Орал қаласында екі қабатты дәмханада жарылыс болып, төбесі мен бір қабырғасы құлап түсті. Арнайы құтқару қызметі 6 адамды құтқарып, оның бесеуі ауруханаға жатқызылды. Үйінді астынан үш адамның денесі табылған.
4 қаңтарға қараған түні 02:07 сағат шамасында Орал қаласы, Сырым Датұлы көшесінде орналасқан дәмханада газ жарылғаны туралы хабарланды.
Оқиға орнына құтқару қызметі жедел жетіп, зардап шеккендерге көмекке ұмтылды. Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті, полиция, жергілікті атқарушы органдар мен жедел медициналық жәрдем күштері, барлығы 190 адам және 50 техника жұмылды. Сағат 02:40-та өрт сөндірілді. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев арнайы келіп, оқиғаның барысымен танысты. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар мен төтеншеліктер істің мән-жайын анықтап жатыр.
Айта кетейік, жарылыс болған «Rizyq» дәмханасы екі қабатты, жоғарғы қабаты темірбетон конструкциядан жасалған. «Жарылыс болғанда кафенің оңтүстік қабырғасы мен төбесі құлап түсті. 25 шаршы метр аумақта өрт болған, құтқарушылар осы жерден екі адамның отқа күйген мәйітін тауып шығарды. 6 адам «Жедел жәрдем» қызметіне тапсырылып, оның бесеуі ауруханаға жатқызылды. Оқиға орнынан 50 литрлік газ балонын біздің қызметкерлер қауіпсіз жерге шығарды», деп хабарлады БҚО ТЖ департаментінің бастығы Ернұр Өтегенов.
Оқиға болған дәмхананың дәл іргесіндегі 5 қабатты тұрғын үйдің терезе әйнектері сынған. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ қоғаммен байланыс департаменті «жарылысқа газ баллоны себеп болуы мүмкін» деген алдын ала болжам айтып отыр.
Қазір жарылыс салдарынан зардап шеккендерге тиісті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Жарақат алған 5 адам Оралдағы көпбейінді қалалық ауруханаға жатқызылған. «2 ер адам және 2 әйел адам жансақтау бөлімінде. Бір ер адам травматология бөлімінде», деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Тоқсановтың айтуынша, жансақтау бөлімінде жатқан екі ер адам – Өзбекстан азаматы, екі қыз бала – өз елімізден. Олар жабық бас-ми жарақатын және 15-52 пайыз күйік жарақатын алған. «Олардың жағдайы өте ауыр», деді Ерлан Виленұлы. Бір адам беті мен мойын тұсы күйіп, аурухананың жарақат бөліміне жатқызылған. Тағы бір азамат дәрігердің тексеруінен кейін амбулаториялық ем алу үшін үйіне жіберілді.
Түстен кейін құтқарушылар жарылыс болған ғимараттың орнын тазалау кезінде үйінді астынан тағы бір адамның денесін алып шықты. Марқұмдардың кім екендігін анықтау үшін мәйіттер сот-медициналық сараптау орталығына жіберілді. Апаттық-құтқару жұмысы соңына дейін жүргізіледі. Оқиға орнына иісшіл иттер де әкелінген. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің туыстарына дәрігерлік, психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.
Батыс Қазақстан облысының әкімі мәселені бақылауда ұстап отыр. Облыстық Төтенше жағдай департаментіне және Денсаулық сақтау басқармасына тиісті тапсырма берілген.
Батыс Қазақстан облысы