Индонезия астанасы Джакартада қаңтар айының 5-18 күндері аралығында нысана көздеуден лицензиялық Азия чемпионаты өтеді. Спортты дамыту дирекциясы мәлім еткеніндей, бұл – жаңа жылдағы алғашқы лицензиялық жарыс, деп хабарлайды Egemen.kz.
Байрақты бәсекеде Париж олимпиадасының 16 жолдамасы сарапқа салынады, оған 29 елдің 380 таңдаулы мергені қатысады.
Аталған дүбірлі додаға аттанған Қазақстан құрамасы сапындағы 21 спортшының 7-еуі винтовкада, 10-ы тапаншада, 4-еуі жылжымалы нысана көздеуде сынға түседі.
Әзірше еліміздің қоржынына былтыр салынған Париж олимпиадасының 3 жолдамасы (Ислам Сатпаев, Арина Алтухова, Константин Малиновский) бар.
Нысана көздеуде лицензия спортшының жеке өзіне емес, Ұлттық федерацияға беріледі.