Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген ауқымды сұхбатында айтылған әрбір сөйлемде жұрттың жайы, елдің қамы сөз болған. Президент болашаққа үлкен үміт артып, Қазақстанның келешектегі кейпін кеңірек сипаттауға назар аударған.
Біріншіден, ұлттық болмысымыздың жаңаруы, ұлттық санамыздың жаңғыруы, еліміздегі жүргізілген кейінгі бес жылдағы саяси реформалардың мән-маңызы сараланған. Мұның азаматтардың құқықтық санасы мен саяси белсенділігінің артуына әсер еткендігіне де кеңірек тоқталған. Шын мәнінде өткен жылы елімізде және сыртқы саяси бағдарымызда көптеген елеулі өзгеріс болды. Кезектен тыс өткен Мәжіліс пен мәслихат сайлауының ерекшелігі көп. Бұл еліміздегі сайлау жүйесіндегі өзгерістердің іс жүзінде жүзеге асқанын көрсетті. Айталық, аралас сайлау жүйесінің жемісін бүгіннің өзінде көре бастадық. Президенттің саяси реформаларының жалғасы ретінде жергілікті өзін өзі басқарудағы мәслихаттардың құзыреті кеңейді. Партия филиалдары төрағасының әкімдіктен бөлініп, жеке-дара саяси институт ретінде дамуы және азаматтардың өзін өзі ұсынуға мүмкіндік алуын да үлкен саяси жаңалық ретінде қарастыруға болады. Сонымен бірге қанатқақты жоба ретінде қолға алынған әкімдердің сайлауы елдегі саяси реформаның қадам-қадаммен жүзеге асырыла бастағанын аңғартады. Бұл елдегі демократиялық үдерістердің қарқынды дамуына жол ашты.
Заңнамалық жүйедегі елеулі өзгеріс – елдің әрбір азаматына тікелей қатысы бар Қазақстан балаларына арналған ұлттық қор туралы құжатқа, сондай-ақ шетелдегі активтерді қайтарту туралы заңға қол қойылды.
Президент айтқандай, сыртқы саясатта да тиімді әрі салиқалы ұстаным арқылы ұлттық мүддемізді қорғап, стратегиялық маңызды міндеттерді орындауға бағыт ұстанып отырмыз. Мемлекет басшысы өткен жылы 20-дан аса елге ресми сапармен барды, біздің елге де сол шамадағы мемлекет басшыларының сапарлары ұйымдастырылды. Бұл Қазақстанның халықаралық алаңда өзіндік орны бар екенін көрсете алды. Мемлекет басшысы осындай халықаралық басқосуларда аймақтық саяси-экономикалық, қауіпсіздіктен бөлек, ғаламдық мәселелерді шешуде де өз үлесін қосып келеді.
Сондай-ақ сұхбатта елдің биылғы даму жоспарына да басты назар аударып отыр. Ұлттық құрылтайды көктемде өткізу туралы айтты. Елдің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық бағдарларын құрылтайдың қабырғасында ерте бастан саралау туралы ой тастады. Яғни күзде Президент Жолдауымен шыққан болса, Ұлттық құрылтай арқылы елдің даму бағытын тағы да бір шегелеп алуға ниетті екенін танытып отыр.
Қаңтар оқиғасының себеп-салдарынан да сабақ алуымыз керек. Бұл үшін, Президент айтқандай, заң мен тәртіп үстемдігін орнату – демократиялық Қазақстанның басты қағидаты болуы қажет. Осы тұрғыдан алғанда қазірдің өзінде жаңа заңдар қабылданып жатыр. Елдегі азаматтардың саяси өмірге кеңірек қатысуына мүмкіндік беру керек. Үкіметке жауапкершілік жүктеп, аймақтардағы ахуалды реттеуге зор мүмкіндік туғызуға болады. Қоғамдағы түйткілді мәселелер төңірегінде таратып айтқан Президент АЭС салу халықтың шешімімен жүзеге асу қажет екеніне де тоқталды. Ал тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң қаралып жатқанын жеткізген Мемлекет басшысы, бұл тақырып қоғамның назарында ғана болмай, қоғам сөгетін, қабылдамайтын нормаға айналу қажеттігін айтты. Жалпы, бұл маңызды сұхбат бізге болашақтың бағдарын анықтап, елдік мәселеде тізе қосып қарекет қылатын уақыттың жеткенін көрсетіп берді.
Қазбек МАЙГЕЛДИНОВ,
Ұлттық құрылтай мүшесі