Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында қоғамдағы іргелі сұрақтарға байыпты, салиқалы жауап берілген. Ішкі, сыртқы саясат, экономикалық өсім, адам капиталын дамыту, идеология саласы, Қаңтар оқиғасы, қосарланған билік, отбасылық зорлық-зомбылықпен күрес, петиция заңы, кадрлық саясат мәселелері қозғалыпты. Әр тақырыпты тарқатуға және кеңірек кешенді түрде қарастыруға болады деп ойлаймын.
Мемлекет басшысы биылғы Ұлттық құрылтай көктемде өтетінін айтты. Идеология саласындағы көптеген мәселенің шешімін талқылайтын Ұлттық құрылтай бүгінде сындарлы диалог платформасына айналғандығы қуантады.
Президент тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатаңдатуды қолдайтынын айтты. Былтыр отбасындағы тұрмыстық құқық бұзушылықпен күрес тәсілдері жетілдірілді, мұндай қылмыстар үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік едәуір күшейтілді.
Отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстардың алдын алу үшін нақты шаралар қолға алынды. Әйелдер мен балаларға жасалған зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстарды тергеумен енді әйел тергеушілер айналысады. Ішкі істер органдарында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғаумен шұғылданатын мамандардың штаты қалпына келтіріліп, олардың құзыреті күшейтілді. Енді қоғамда озбырлық пен зорлық-зомбылықтың кез келген түрін айыптайтын құқықтық сана-сезім қалыптастыру керек.
Мемлекет басшысы елімізде «заң мен тәртіп» қағидатының орныға түскенін қалайтынын айтты. Сондай-ақ қоғам нормалар мен ережелердің және жалпы адамзатқа ортақ құндылықтардың аяқасты болуын қатаң айыптап, онымен бірлесе күресуі керек екенін айтты.
Өздеріңізге белгілі, Мәжілістің депутаттары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауын жүзеге асыру аясында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің жаңа әрі тиімді шараларын қарастыратын заң жобасын әзірлеген болатын. Құжатта отбасы жағдайында ұрып-соғу немесе басқа да зорлық-зомбылық әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізу көзделген.
Сондай-ақ әйелдердің денсаулығына жеңіл зиян келтірілсе де қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Отбасылық зорлық-зомбылық орын алған жағдайда агрессорды үйден шығару қарастырылған. Қазір керісінше жәбірленуші әйел мен бала үйден кетеді. Харассмент үшін жауапкершілікке тартылады. Педофилия үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру, басқа баламалы жаза қабылдамау көзделген. Бұған дейін педофилия үшін сотталып, кейін бостандыққа шыққандарға соттылығы жойылғанына қарамастан өмір бойына әкімшілік қадағалауды енгізу ұсынылады. Олар құқық қорғау органдарының бақылауында болуы шарт.
Мәжіліс заң шығарушы орган ретінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресте заңнаманы жетілдіруде азаматтық қоғам өкілдерімен бірлесе отырып, Президенттің тапсырмаларын орындауда тиімді жұмыстар жасауға әзір. Дегенмен, қабылданған заң нормаларын орындатуды қоғам болып күшейтуіміз де қажет. Заң мен тәртіп қағидаты Қазақстан қоғамының идеологиялық және саяси темірқазығына айналуға тиіс деп ойлаймын.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін шешу қоғамның барлық деңгейінде бірлескен күш-жігерді қажет етеді. Басты міндетіміз – күшті заңдар қабылдау, зардап шеккендерге қолдау көрсету үшін жағдай жасау және ең негізгісі, отбасылық зорлық-зомбылықтың кез келген түріне мүлдем төзбеушілік ұстанымын қалыптастыруда қоғаммен жұмыс істеу.
Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА,
Мәжіліс депутаты