Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында еліміздің дамуы мен болашағына бетбұрысын айқындап берді. Алдымызда биік мақсаттар тұр. Бұл – ел мүддесін қамтамасыз ету және отандастарымыздың экономикалық әл-ауқатын арттыру.
Осы орайда айтылған негізгі үш бағытқа тоқталғым келіп отыр. Біріншіден, еліміздің өркендеуіне жол ашатын бірқатар нақты міндетті шешу қажет. Сондай міндеттің бірі – ауқымды өнеркәсіп жобаларын жүзеге асыру. Бұл жобалар ірі бизнес өкілдерімен, институционалды инвесторлармен және сарапшылармен бірге пысықталып, нақты жұмыстар жасалынатын болады.
Тағы бір маңызды міндет – инвестицияларды тарту. Бұл міндетті орындауға жекешелендіру және активтерді қайтару науқандары да септігін тигізеді. Қомақты инвестиция болса, экономика қарқыны үдей түседі және жаңа мүмкіндіктер пайда болады.
Екінші, «Қазына қаражатына» деген көзқарасымызды өзгертіп, оны тиімді, жөнімен әрі үнемдеп жұмсауға тиіспіз. Бұл ретте мемлекеттік сатып алу ісін және мемлекет пен жеке сектордың серіктестігін реттейтін жаңа заңдар елеулі рөл атқарады. Осы құжаттар мемлекеттік сатып алу ісінің ашық болуын да қамтамасыз етеді. Сондай-ақ экономиканы дамытуға қажетті қаражат қорын қалыптастыруға септігін тигізеді.
Үшіншіден, өңірлердің өзекті инфрақұрылымдық проблемаларын шешу және тұтастай алғанда елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы сөз болды. Осы саладағы түйткілдер бір күнде аяқастынан пайда бола қалған жоқ. Оның бәрі жылдар бойы қордаланған мәселелер екендігі баршаға мәлім. Өңірлердегі жылу орталықтары мен басқа да құрал-жабдықтардың 80 пайызы әбден тозған. Өткен жылдарда коммуналдық шаруашылыққа салынған инвестиция бұл саланың қажетін өтеуге жеткіліксіз болды. Бүкіл Қазақстандағы инженерлік инфрақұрылымды толық жаңғырту – өте ауқымды әрі күрделі міндет. Бұл мәселелер біртіндеп шешіліп жатыр.
Әлемдегі экономикалық ахуал біздің елге де салқынын тигізетіні сөзсіз. Алайда кез келген қиындық жаңа мүмкіндікке жол ашады. Экономиканың өсімін ынталандыру шаралары мен құрылымдық реформалар қатар жүруі керек. Нақтырақ айтсақ, кәсіпкерлік пен бәсекені дамыту, жекеменшікті қорғау, әділ сот төрелігі болуы өте маңызды. Сонда ғана көздеген мақсаттарымыздың бәріне қол жеткізіп, белгіленген мерзімде ұлттық экономика көлемін екі есе ұлғайта аламыз.
Сүйіндік АЛДАШЕВ,
Сенат депутаты