәнті болған. Олар Се­мейде жазасын өтеп қана қой­май, далалы өлкені зерттеу ісі­мен кең көлемде айналысып, қа­зақ тарихын, этнографиясын, құқы­ғын, салт-дәстүрін зерттеу жұ­мыстарына Абайдың ақыл-кеңе­сін басшылыққа алған. Білімге құ­мар Михаэлис өзі де көшпелілер әлемінен зор ынтамен көп нәрсе үйреніп, білді. Абай арқылы Шы­ғыс мәдениетімен сусындап, дала­лықтар дипломатиясы сырына қаныққан», дейді Абай облыстық кітапханасы директорының орынбасары Гүлмира Аязбаева.

Еуропалық дереккөзде алғаш рет Далалы өлкенің мәдени өмі­ріндегі кітапхананың рөлі мен дана ақынның Семейдің қоғам­дық кітапханасының тұрақты оқыр­маны екенін де жазып тарих­та қалдырған америкалық пуб­лицист Дж. Кеннан екені мә­лім болып отыр. Ол 1885 жылы сурет­ші Фрост екеуі сая­си айыпты­лар көп шоғырлан­ған Сібір өл­ке­сі­не жасаған арнайы сапарын­да Семейде болып, қала орта­лығындағы шағын ағаш үйде орналасқан кітапхана қорынан батыс ойшылдарының шығармала­ры мен әлемдік көркем әдебиет­тің тамаша үлгілерін көріп, А.А.Леон­тьевпен әңгімелесіп, кітапхана­ны жергілікті қазақтар да пайдала­натынын естиді.

А.Леонтьев Абайды үлкен ой иесі, дана адам, орыс әдебиетін жақ­сы меңгерген, ол ағылшын ойшыл­дарын мұқият зерделеп жүр деп жоғары бағалаған. «...Мен онымен екі мәрте әңгімелескенімде Дрепердің «Умственное развитие Европы» еңбегін жақсы игергенін білдім, сізді сендіре аламын», деп Дж. Кеннанды қайран қалдыра­ды. «Жақсыны көрмекке» ниетте­ніп, Абаймен кездескісі келгені­мен, сәті түспей кетеді.

Кеннаннан кейін өзінің кезекті саяхаты сапарында 1885 жылдың желтоқсан айында Семейде болып, кітапхана мен өлкетану музейімен асықпай танысқан орыстың әйгілі жиһанкезі Николай Михайлович Пржевальский кешкісін офицерлер залындағы мәжілісте: «Бұлар – көңіл аударуға тұрарлық мекемелер, осы мекемелер үшін мен қалаға алғыс айтамын және бұл мекемелердің алдағы уақытта онан сайын өркендей беруіне тілек­тестік ниетімді білдіргім келеді!» деп өз пікірін білдірген екен.

Ал Абай болса, кітапхана­ның осындай қазына қорымен та­ныс­қан сайын жаңа әлемге енгендей күй кешеді.

«2013 жылы кітапханамыз­дың 130 жылдық мерейтойы қар­са­ңында кемеңгер ақын Абай Құ­нан­байұлы оқыған әдебиеттер әлемін кітапхана пайдаланушыларына жүйелі таныстыратын «Абай­дың рухани орталығын» ұйым­дастырған болатынбыз. Ор­талықтағы XVIII ғасырдың соңы­нан басталып, XIX ғасырда және XX ғасырдың басын қамтыған 5000-ға тарта кітапханамыздың бай сирек кітаптары мен 27 000-ға жуық мерзімді басылымдарының қазына қорындағы асыл жауһарлар ғасырлар сырын бүгінгі күнге жеткізіп отыр. Қазақ тарихынан ақпарат беретін түркі әлемінің баға жетпес дерек көздері, ғалым­дардың зерттеулері «Учёные записки Академии наук Российской империи» (1853,1854), А.Хару­зин «Курганы Букеевской степи» (1890), қазақ жерін отарлау туралы – «Журнал совещания о земле­у­стойстве киргиз» (1907), «Ма­те­риалы по киргизскому зем­леполь­зованию» (1905), бай кен-қазбаларымыз туралы – «О золотых приисках Семипалатинской области», өлкеміздің аң-құсы, флора-фаунасы бейнеленген Се­мей географиялық бөлімшесінің «Жаз­балары...», Абай жайында де­рек­тер тіркеген облыстық Стат­комитет пен Бастауыш білім бе­ру қоғамының басылымдары мен ақын оқыған батыс ойшылдары Милль, Дрэпер, Спенсер еңбектері және орыс, Еуропа сөз зергерлерінің шығармалары кітапханамыздың төрінен орын алып, құнды мәдениет ескерт­кіштері ретінде сақталып тұр», дейді Абай облыстық әмбебап кітапханасының мерзімді және сирек басылымдар бөлімінің басшысы Жаңылгүл Әділбекқызы.

Өңір тарихында айрықша орны бар Абай облыс­тық әмбебап кітапханасы алдағы уақыт­та да талай белестерді бағын­дырады деп сенеміз.